Қызылқоғада әлем және Азия чемпиондары марапатталды
Қызылқоға ауданы үшін спорт саласы бойынша биыл жеңісті жылдардың бірі болды. Себебі ауданның жаттықтырушылары мен спортшылары үздік жетістіктерге жетіп, облыстық, республикалық, әлемдік додаларда жүлдегер атанды. Осындай азаматтарды ұлықтау мақсатында «Спорт саласының үздіктері-2023» атты қорытынды марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Іс-шарада аудан әкімі Қанат Әзмұханов құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің көк байрағын желбіреткен Әлем және Азия чемпиондарын, спортшылар дайындап, олардың түрлі додаларда жақсы нәтиже көрсетуіне үлес қосқан жаттықтырушыларға алғыс хат табыстады.
Олардың ішінде Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен гір тасын көтеруден Әлем чемпионы Ришат Ғалиахметов, Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен ардагерлер арасында дзюдо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бүркіт Орынбасаров, Кемел Тоқаевтың 100-жылдығына арналған әлем кубогінде қазақ күресінен 55 кг салмақ дәрежесінің жеңімпазы Бекет Жүніс, осы кубокте 66 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған Нұрболат Ізімғалиев, Астана қаласында өткен Әлем кубогында джиу-джитсудан 1-орын иегері Ертарғын Қоңыр, осы кубокте күміс жүлдегер атанған Мейрам Мұрат, осы кубоктің қола жүлдегері Нұрсәт Арманұлы бар.
Сондай-ақ Астана қаласында өткен самбо күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Жандос Тлекбаев, сурдодзюдодан есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қырғызстан елінде өткен Азия чемпионатының 1 орын иегері Ерсін Болат, дзюдодан Азия кубогінің 3 орын жүлдегері Дамир Асылбек, Ташкент қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ерхан Мұрат марапатталды.
Жыл ішінде спортшыларды дайындап, олардың түрлі додаларда жақсы нәтиже көрсетуіне үлес қосқан жаттықтырушыларға да құрмет көрсетілді. Олардың ішінде Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Серік Меңдешев, Ертай Ерғалиев, Жомарт Есетов, Айбол Ысқақов, Сағыз балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Сәлімгерей Нұрболғанов, Еркін Тұрғанов, Аманжол Бекбаулиев, «Ұлан» балалар-жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушысы Ринад Қабдолов бар.
Іс-шарада республикалық және облыстық жарыстардың 23 чемпионы мен жүлдегерлері де марапатқа ие болды.
Сонымен қатар Қызылқоға ауданында аула клубтарын дамыту бағытында үлкен жұмыстар ұйымдастырылып, соңғы жылдары көшеаралық лига өткізу дәстүрге айналған. Осы жылы өткен көше лигасының ауқымы кеңейіп, ауданға қарасты алыс-жақын округтерден командалар қатысты. Олар ерлер мен әйелдер арасында волейбол және Миялы ауылы бойынша футбол лигаларынан сынға түскен болатын. Аталған лигада командалық есепте жеңіске жеткен 1 орын иегері Тайсойған командасы, 2 орын иегері Телевышка-Дидар командасы, 3 орын иегері Жангелдин командасы салтанатты шарада марапатталды.