Битум тапшылығы қалай жойылады?

bitum Жаңалықтар

Елде битумның жетіспеуі – бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Құзырлы органдар мәселені шешуге қауқарсыз, әлде құлқы жоқ. Соған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тұрақты даму үшін Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет екенін айтып, бұған дейін қолға алынған көлік-логистика жобаларын түгелдей уақытында аяқтауға нақты тапсырмалар берген болатын. Республикалық маңызы бар автокөлік жолын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп-ұстауға тиісті ұлттық оператор – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ бүгінде жалпы ұзындығы 6,4 мың шақырымдық «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай», «Тал-дықорған-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Атырау-Астрахан» және «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолдарына қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқаны мәлім. Мемлекет басшысының өзі қадағалап отырғанымен, бұл жобаларды жүзеге асыру битумның жетіспеуінен белгіленген мерзімде аяқталмай қалу қаупі бар. Өйткені, жол құрылысына керек негізгі компоненттің бірі – битуммен қамтамасыз ету жыл өткен сайын күрделі проблемаға айналып барады.

Осындай күрделі ахуалды зерделеген Мәжіліс депутаты Д.Тұрғанов бірінші вице-премьерге жолдаған хатында битумға қатысты мәселе негізгі екі проблемадан тұратынын көрсеткен, оның бірі – битум жетіспеушілігі, екіншісі – тапшылық салдарынан елдегі битумның нарықтағы бағасы өте қымбат.

«…Бүгінгі күні автожол жобалары үшін жол битумына қажеттілік 1,1 миллион тоннаны, оның ішінде республикалық желі үшін 500 мың тоннаны және жергілікті желі үшін 600 мың тоннаны құрап отыр.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жеңілдетілген бағамен биыл шілде айына 53,8 мың тонна битум бөлген еді, алайда жазғы жол салу қарқынын бәсеңдетпеу үшін тек қана шілде айына 211 мың тонна қажет. Шілде айына битумның 4 есе тапшылығы бағаның көтерілуіне әкеліп, тоннасына 180-250 мың теңгеге жетіп және баға өсімі осымен тоқтамауы мүмкін.

Қоғам осы жылғы автожол құрылысының сметасына битум бағасын тоннасына 80-120 мың теңге аралығында белгілеп, бюджет қаражаты осы сомаға бөлінгенін ескеретін болсақ, қолға алынған жобалар уақтылы жүзеге аспай, халық игілігіне пайдалануға берілмей қалу қаупі бар…» – деп көрсетіпті депутаттық сауалда.

bitumi 2

Шынында, былтырғы қараша, желтоқсан айларында Ресейден арнайы квотаға сай 100 мың тонна битум бәсекеге қабілетті бағамен, яғни тоннасына 11,2 мың рубль немесе 67 мың теңгеден басталған келісім-шартқа қол қойылып, тиісті көлем толықтай елге жеткізіліпті. Бұл бағаның біздің тарап үшін ыңғайлысы сол, ресейлік битумды еліміздің әр өңіріне жеткізуді есептегеннің өзінде бағасы тиімді болды. Осы келісім-шарт жол салушы мердігерлерге сәуір айында жол құрылысын бастап кетуге зор септігін тигізген.

Демек, алдағы уақытта да осындай жұмыстарды Энергетика министрлігі тарапынан жалғастыруды Мәжіліс депутаты құп көріп отыр. Ол үшін ең бастысы, биылғы битумның өткір тапшылығын жою және тиімді бағада алу мақсатында министрлік Ресей тарапымен қосымша квота беру мәселесі бойынша шұғыл түрде келіссөздерге кіріскені жөн.

Сонымен қатар, Дүйсенбай Нұрбайұлы Роман Васильевичке битум мәселесі жыл сайын «жыр» болмас үшін мынадай ұсыныстарды атап көрсетті. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы келесі жылға битум сақтауға арналған жаңа терминалдар салуды, сметалық құны шегінде битумның бағасын тоннасына 115 мың теңгеден аспайтын шектеу жасау және Қазақстанда өндірілетін битумның сапасын ҚР СТ 1373 нормативтік-техникалық талаптарына сәйкес қамтамасыз етуі тиіс.

Егер осы талаптар бойынша нақты іс-шаралар жүзеге аспаса және бұдан былай осы депутаттық сауал тәрізді қалың бұқараның мұң-мұқтажы айтылған хаттарға ешкім құлақ аспайтын болса, Мәжіліс депутатының пікірінше, республика Президентінің тапсырмасын іске асыру мерзімдерінің бұзылуына, сондай-ақ халықтың орынды наразылығына әкеп соғады.

Сауалдың соңында: «Осыған байланысты айтылған мәселелерді шешу мақсатында шұғыл шешімдерді қабылдауыңызды және ақпаратты заңда көрсетілген мерзімде беруіңізді сұраймыз» – деп, Дүйсенбай Тұрғанов нақты талабын да қойды.

Халықтың талап-тілегі орынды қойылғанымен, оны жүзеге асыруда олқылықтар болған соң орынды наразылықтардың туындауы да заңды. Тек әрбір әрекетті тиісті құрылымдар ушықтырмай, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер аясында жүзеге асырса, елдік мүддеге сай біршама шаруа шешімін табарына күмән жоқ.

Қуандық ШӘКІРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз