СУ СОРҒЫСЫН ЖАСЫРЫН ҚОСЫП, көршілерін жылусыз қалдырды

780110ca4bf0780f7ece82bf6b2657a5 Жаңалықтар

Atr.kz/6 ақпан, 2020 жыл. Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында Нұрсая мөлтекауданындағы көпқабатты үйлердің бірнеше пәтерінде су сорғыларының заңсыз, жасырын түрде жылу жүйесіне қосылғандығы, соның салдарынан көршілерінің жылусыз қалғандығы анықталған.

Мұндай жағдайдың әшкереленуіне тұрғындардың пәтерлерінің жөндеп жылынбай тұрғандығы туралы әкімдікке арыздануы себеп болған. Мәселенің мән-жайын біліп, зерделеу мақсатында, қала әкімінің орынбасары Ринат Жанғылышевтің тапсырмасына сәйкес, мүдделі құрылымдар өкілдерінің қатысуымен жедел кеңес өткізілді.

«Қалалық тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің директоры Қайрат Қуанышевтің айтуынша, кезекті жылыту маусымы басталғалы бері аталған мөлтекауданның көптеген тұрғындарынан пәтерлерінің бірқалыпты  жылынбайтындығы жөнінде әлденеше рет шағым түскен.

Ал, жекелеген пәтер иелері болса, осыны негізге алып, жылу ақысын төлеуден бас тартқан. Тұрғындардан уақытылы ақша түспегендіктен қызмет көрсетуші мекеме де қарызға батып, өзіне қызмет ұсынушы монополист мекемелерге дебиторлық берешегінің көлемі 30 млн. теңгеден асып кеткен. Бұған қоса, көпқабатты үйлердің астыңғы қабатын жалға алған жеке кәсіпкерлердің де коммуналдық қызмет көрсету мекемесіне қарызы аз емес екен.

Оның үстіне, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау облыстық филиалының басшылары «ақшасын тездетіп төлемесеңдер, жылыту қазандықтарына келіп тұрған газды қиып тастаймыз» деп қысқан. Сайып келгенде, мұның бәрі тұтастай бір үйдің қыстың көзі қырауда жылусыз қалуына себепші боларлықтай жағдайды туындатқан. Осыған байланысты, «Қалалық тұрғын үйлерге қызмет көрсету» ЖШС, «Атырау жылу желілері» және «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-дары өкілдерінен арнайы комиссия құрылды.

Орын алған жағдайды егжей-тегжейлі тексеру мақсатында аталған комиссия мүшелерінің бірлесіп өткізген рейдтік шарасы барысында Нұрсая мөлтекауданындағы № 64, 67 және 68 көпқабатты үйлердің ішкі жылу құбырларына қосымша су сорғы құрылғыларының орнатылғандығына көз жеткізілген.

Нәтижесінде, осындай заңсыздық әрекетке барған үш пәтер иесіне қатысты акт толтырылып, бес күннің ішінде өз бетінше қойып алған құрылғыларына демонтаж жүргізу, яғни, алып тастау қажеттігі ескертілген. Ал, жылу жүйесіне су сорғысы жалғанған баспаналардан жоғары және төмен орналасқан пәтерлерге жылудың мүлдем келмей тұрғандығы анықталыпты.

Коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме мамандарының мәлімдеуінше, шынымен де жекелеген тұрғындар пәтеріндегі «жылы еденін» жылыту үшін жоғарыда айтылғандай сорғыларды қойып алған. Және де, жасырын түрде болғандықтан ол үшін ешқандай ақы төлемейді.

Соның салдарынан, жарытып жылу алмаса да, түбіртек бойынша ай сайын «көрсетілген  қызмет» ақысын уақытылы төлеп отырған көршілері зардап шегеді. Ең бір сорақысы, әлгі пысықайлар айласын асырып, сорғыларын шкафтың түбіне, бақылаушылардың көзі түспейтін жерге жасырыпты. Бір ғана №64 үйдің өзінде тоғыз пәтер иесінің қарақан басының қамын күйттеп, қыстың ортасында көршілерін жылусыз қалдырғанын немен түсіндіруге болар еді?

            -Біздің үйімізге жылу алғаш рет 24 қазанда берілген болатын, онда да бірнеше сағатқа. Содан қараша айының 21-іне дейін ешқандай жылусыз отырдық. Жылу желісі мекемесіндегілер бұған байланысты айналамыздағы біреулер құбырға су сорғы құрылғысын қосып алғандықтан жылудың жетпей қалу мүмкін, дегенді айтты. Содан соң барып қана «есімізді жиып», расымен де солай шығар, деген ойға келдік. Осының кесірінен ыссы су да жүрісінен жаңылып, жағдайымыз қиындап кетті,-дейді №67 үйдің тұрғындары.

            Өз кезегінде, «Атырау жылу желілері» АҚ жылу инспекциясы және жылу беру режимін реттеу бөлімінің басшысы Бекболат Ахметов осы мәселе бойынша тұтынушы-тұрғындардан әлеуметтік желілерде, телефон қоңыраулары арқылы көптеген шағымдар мен жазбаша хаттар түскенін тілге тиек етті.

Оның мәлімдеуінше, бұл мекеменің міндеті ­– құбыр бойымен келетін жылуды үйге дейін жеткізіп беру. Өткен жылы Нұрсая мөлтекауданында бұрын дербес жылыту қазандығымен жылытылып келген көпқабатты үйлер Атырау жылу-электр орталығының жылыту жүйесіне қосылған болатын.

Ауыстыру жұмыстары барысында бірнеше жыл бойы жылуды тасымалдап келген, тот басқан тұрбалардың іші бітеліп, талапқа сай тазартылмағандықтан немесе жуылып-шайылмағандықтан да жылу өткізу қабілеттілігі төмендеп, азайған болуы мүмкін. Бәрінде бірдей демесек те, кейбір үйлердің жылынбауы осының әсерінен болуы мүмкін.

            Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат Хабиевтің түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылдың 18 желтоқсанындағы №211 бұйрығында төмендегідей талаптар атап көрсетілген. Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыға:

1) пәтер ішіндегі желілерді, инженерлік жабдықты және қондырғыны желісіне тұтынушы қосылған ұйымның, сәулет және қалақұрылысы саласындағы қызметтерді жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің келісімінсіз қайта жабдықтауға;

2) жылыту қазандықтарының қосымша секцияларын, реттеуші және бекітуші арматураны, сондай-ақ, айналым орнатуға немесе бөлшектеуге;

3) жылыту жүйелерінде жылу жеткізгішті тікелей мақсаттан тыс (жылу жүйесінен және аспап-құрылғылардан суды ағызу) пайдалануға жол берілмейді.

Ал, әңгімемізге арқау болып, Нұрсаяда орын алып отырған жағдай аталған заң талаптарының өрескел бұзылғандығын айғақтап отыр. Сол себепті, кінәлі адамдардың бәрі әшкереленіп, сәйкесінше жауапкершілікке тартылып, жазасыз қалмауы тиіс.   

Дәулетқали АРУЕВ

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/iman/%d2%9baza%d2%9bstanda-salafizmge-tyjym-salynatyny-ras-pa/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз