Қызылқоғада 45 шақырымды құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда

screenshot 2 5 Жаңалықтар

Бұл туралы Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы» туралы брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қызылқоға ауданында 45 шақырымды құрайтын жол құрылысының 7 жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жобалар ауданның Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарында жүзеге асуда.

– Бүгінде Миялы ауылындағы 11 шақырым жол құрылысының жоспарға сәйкес негізгі астыңғы жабындысы және 4,1 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Жол құрылысы келесі жылы аяқталады. Сағыз ауылында 21,8 шақырымды құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл жоба бойынша 6,8 шақырым жол пайдалануға берілді. Ал қалған 15 шақырымы 2023 жылы аяқталады. Мұқырда 2018 жылы басталған 4,7 шақырым жол құрылыс жұмыстары материалдың қымбаттауына байланысты тоқтап қалған болатын. Бүгінде жол құрылысының жобасы қайта жасақталып, келесі жылы жұмыс әрі қарай жалғасатын болады. Сонымен қатар Кенбай елді мекенінде 1,5 шақырым жол құрылысы басталды, – деді Қ.Әзмұханов.

Сондай-ақ ол, ауданның бірнеше ауылдарында жол құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүріп жатқанын және келер жылға да бірнеше жолды қайта жаңғырту жоспарда бар екенін жеткізді. Алдағы жылы жөндеуден Тайсойған-Миялы аралығындағы 45 шақырым автомобиль жолына және Ойыл ауданының Шұбарши ауылынан Миялы ауылы аралығына 18,5 шақырым болатын автомобиль жолының құрылысы үшін жоба жасақталып жатқанын айтты.






Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз