Қызылқоғаның 413 мың гектар жері Мақат ауданына беріледі
Atr.kz/19 наурыз, 2020 жыл. Бұл туралы Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали айтты.
– Мақат ауданының 80 пайыздайы сорлы жер. Ол мал шаруашылығын өркендетуге қолайсыз болып тұр. Сондықтан, ауданның жер телімін өсіру қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Қызылқоғаның аумағынан 413 мың гектар жерді Мақат ауданына беру мәселесі қарастырылуда, — деді сұхбаттасушымыз.
Бүгінде берілетін жердің көлемі нақтыланып жатыр. Осы айдың соңында рәсімдеу құжаттары Қызылқоға, Мақат аудандарына жіберіледі. Олар жергілікті мәслихаттарда қаралып, өкілетті орындармен келісе отырып, екі аймақ келісімге келеді. Соңында облыс әкімінің қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі шығуы тиіс. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.
Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының айтуынша, Қызылқоға аумағында жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтары аталған өңірде тіркелген. Дегенмен, оның біразы Мақат ауданының тұрғындары.
Азамат БАЗАРБАЕВ