Қызметкер жасаған жемқорлық қылмыс үшін басшы жұмыстан кетеді
Atr.kz/5 желтоқсан, 2019 жыл. Сыбайлас жемқорлық дерегіне бірінші басшы жауап береді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Рафаэль Төлешов брифинг барысында мәлімдеді.
Нақтырақ айтсақ, «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға біраз жаңашылдықтар енгізілген.
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов аталған Заңның қабылдануымен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын айтты. Ол «Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген» деген еді. Айта кету керек, бұл норма Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен заңға енгізілген» деп түсіндірді Рафаэль Төлешов.
Енді Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті болып табылады.
Оның айтуынша, бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметкерлер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандар әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда міндетті түрде отставкаға шығуға сұрану керек.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған Заңға сәйкес, басшылардың еңбек ұжымында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуының алдын алу жөніндегі міндеті енгізіледі. Бұл міндетті орындамау немесе тиісінше орындамау басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеп соғады.
Айта кету керек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.
Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшыларына тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
«Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов түсіндіргендей, заңнамаға басшылықтың ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі міндетін жүйелі түрде орындамағаны үшін жауапкершілігі енгізілді. Бұл мемлекеттік органда немесе ол басқаратын құрылымда сыбайлас жемқорлық тұрғысынан жағымсыз жағдайға әкеледі. Егер тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамаған болса, бірақ, мысалы, талдау осы мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарылағанын көрсетсе, тиісті басшының тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралатын болады» — деп атап өтті Рафаэль Сәлешұлы.
Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет уәкілетті орган ретінде бұл мәселені белсенді түрде көтеріп, мемлекеттік органдарды алаңдатып, басшылардың жауапкершілігін қарауға бастамашылық етеді. Агенттіктің міндеті – басшыларды сөз жүзінде емес, іс жүзінде өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға және болдырмауға мәжбүр ету. Бұл Мемлекет басшысының басшылардың жеке жауапкершілігі туралы тапсырмасын орындауға негіз болады.
Тағы бір жаңашылдық – нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама енгізілетін болды.
Департамент басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Жалпы, аталған тетікті әзірлеу кезінде қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамаға тарту үшін нормалар міндетті түрде ескеріледі.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА