Құм нарын -каспий арасы, төрт түлік толған даласы. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай ауданында болды

 

 

 

 Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Исатай ауданына екі күндік сапары Хамит Ерғалиев ауылынан басталды. Сапар барысында облыс басшысы алдымен ауданның әлеуметтік нысандарын аралады.

ЖИҺАЗДЫ ӨЗІМІЗ НЕГЕ ЖАСАМАЙМЫЗ?

 Хамит Ерғалиев ауылындағы 100 орындық балабақша құрылысы «ҚазМұнайГаз»АҚ-ның демеушілігімен салынуда. Жоба құны – 220 млн. теңге. Балабақшаның ішкі жұмыстары біте келіпті. Күні бүгінде сыртқы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды аралап көрген аймақ басшысы бөлмелерге қойылған қатты, жұмсақ жиһаздарға назар аударды. Шымкент қаласынан алдырған жатын бөлме жабдықтарының сапасы да керемет деуге келмейді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, осындай жиһазды өзімізден де шығаруға болмайды ма? Мүмкіндігі шектеулі жандардың қолдарынан шыққан өнімдерді де сатып алудың жолдарын қарастыру керек» деген ол орынды ескертпе жасады.
  Жаңа балабақша құрылысы нөсер жауын салдарынан сәл кешеуілдеуде. Алдағы тамыз айында пайдалануға беру жоспарлан-ған. Құрылыстың сапасына байланысты өзінің сын-ескертпесін жасаған Нұрлан Асқарұлы әлеуметтік нысанды қабылдап алуда техникалық бақылау мекемесінің мамандарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін шегелеп айтты.
Бұдан кейін апаттық жағдайдағы Новобогат ауылдық клубын көзбен көріп, «Енді не істемек ойларың бар?» деп аудан әкімі Т.Сұлтанбековке сұрақты төтесінен қойды. Жаңа клуб үйі құрылысының сметалық жобасы жасақталып жатқанын жеткізген аудан басшысы ескі клубты күрделі жөндеуден өткізіп, спорт мектебі, басқа да әлеуметтік қамту мекемелеріне кеңсе ғимараты ретінде пайдалануға беру көзделіп отырғандығын айтты.
  Осы ауылдағы Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп – биылғы ҰБТ қорытындысымен екі бірдей «Алтын белгі» иегері шыққан бірден-бір білім ордасы. Мұндағы жөндеу жұмыстары да аяқтала келіпті. Сынып бөлмелері сыңғырлап тұр. Мектептің мұражайына бас сұғып, ұстаздармен аз-кем тілдескен облыс басшысы «қожайыны бар мекеме екені көрініп тұр, жарайсыңдар!» деп ризашылық сезімін білдірді.

МҰРАГЕРІҢ БАР МА, МАЛШЫ?

  Енді бір сәтте жайдақ жолдың шаңын аспанға шығарған автокөліктер керуені алыстағы малды ауылға бағыт түзеді. Ал, канал бойындағы иін тірескен төрт түлік малды көріп, көзің де, көңілің де толады. Шамамен орталықтан 30 шақырымдай қашықтықтағы «Сарыазбан» қыстағында қоныстанған Айтқали Хабибуллинді жерлестері «жылқылы бай» деп бекер атамайды. Ол – төскейде төрт түлік малын мыңғыртып өсіріп, атакәсіпті жалғастырып келе жатқан нағыз еңбекқор адам. Облыс әкімі Н.Ноғаев бастаған топ шаруагермен тілдесіп, мал қораларын аралап көрді. Түлік тұқымын асылдандырғаны, мал азығын дайындағаны үшін субсидия алғандығын, барынша қолдау көрсетіліп жатқандығын айтқан А.Хабибуллин «ал, осы шаруашылығыңды одан әрі сеніммен жалғастыратын мұрагерің бар ма?» деген облыс басшысының сұрағына қапелімде не деп жауап берерін білмей қалды. «Балалардың бәрі қалада, оқуда, осы қазір жеті оқитын бір баламды қолыма ұстап, мал бағуға баулып жүрмін»,-деді жай ғана.
  «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі өз ісінің тәжірибелі, нағыз майталманы ма дерсің! Жүйелі жұмыс нәтижесі де көз алдыңда көрініп тұр. Бәрі орын-орнында. Оның айтуынша, бүгінде 190 орындық балабақшада 205 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жыл сайын ауылдағы демографиялық ахуал жөнінде мониторинг жүргізіледі. Ауыл балалары 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Өздерінің жастарына лайық музыкалық аспаптарда ойнап, шағын концерттік бағдарламаларын ұсынған бүлдір-шіндерге ризашылық сезімін білдірген облыс әкімі олармен ескерткіш суретке түсті.
Бұдан әрі мектеп жанындағы балалардың жазғы лагерінің жұмысымен танысқан аймақ басшысы мектепалды даярлық тобының тиімділігі төңірегінде ұстаз-тәрбиешілермен ашық пікір алмасты.
   Жақын маңдағы «Еркеназ» кондитерлік тағамдар дүкеніне бас сұққан облыс әкімі ауылдағы шағын бизнестің аяқ алысын білмек ниетпен оның қожайынына біраз сұрақ қойды. Отбасылық бизнесті қалай бастағаны жөнінде қысқаша баяндап, өздерінің өнімдерін көрсетті. Ауылдастардың тойларына тапсырыспен торт дайындайтынын айтқан жеке кәсіпкер Р.Ермұханова тұрақты ток көзіне қосылу үшін жеке трансформатормен көмектесуін өтінді. Ал, ауыл тұрғыны М.Сабыров үйі суға кетіп қалғандығын, жетпіс пайызы жарамсыз деген комиссия қорытындысы қолында екендігін айтып, көмек сұрады.
– Сіздер дұрыс түсініңіздер, өздеріңіз айтып отырсыздар, «отыз жылдан бергі көрген нөсер жауынымыз» деп. Мұндай болады деп кім ойлаған? Қалада да мыңға тарта үй суға кетті. Бірақ, «әкім үй салып береді» деп қол қусырып қарап отырмай, өздерің қамданыңдар. Әрине, көмек болады. Табиғи апат салдарынан келген шығын есептеліп, соған өтемақы төленеді,-деді әкім.
Соңғы екі-үш жылда барынша егінмен айналысып, өнімдерін қолжетімді бағаға тұтынушылар-ға ұсынып отырған шаруагерлер аз емес. Солардың бірі – «А.Қисымова» шаруа қожалығы. Ол 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша үш миллионнан бөліп-бөліп тоғыз миллион теңге же-ңілдетілген несие алып, алғашында үйінің ауласына жылыжай салған. Бір тоннадай көк жуа, қияр өнімдерін жинаған.
– Жылыжайдың табиғи экологиялық таза өніміне деген сұранысы жоғары, – дейді ашық-жарқын әңгіме тиегін ағытқан шаруа-шылық жетекшісі.

ҚҰМ ІШІНДЕГІ БАУ-БАҚША

– Осының бәрі таза еңбекпен келеді, мынадай қолайсыз климат жағдайында қиындыққа қарамай, тәуекел жасап егін егіп отырған сіз нағыз азаматсыз, өздеріңдей батыл іс-қимылдың адамдарымен дидарласқанда көңілім марқайып қалады, – деп шынайы ризашылығын білдірді облыс әкімі. «Көріп тұрғанымдай, жағалай үш шаруа қожалығы қоңсы қоныстанып, егін салған екенсіңдер, Алла нәсіп етсін, қазақ айтқандай, «орта толсын!»,-деген өзекжарды тілегін арнап, көрші шаруашылық Ержан Қуанышевтың ауылына да соға кеткенді жөн көрді.
Ержан – бизнестен жан-жақты хабары бар, сауатты жас. Жел қалақ арқылы күн батареясын пайдаланып, арзан электр қуатын тұтынып отыр. Бұл электр қондырғысы да мемлекеттік бағдарлама шеңберінде тегін қондырылған. Ержанның айтуынша, биылғы жылы 1,5 га жерге егін салған. Өткен жылы шығымы аздау болса да бастаған істі орта жолда тастамайын деп, тәжірибе жинақтап, тағы да бағын сынап көрмекші. Бұдан басқа қосымша құс шаруашылығымен айналысуда. Өткен жылы Ресейдің Орынбор қаласынан сатып әкелген ет бағытындағы 60 қаз канал бойына жерсініп кеткен. Жұмыртқа өнімдерін де бере бастапты. Ал, сойғандағы қаздың таза еті 8-10 келі тартатын көрінеді. Міне, табыс көзі қайда жатыр?!
  Облыс әкімі Н.Ноғаев егінжайдан шыға сала аудан орталығындағы «Зинеден ата» мешітіне бас сұғып, дұға етті. Мешіт имамымен тілдесіп, діни ағымдар төңірегінде ой бөлісті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылында өркениет көшіне ілесіп, қаладағыша тұрмыс кешуге біршама бетбұрыс жасалған. Аудан бойынша 1700 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оларда екі мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа тартылған. Өз еңбектерімен кәсібін нәсібіне айналдырып отырғандардың бірі – жеке кәсіпкер А.Аманбаев кешенді сауда орталығын, қонақ үй, 500 орындық заманауи үлгідегі мейрамхана құрылыстарын салып, халыққа қызмет көрсетуде. Осы кәсіпкерлік нысандарды аралап көрген облыс басшысы: «Ерінбей еңбектенген адам мақсатына жетеді» деп ризашылық сезімін білдірді.
Аймақ басшысы Н.Ноғаевтың Исатай ауданына жоспарланған сапарының екінші күні Жанбай ауылынан басталды. Мұндағы Атырау облысының мемлекеттік құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде салынып жатқан 200 орындық клуб үйінің құрылысын аралап, мердігер мекеме басшыларына әлеуметтік нысанды белгіленген уақытында тапсыруды міндеттеді.

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫ ТУРИЗМГЕ СҰРАНЫП ТҰР

  Бұдан кейін ауылдан он шақты шақырым қашықтықтағы «Шағала-Атырау» ЖШС-не аялдады. Мамандардың айтуынша, бұл серіктестік болашақта балық аулап, оны терең өңдеумен айналысатын болады. Жоба құны – 108 млн. теңге. Оның 92 млн. теңгесін бизнес-жоспарына сәйкес «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы несиеге алған. Қалған 16 млн. теңгесін кәсіпкер өз қалтасынан төлеп отыр. Күні бүгін барлық балық өңдеу жабдықтары, мұздатқыш цехтары сатып алынған. Бұл серіктестік іске қосылып, толық қуатында жұмыс жасағанда тәулігіне үш тонна балық өңдейтін болады. Бір мезгілде 80 адам тұрақты жұмысқа тартылады.
Кәсіпкердің айтуынша, «Атырау-Астрахан» тасжолының бойында орналасқан қонақ үйі де бар. Соған жеңіл-желпі жөндеу жүргізіп, оны да демалыс орнына айналдырғысы келеді. Ол үшін екеуіне ортақ инфрақұрылым жүргізу үшін 18 млн. теңге қаражат керек. Оны да мамандардың түсіндіруінше, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша шешуге болады, бірақ, кәсіпкер алдын ала сметалық жобасын дайындатуға 3 млн. теңгесін өз қалтасынан шығаруы керек екен. Заңдылық солай. Жүздеген миллион теңгенің жобасын жүзеге асыруға талаптанып жатқан кәсіпкер осы болмашы қаражатты ауырсынып, мемлекет мойнына ілгісі келеді.
– Жігіттер, бұларың жарамайды,-деді мәселені ықылас қойып тыңдаған облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы. – Осы ауданның өзінде жеті округ, бірнеше елді мекен бар. Сол ауылдардағы проблемалардың бәрін облыс әкімі келіп шешіп бермейді ғой. Сондықтан, жергілікті жерде шешудің жолын қарастырыңдар. Абзалы, кәсіпкер амалын тауып, ағайыннан қарыз ала ма, банктен несие ала ма, айтып отырған үш миллион теңгені өзі іздеп табуы керек.
Ал, билік тарапынан барынша бизнеске қолдау көрсетіледі. Мендегі мәлімет бойынша, Жанбай ауылында 86 жұмыссыз бар, соның 80-і бір мезгілде жаңадан ашылған балық өңдеу серіктестігіне жұмысқа орналасса, бұдан артық не керек? Облыстық кәсіпкерлік палатасы осы іске араласып, мәселені сөзбұйдаға салмай, шұғыл шешуге жұмыстансын…

БАЛАЛАР ШҰБАТ ІШЕДІ

Бұдан әрі әкім бір бүйірде қалып бара жатқан теміржол бойындағы Нарын ауылына ат басын бұрып, осындағы балалардың жазғы демалыс лагерінде болды. Бір топта 1,5-3 жас аралығындағы 25 сәби тәрбиеленіп жатқан «Нарын» балабақшасы ұжымымен де дидарласты. Жолшыбай «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-на қарасты №4 Забурын мұнай-газ өндіру цехының заманауи үлгідегі ғимаратында болып, «қанша мұнай қоры бар, сапасы қандай, аудан әкімдігімен байланыстарың бар ма?» деген сауалдар төңірегінде мұнайшылармен ашық пікір алмасты. Әлеуметтік қолдау бойынша да сұрақтар болды.
Ақ шағылдар арасындағы Зинеден ата ауылына сапар Ю.Гагарин атындағы орта мектепті аралаудан басталды. Осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілген мектептің күтімде ұсталғаны көрініп тұр. Биылғы ҰБТ қорытындысымен мектептің орташа баллы 78,5 болып, алдыңғы лектен көрінген. Мұндағы лагерьде демалушылардың да жағдайлары салыстырмалы түрде тым-тәуір деуге болады. Балаларға ешкі сүті, шұбат беріледі. Ауыл іргесіне тиіп тұрған Каспий теңізі жағалауына апайларының қадағалауымен серуенге шығып тұрады. Бұдан артық бала үшін қандай демалыс керек?
Біреулерге арман болған қарт Каспийге де жол түсті. Теңіз – Зинеден ауылынан 1200 метр қашықтықта. «Атырау-Астрахан» бағытындағы тасжол да теңізден онша қашық емес. Демек, отандық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Сөзге аралас-қан аудан әкімі Т.Сұлтанбеков инфрақұрылымы шешілсе, демалыс орнын ашуға ниет білдірушілер бар екенін айтты.

ЖАҚСЫНЫ НАСИХАТТАУ КЕРЕК

Ауылда алғаш ашылып отыр-ған «Тәуекел» жылыжайының жұмысына да облыс басшысы қызығушылық танытып, осындай игі бастамаларды кеңінен насихаттап, өзгелерге үлгі ету туралы жергілікті әкімдерге, БАҚ өкілдеріне құлаққағыс жасады.
– Қарапайым үй шаруасындағы әйелдің мынадай іске батылы барып, өзін де, ауылдастарын да барынша жұмыспен қамтып, ақ құмдардың арасында жайқалтып егін егуі – ерлікке пара-пар. Сіздей іскер адамдармен пікірлескенде қанаттанып, бір жасап қаламын, – деді облыс басшысы.
Бұдан әрі аймақ басшысы Исатай ауылында болып, ондағы әлеуметтік нысандарды аралады. Мұндағы проблема – ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жоғары білімді маман дәрігерлердің жетіспейтіндігі. 2014 жылы пайдалануға берілген емдеу мекемесінің сапасы сын көтермейді. Жапсырған кафельдері құлап, сынып жатыр.
– Дереу мердігер мекемені шақыртып, қайтадан жөндеу жүргізіңдер,-деді аймақ басшысы қатаң ескертіп. Ал, жоғары білімді мамандар Исатай ауылына тұрақты жұмысқа келетін болса, оларға арналған екі үй дайын.

АШЫҚ ПІКІР АЙТЫЛҒАН АКТИВ

nurlanisatai2

Облыс әкімі Н.Ноғаевтың екі күнге созылған Исатай ауданына сапары «Жалын» мәдениет үйіндегі аудан активі жиынына жалғасты.
– Кешеден бері аудан елді мекендерінде болып, алыстағы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік нысандарды аралап, Елбасы алға қойып отырған тапсырмалардың орындалысын саралай келіп, ауданда экономикалық-әлеуметтік даму ырғағы тұрақты екендігіне көзім жетті.
Тұщықұдық ауылының бір тұрғыны айтқандай, отыз жылдан бергі болып тұрған нөсер жаңбырдың зардаптарын көрдім. «Біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендей, қазіргі тірлігімізге шүкіршілік жасауымыз керек.
Елбасы алға қойған меже белгілі – озық отыз елдің қатарынан табылу. Ал, мемлекет қызметшілеріне елге қызмет ету міндеті қойылып отыр. Екі күн бойғы алған әсерім бойынша аудандағы қоғамдық-саяси жағдай да бірқалыпты. Әрине, заман өзгереді, бүгінгі талап, бүгінгі жетістігіміз ертеңге өлшем болмауы мүмкін. Қойылатын мәселе де нақты болуы керек. Арыз артында адам бар, «жоғарыға жіберген хатымның жауабы қашан келеді, қашан шешімін табады» деп күтіп жүреді. Сондықтан, мен әріптестеріме үнемі айтып, ескертіп жүремін, мәселені шұғыл, жүйелі түрде шешу керек.
Әрине, жоспар – қатып қалған догма емес, ол уақыт талабына сай өзгеріп отырады. Бір байқағаным, кейбіреулеріміз «әлі күнге дейін бізге жұмыс тауып беріп, Үкімет асырауы керек» деген масылдық пиғылдан арыла алмай жүр. Қазір заман басқа. Әркім өзі тырбанып, күнелтісін жасауы қажет.
Тұщықұдықтағы шаруа қожалығында көршілес өзбек ағайындар жалданып жұмыс істеп жүр. Ал, ауыл жастары егінге аттап баспайтын көрінеді. Бәріне жалақысы жоғары, жеңіл жұмыс керек. Мұны қалай түсінуге болады? Қазір коммуналдық мекемелер біртіндеп бәсекелестік ортаға берілуде. Демек, «нарық заңы өз үстемдігін жүргізеді» деген сөз. Аудандағы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Жеке мәселелерің бойынша да қабылдауға әзірмін.
Кеше құла дүзде жайқалған егінді көзіміз көрді. Әрине, қандай істі бастағанда да психологиялық кедергі болады. Елбасы шикізатты қайта өңдеп, тұтынушыға экологиялық таза, сапалы өнім түрлерін ұсынуды міндеттеп отыр. Біз шауып барып, теңіз жағасынан балық аулап, оны басқа біреуге көтерме бағаға сатып жібергенді қолайлы көреміз. Қай дәуірде өмір сүріп отырмыз? Ойланатын жағдай көп. Ақсақалдармен де кездестім. Олар да ортақ проблеманы қозғап, ауылды абаттандыру, жол салуды айтты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Исатай ауданының мүмкіндігі мол. Келесі жылы Астрахан-Атырау-Ақтөбе бағытындағы жолдың құрылысы басталады.
Осындай екі күн бойғы аудан-ға сапарынан алған әсерлерімен, көкейге түйген ойларымен бөліскен облыс әкімі Н.Ноғаев активке қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.
– Аудан жөніндегі оң пікіріңізге рақмет,-деді орнынан көтерілген Исатай ауылының тұрғыны А.Нұрсафин. – Менің айтайын дегенім, 1967 жылы теміржол салынғанда тартылған электр жүйесі әбден тозығы жетіп, он шақты бағана түбі шіріп, құлап қалды. «Атырау-Жарық» АҚ облыстық филиалынан арнайы комиссия келіп, электр есептегіштерді қарап, пломбылап кетті. Ток әлсіз, трансформатордың күші жетпейді. Теміржолдағыларға мұңымызды шақсақ, «сендер енді «Атырау-Жарыққа» қарайсыңдар, соларға шағымданыңдар» дейді.
Мәселенің мән-жайына қаныққан облыс басшысы «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалының басшысы Ә.Төлебаевты орнынан көтерді. Оның түсіндіруінше, сұрақ орынды, «Атырау-Жарық» Исатай ауылындағы электр есептегіштерді қабылдап алғанымен, электр желісін қабылдамаған. Бұл үшін теміржолшылар құлаған бағаналарды қалпына келтіріп, жөндеп тапсырулары керек екен. Облыс басшысы өзінің орынбасары С.Нақпаевқа осы мәселемен түбегейлі айналысуға тапсырма берді.
Ардагер мұнайшы, өлкетанушы М.Бектенов елден ырысын аямаған Нарын құмына каналмен су айдап, мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру туралы ұсыныс берді. Облыс басшысы: «Нақты ұсыныспен жеке қабылдауыма келіңіз, мамандармен пікірлесіп, ойланып көрейік» деп жауап берді. Келесі кезекте сөз алған «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Р.Ысмағұлов: «Бізде балық аулау маусымы шектеулі, көктемде бір ай, күзде үш ай балық аулаймыз. Бізге теңізден тұрақты балық аулауға учаске бөліп, лимит берсе, цехтарымызды кеңейтер едік» деген ұсынысын айтты. Бұл мәселе бойынша жауап берген облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаев Жайық, Қиғаш өзендерінен балық аулау учаскелері бөлінетінін, ал, теңізден бөлінбейтінін, яғни, рұқсат етілген аймақта балық аулай берулеріне болатынын түсіндірді. Аудандық мәслихаттың депутаты Ә.Төлебаев жол салу мәселесін көтерді.
– Жол мәселесі жөнінде менің ұстанымым мынадай, ауданға жақын жерде асфальт зауыты жоқ. Оны Атыраудан тасымалдау қымбатқа шығады. Сондықтан, әкімдерге ескертіп айтып жүрмін, келесі жылы Астрахан-Атырау-Ақтөбе жолының құрылысы басталып, ауылдарыңның тұсына келгенде жіті қимылдап, жақын жерден елді мекендерге жол тартып алуға жұмыстаныңдар. Ол үшін осы бастан сметалық жобасын әзірлеу керек. Ал, дренаж мәселесіне байланысты айтарым, бұл әлі толық зерттеліп болған жоқ,-деді облыс басшысы.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.
Исатай ауданы.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз