БАЛАНЫҢ ҚУАНҒАНЫ – БІР БАҚЫТ…

Жуырда Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мен облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Қазіргі замандағы арнайы және инклюзивті білім беруді қолдау және дамыту тенденциясы» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Маржан Ғалымжанова, Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова сөз сөйлеп, қазіргі таңда саулығында кінәраты бар баланы ортаға бейімдеу, оның қоғамның бір мүшесі екеніне көзін жеткізу өзекті мәселеге айналып отырғаны жайында айтты. Осылайша олар ғылыми тәжірибеге қатысушылардың өз ойларын ортаға еркін салып, жасап жатқан жұмыстарымен бөлісуге шақырды.

Конференция барысында «Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір дағдылары мен әлеуметтік құзыреттілігін қалыптастыру» атты практикалық семинар, «Мектепке дейінгі балаларды түзете-дамыта тәрбиелеудің заманауи әдістемелері» атты шеберлік сыныбы, «Инклюзивті білім беруді педагогикалық тәжірибеде жүзеге асыру мүмкіндіктері мен өзекті мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» мен пленарлық мәжілістер өтті. Конференцияға қатысушылардың ойлары бір жерден шығып, инклюзивті білім беруді дамытуда отбасына психологиялық-педагогикалық көмекті ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-тәрбиелеуде арнайы типтік бағдарламаларды жүзеге асыру дегенге ойысты. Олар көтеріліп отырған тақырыпты барынша ашып, өзара тәжірибе алмасуда зор белсенділік көрсетті.

Аймақтық конференцияда Атырау облыстық медициналық психологиялық-педагогикалық кеңестің меңгерушісі Зәуреш Әйтенова, Орал қаласынан келген мұғалім Несібелі Имашева, облыстық тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Бибігүл Аманғалиева, «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық қауымдастық төрағасы Ерлан Күмісқалиев және басқалары мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту, оларға инклюзивті білім беру, мұндай балаларды барынша дамыта оқыту, бейімдей тәрбиелеу турасында кеңінен әңгімелеп, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, үш секцияда мамандардың тақырыптық ондаған баяндамасы тыңдалды. Секция модераторлары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушылары Т.Шілденова, Г.Сұлтанова, облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің әдіскері Б.Жұмалиева конференцияға қатысушылар ұсынысын бірауыздан қабылдау қажеттігін айтты.

Олар қандай ұсыныстар? Атап айтар болсақ: мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасын сүйемелдеу орталығымен қамтамасыз ету, балалар саулығын түзеу мекемелері мен жалпы білім беретін мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейту, басқаша айтқанда, оларда пандустар, демеуші қондырғылар салып, арнайы лифтілермен жабдықтау, арнайы компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, барлық мектептерде арнайы сыныптар ашып, мұндай балаларға барынша қолдау көрсету, инклюзивті білім беру мектептерін осы үрдісті басқаратын үйлестірушілермен, тьютор, дефектолог, логопед мамандармен қамту.  

Екі күнге созылған конференцияның алғашқы күні даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын мекеме ұстаздары Алғыс хатпен марапатталып, соңынан осындай өнерлі балалардың концертін тамашаласа, екінші күні қатысушылар Атырау облыстық балалар денсаулығын қалпына келтіру орталығы мен облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйінің іс-тәжірибелерімен танысып, маман ретінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Конференция қорытындысымен шығарылаған жинаққа жүзден астам ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік мақала енді.

Бір шындық бар, ол – ешкім де ауру мен азапты өмірді тілеп алмайды. Олай болса, қаршадайынан тағдыр тауқыметін арқалап, түрлі аурумен арпалысып келе жатқан дімкәс балаларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Олардың ата-аналарының айтуынша, бала өзі секілді тұстастарымен араласқанда, мектепке барғанда бір марқайып, сол күні көтеріңкі көңілде жүреді екен. Ал, баланың қуанғаны – үлкеннің марқайғаны…

Лиза СЕЙТІМОВА. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз