Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатыр
Дәл қазір Қытай астанасы – Бейжің қаласында 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды.
Айтулы сынға әлемнің 90-нан астам елінен спортшылар қатысады. Әлемдік спорттық додада спортшылар саны бойынша АҚШ, Ресей мен Канада көш бастап тұр. Мәселен, АҚШ-тан 223 адам дүбірлі додада бәсекеге түссе, Ресейден – 212, Канадан – 211 спортшы жарыс жолына шығады. Сондай-ақ Қытайдан 171 спортшы қатысады, одан кейінгі орындардағы Швейцариядан – 168, Германиядан – 148, Жапониядан – 122, Швециядан – 116, Чехиядан – 114, Италиядан – 112, Австриядан – 108, Финляндиядан – 96, Франциядан –85, Норвегиядан – 52, Ұлыбританиядан – 50, Украинадан – 45, Австралиядан – 44, Оңтүстік Кореядан – 38, Қазақстаннан – 34, Беларусьтен – 28 саңлақ ел намысын қорғайды.
Ақ Олимпиадада еліміздің атынан 34 спортшы 85 жолдама бойынша сынға түседі. Мамандардың айтуынша, қазақстандық спортшылар фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-тректе жүлде қорын толықтыруы мүмкін. Ақ Олимпиаданың ашылу салтанаты «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» арналарынан көрсетілуде.
Қысқы Олимпиадада спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қытай астанасы Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған алғашқы қала болады. Жарыс Бейжің орталығы, Яньцинь және Чжанцзякоу секілді үш аймақта өтеді. Бейжіңде керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты, ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг, шаңғы фристайлындағы биг-эйр бәсекелерін қабылдайды. Ал астана маңында орналасқан Яньциньде шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортында медальдар жүлделері сарапқа салынады. Хэбэй провинциясында орналасқан Чжанцзякоу қаласында сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлон жарыстарын қабылдайды. Ойындар «таза мұз бен қардағы қуанышты күн» ұранымен өтеді және 2008 жылғы жазғы Олимпиада мұрасына сүйенеді.