Өрт сөндірушінің бір күні

Әдетте, көп дүниенің қадір-қасиетін жіті бағамдамай, жүрдім-бардым қарап ескермейтініміз бар. Әсіресе, қызметі ауыр сала мамандарының еңбегі лайықты бағаланбай жатады. Ерекше қажыр-қайрат пен шыдамдылықты талап ететін мамандық иелері – өрт сөндірушілер. Олар жазғы аптап пен қысқы қытымыр шақта сәл нәрседен тұтанып, бой бермейтін тілсіз жаудың жолын кесіп, қауіптің алдын алу үшін уақытпен санаспай еңбек етеді. Басын қатерге тіге отырып, тәуекелден тайқымайтын жауынгерлердің қызмет барысы, тыныс-тірлігімен танысу үшін «Самал» шағынауданындағы №13 өрт сөндіру бөлімінің жұмысын көзбен көріп қайтқан едік.

Тәртіп бекеттен басталады

57d24924 9b45 4608 bacc 22d3ea50dc73

Күн ұясынан шықпай тұрып, өрт сөндіру бөлімінің төңірегіне жақындағанда, пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған бөлімнің кең қоршаулы аумағы назарымызды өзіне аудара берді. Төрт қабатты жаңа ғимараттың шарбағында спорттық көрсеткіштер (норматив) мен дене шынықтыруға арналған жабдықтар (дуал, бум), жаттығу мұнарасы, 100 метрлік кедергі жолағы, шағын футбол, баскетбол алаңдары, тіпті балаларға арналған ойын құрылғылары да жасақталған. Бөлім аумағында бақылау-өткізу бекеті (КПП), автотұрақ, өрт сөндіру шүмегі (гидрант), төрт қабатты оқу мұнарасы да сақадай сай. Күнделікті өмірде өрт сөндіру бөлімі десе, көз алдымызға өңі кеткен, ескі силикат кірпіштен тұрғызылған, есіктері арзан пішінді қаңылтырмен (профлист) қапталып, жарылып жатқан қабырғасын темір бөлшектерімен балқытып біріктіре (сварка) салған ғимараттар елестейтіні шын. Ал бұл депо жаңа шағынауданға айрықша көрік беріп, көзге жылы ұшырайды. Қызмет көрсететін аумағы 21 шақырымдық (қаланың еуропа беті) өрт сөндіру депосы халық саны мен қаланың өсуіне байланысты қажеттіліктен салынған.

Былтырдан бері есті алған індет биыл да оңай соқпай отыр. Сары белгіден секем алып, жасыл аймақта көңіл орнығып келе жатқанда, қызыл аймаққа енуіміз індеттің іргеде тұрғандығынан хабар бергендей. Осыған байланысты да өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бекетке кіреберістен-ақ, бетперделерін түгендеп, сақтық шараларына ден қойған.

Бақылау-өткізу бекетінен қара қоңыр, жасыл сары түсті камуфляжын үйлестіріп, басындағы қара бөркін бастыра киген қызметкерлер редакциядан екенімізді білген соң, жылы жүзбен қарсы алды. Іштегі тәртіптің реттілігі бірден көзге түседі. Таңертеңгі 8 сағат 30 минутта қарауылдардың ауысым уақытына үлгеріп келгеніміз сол-ақ екен, бөлім бастығының пәрменді дауысынан бөлім іші тына қалды.

– Саптал!.. Түзел!.. Тік тұр!.. Сәлеметсіздер ме, өрт сөндіруші мырзалар!

– Саулығыңызды тілейміз, капитан мырза!

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалсын!..

Жүрекке жылы ұялап, кеудеге намыс пен жігер құятын Әнұранды қосыла шырқаған қызметкерлер бөлім басшысының таңертеңгі таралымға рұқсатынан кейін кезекші құрам жұмыс барысында пайдаланатын өрт-техникалық жарақтарын алдыңғы кезекші құрамнан қабылдап алып жатты.

9f59b90c 02cb 4667 9d5e 7b4eed08beca

Әр ауысым сайын өрт сөндірушінің үстінде 3,5 келі жауынгерлік киім, тыныс алуға арналған 12 келілік драгер аппараты, панорамалық маскасы, өрт белдігі (пояс) мен балтасы, басына киетін дулығасы (каска), басы темір резеңке етігі (берцы) – барлығы 25 келі болатын жарақ сақадай сай болуы керек. Оған қоса киімнің жинақылығы мен тазалығы, тіпті қызметкерлердің желке шашының тегістігі де ерекше ескеріледі екен.

Депо ішін көзбен көру тіптен бөлек әсер береді. Құрыштай қайратты ерлердің тындырымды еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалған. Мәжіліс және жаттығу залдары, жуынатын және психологиялық тынығу бөлмелері жабдықталған. 40 адамдық жатақхана, 7 қызметтік пәтер, асхана, себезгі (душ) кабиналары, кең бөлмелер, 30 адамға арналған оқу сыныбы да лайықталып жасалған. Өрт сөндіру бөлімінің «жүрегі» – байланыс пункті, онда өрт оқиғалары, апатты жағдайлар туралы түрлі хабарлама келіп түседі.

«Жігіттің түсін айтпа, ісін айт» демекші, кезекті ауысымды ойдағыдай аяқтап, үйіне жинақталып жатқан алқызыл түсті өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Ризабек Өтешқалиевті сөзге тарттық.

– Біздің міндет – хабар түскен соң өрт болған жерге жеке құрамды жол ережелерін сақтай отырып, аман-есен жеткізу. Сондай-ақ өрт орнында автокөлікте судың, жанармай мен көпіршіктің (пена) бітіп қалмауын үздіксіз қадағалап, су деңгейін бөлімше командиріне баяндап отыруымыз керек. Өрт кезінде автокөліктің техникалық қызмет көрсетуін, әсіресе сорғының тұрақты жұмыс жасауын уақытылы қарау талап етіледі. Жұмысты бөлімше командирінің нұсқауымен атқарып, қосымша көмек керек болса ескертеміз. Автокөлікке қажетті керек-жарақ көп. Көліктің қозғалтқыш бөлігі, жарық шамдары, жең жалғағыш кілттер, дәрігерлік қобдиша – барлығы да біздің қызметтегі негізгі элементтер, – дейді көлік жүргізушісі.

Бөлімдегі жігіттердің дені әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтар. Сондықтан олардың темірдей тәртіпті жатсынбайтындығын аңғардық.

Қауіпсіздік – басты орында

Басты талаптың бірі – қауіпсіздік техникасының журналына қол қойып, өрт сөндірушілер қатарына мен де қосылдым. Жігіттердің жұмыстарын көзбен көріп, уақытты тиімді өткізу үшін камуфляжымның сыртынан жауынгерлік киімді кигенде, оның да киіп-шешуінің дағдысы бар екенін түсіндім. Тәртіп бойынша кимесең, дабыл кезінде уақыттың да еркелетіп күтіп тұрмайтыны белгілі. Қарауылдар ауысқан кезде, қызметкерлердің денсаулығы, қызмет бабындағы құжаттарының түгел болуы, бөлімнің тазалығы, барлығы дерлік ескеріледі екен.

Бөлімде 4 қарауыл ауысым бойынша жұмыс істейді. Өрт сөндіру бөлімінің  кезекші қарауылдарының күн тәртібі де жолға қойылған. Бекітілген кестеге сәйкес сабақтар жүргізіледі.

Көкшетау техникалық институтының түлегі, қарауыл бастығы Расул Кәримоллаевтың айтуынша, жеке құрамның біліктілігін арттыруда сабақтардың алар орны ерекше.

– Әсіресе, ойын-сауық орындарындағы өрт сөндіру, мұнай зауыттарындағы, көпшілік жиналатын орындардағы өрт сөндіру тактикаларын үйретеміз. Өрт сөндіру даярлығы нормативі, газ-түтінінен қорғау қызметі, тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдары туралы сабақтар өткізіліп тұрады, – дейді Расул Еркінұлы.

Оқу сыныбында негізгі құрамнан бөлек, жаңадан келген жас мамандармен де тілдесіп, оқу үлгерімі мен практикалық дайындығы жөнінде білдім. Жұмысқа түгелге жуық өз қалауымен келіпті. Бірі әскер қатарынан оралған, енді бірі арнаулы білім алған соң қызыққан.

Бірнеше жылдық тәжірибесі бар өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Эльдар Жонисов, аға өрт сөндіруші Кәрім Жеңісбек екеуі күн тәртібіне сәйкес өрт сөндіру депосы, газ-түтінінен қорғау қызметі нормативтерін орындап, тапсыруға кірісті. Жеке құрам бөлімнің ауласында өтетін бұл сыннан да сүрінбеуге тырысып бақты.

Жауынгерлер өздерінің міндетті жұмыстарын түсіндіріп, арнайы жабдықтарды таныстырды. Тосын келген адамға жауынгерлердің қарқынына ілесу оңай емес. Күн райының қара суығы қолайсыз тиген соң, қарап тұрмай күшіме мініп, нұсқаушының пәрмені бойынша ауладағы дуалдан өтіп көрдім. Бір-екі рет жай адымдап келіп секіргеннен нәтиже болмаған соң, жылдамдықты күшейтіп секіріп өте шықтым. Спорттық буммен жай жүріп өту оңай болғанымен, оқу мұнарасына сатымен көтеріліп шығу да табандылықты қажет етті. Су себетін түтікпен (рукава) жүгіргенде, оны жинаудың да өзіндік тәртібі бар екенін білдім.

Осы салада 13 жылға жуық қызметте жүрген бөлімше командирі Файзолла Әбішев жаңа бөлімге №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен ауысып келіпті. Сөзі мен ісі қабысқан азамат ұжым алдында да беделді. Жас маманға білімі мен тәжірибесін үйретуден жалыққан емес. Әскерден оралғаннан бері тапжылмастан осы салада еңбек етеді.

a53300a8 7783 4021 901e 2fbf0fff5a1a

– Өрттің тұтануы көбінесе қауіпсіздікке немқұрайдылық танытудан болады. Бұл жөнінде үнемі айтылып келе жатыр ғой. Бірақ соны ешкім сақтамайды, тіпті кейде біле тұра қасақана жасағандай болады. Бізге жүктелген талап – адам өмірін құтқару. Бірде Вокзал маңындағы 3-шағынауданда көп пәтерлі үйдің екінші қабатынан өрт шыққаны туралы хабар түсті. Жедел жиналып, үш аяқты сатымен балкон арқылы терезеден түстік. Сөйтсек, пәтерде екі бүлдіршін қалып қойған. Ата-анасы газ плитасын қосып, сөндіруді ұмытып кетіпті, – деген бөлімше командирі үйде жарылғыш заттардың бар-жоғын тексеріп, қауіптің алдын алатынын да айтты.

Қызметкерлер жұмысын функционалдық міндетке сай адал атқарады. Бөлімге жаңадан келген қызметкерлерге қойылатын талап та күшті. Оларды әп дегеннен өрт болған жерге жібермейді. Олардың саулығын, күш-қабілеті мен қара күшін жан-жақты тексеріп қабылдайды. Үйретіп аяқ алысын бақылайды, практикалық даярлығын пысықтайды. Қазір бұрынғыдай емес, жоғары білімі болса жеткілікті, әскерге бармаса да мекемеге жұмысқа қабылдайды. Бөлім жаңадан ашылған соң ба, әйтеуір жұмысқа кіруге талаптылар да көп.

Біз барған бөлімнің ауысым қарауылында қарауыл бастығы, бөлімше командирі, 3 аға өрт сөндіруші, 1 өрт сөндіруші, 2 жүргізуші, 1 радиотелефонист қызмет атқарады екен.

– Кейбір жағдайда тұрғындар тарапынан өрттің шығуы туралы хабарлама дұрыс жетпей жатады. Көлік кептелістерінде алдыңғы көліктер жол бермей, кешігіп қалатынымыз рас. Оның үстіне су толы ауыр көліктің тоқтауы да қиынға соғады. Өрт ошағына жеткенше уақыт жоғалтып жататын жайттар да болады. Қарапайым қалың бұқара мұны түсінбейді ғой. «Самал» шағынауданында элиталы үйлер болғандықтан, көбінде өртке қарсы дабыл жүйесі қондырылған. Барлық нысандарға да осындай дабыл жүйелері қондырылса жақсы болар еді. Бұл өрт сөндірушілер үшін көп көмек, – дейді бөлім бастығы Айбек Құспанғалиев.

Бөлімдегі 15 жас маман өрт сөндірушілерді даярлайтын Көкшетау техникалық институтының Ақтөбе қаласындағы оқыту орталығы арқылы онлайн түрде білімдерін жетілдіріп жүр. 20 өрт сөндіруші, 12 көлік жүргізуші, 8 аға өрт сөндіруші, әрқайсысы 4-еуден қарауыл бастығы, бөлімше командирі мен радиотелефонист те бар. Барлығы 54 қызметкердің жауапкершілігі бөлім бастығы мен оның орынбасарының мойнында. Осының барлығын 10 автотехника қамтамасыз етеді. Енді биік нысандарға шығуға арналған автосаты да алынбақ.

Өрт сөндірушілер түскі астан кейін, психологиялық жеңілдеу уақытында бір сағаттай дамылдап, үзіліс жасайды. Бірақ бұл олардың алаңсыз демалуы деген сөз емес. Кез келген уақыттағы дабылға құлақтары түрік, көңілдері сергек болуы шарт. Спорттық іс-шараларға уақыт бөлінеді. Жауынгерлер әркез үздіксіз дайындықта жүреді, бос уақыт деген атымен жоқ. Еңбек және демалыс жағдайын жақсарту үшін жеке құрам әкімшілік-шаруашылық шаралары, нысандарды жедел-тактикалық зерделеу, алдын-ала жоспарланған құжаттарды өңдеумен шұғылданады.

Ал кешкі астан соң техника, өрт-техникалық жарақтар мен жабдықтарға күтім жасап, мәдени шаралар, жеке құрамды ақпараттандыру, телерадио жаңалықтарын тыңдап, жеке қажеттіліктеріне уақыт арнайды. Олар түнгі кезекте де аумақтағы материалдық-техникалық базаға толық жауапты.

Атыраулық өрт сөндірушілер тек қала немесе облыс аумағында қызмет етпейді. Қажет болса, Ақтау, Орал секілді өзге өңірлерге де көмекке барып тұрады. Өйткені олар жартылай әскери жағдайда жұмыс жасайды, темірдей тәртіпке де үйренген. Автокөліктер мен жатын бөлмелердің айнадай таза болуы, сенбілікке шығып, бөлімнің төңірегін жинақы ұстау – қызметкерлердің міндеті.

– Бұрын өртті ауыздықтау кезінде шиферді сындырып кіру әлдеқайда жеңіл еді. Қазір үйлердің шатырын пішінді қаңылтырмен жабатындықтан, өрт кезінде жедел әрекет етуге қиындық көп. Бір адамның шамасы жетпейді. Өрт ауқымы үлкен болса, департамент басшылары да оқиға орнына келеді. Бөлім қызметкерлері айына 7-8 рет ауысымға шықса, күшейтілген тәртіп кезінде үш ауысымға дейін шығуға тура келеді. Жуырда жас қызметкерлерді ынталандыру мақсатында бөлімнің 100 метрлік кедергілер жолағында кроссфит жарысын өткіздік. Қызметкерлер үлкен автокөліктің дөңгелегін аударып, ауыр зілтемірлер көтеріп, автокөлік сүйреп, күш-қайратын сынға салды. Жүлдегерлер жетістіктеріне қарай марапаттарға ие болды, – дейді бөлім бастығы Айбек Нұрбекұлы.

Бұрынғыға қарағанда, өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базалары жыл сайын жаңартылып тұрады. Қазір облыс бойынша 12 мамандандырлған, 1 өрт сөндіру бөлімі бар. Біз барған бөлім де соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған, кез келген жағдайға сақадай сай. Адам көп шоғырланатын жерлер, сауда орындары мен базарларда тактикалық жаттығулар, шұғыл әрекет ету жасағының саптық байқауы да өтіп тұрады.

Әрине, өрт сөндірушілердің жұмысы өте жауапты, халыққа қажетті қызмет. Сондықтан олар тек өз қауіпсіздігі емес, өзгелердің де амандығын сақтауға міндетті.

Күн ауып, кеш батты. Өрт сөндірушілермен бірге өткізген күн де аяқталды. Айрықша қажырлылық, күш пен қайрат, жігерлі әрекет пен жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмыс барысымен танысып, ерекше әсер алдым. Қарауылдың бұл түнгі кезекшілігі де тыныш өтті. Жалынды жастардан құралған №13 өрт сөндіру бөлімінің таңмен таласып басталған тынымсыз тірлігі келесі ауысым қарауылына тапсырылып жатты. «Халықтың игілігіне қызмет етіп, алғысына бөлене беріңіздер» деп, біз де қоштастық…

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз