«Қызыл Жұлдыздың» иегері еді…

04 21 Жаңалықтар

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Міне, жер-дүние тағы да маужырап, төңірекке самал желімен желпіп, Жеңістің 75-ші көктемі де келді. Осынау мерейлі күннің қарсаңында қан майданда өрімдей он сегізінде от кешкен батырларды жазуды борыш деп санадым.

Менің кейіпкерім – Айтқұл Исмагулов 1913 жылы сол кездегі Гурьев облысы Новобогат ауданында дүниеге келген. Соғыс нағыз қызып тұрған 1942 жылдың тамызында әскерге алынады. Әскери жаттығулардан өткеннен кейін 1943 жылдың сәуірінде Батыс майданға жіберілген. Ол аз уақыт ішінде өзінің батырлығы мен қиыннан жол табатын ақылының арқасында взвод командирі болады.

Лейтенант Айтқұл Исмагулов 1944 жылдың 22-24 шілдесінде 308.0 биіктігін алу кезінде өзін батыл командир ретінде танытқан. Жаумен шайқаста алдын ала дайындалған шепте өз взводының жауынгерлерімен бірге жауып тұрған оқ пен аспаннан тасталған бомбаларға қарамастан, қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Гранатамен және винтовкамен қаруланған ол ондаған фашистің көзін жойған.

Батыс майданының Станислав қаласын азат ету үшін болған шайқаста 1944 жылдың 27 шілдесі күні орманға қарай шабуыл жасаған жаудың ту сыртынан соққы беру арқылы жаудың 4 колоннасын жібермей, тойтарыс беріп, аз ғана күшпен сол жерде көмек келгенше ұстап тұрды. Екі автомашинасын гранатамен жарып, жау әскерін шегінуге мәжбүр еткен. Лейтенант Айтқұл Исмагулов КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1944 жылғы 20 қазан күнгі № 033\н бұйрығымен неміс оккупанттарына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған.

Бүгінде майдангердің өзі болмағанымен, ұрпақтары арамызда жүр. Гүлфара Исмагулова кәсіпкерлікпен аты шықса, Руслан Исмагулов – Жамбыл атындағы өндірістік кооперативінің төрағасы. Олар – батыр аталарының есіміне кір жұқтырмай, ел мен жұртқа өздерінің қайырымды істерімен атағы шыққан жандар. Жеңістің 75 жылдығында осындай батырларды еске алсақ, рухымыз биіктері даусыз.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз