Жарнама
ЖаңалықтарСпорт

Құрыштай спорт саңлағы

Тек қазақ халқы емес, күллі адамзат тарихында еңбекті сүюге деген құлшыныстың әркез жоғары тұратыны хақ. Қай салада болмасын, әр адам өз мамандығы мен кәсібіне жауапкершілікпен қарап, ісін мұқият әрі тиянақты істесе оның нәтижесі де жоғары болады. Сол меже тұрғысынан алғанда облыстың спорт саласында еңбексүйгіштіктің шынайы үлгісін көрсетіп, «Еңбек адамы» деген атқа лайық өмір сүрген жан белгілі спортшы, кәсіпқой боксшы Болат Теміров болатын.

Ол отандық бокс мектебінің әлемге танылуына зор үлес қосты. Қазақтың даңқты былғары қолғап шеберлерінің алдыңғы легінен орын алған Болат Бисенұлы тек Атырау жұртшылығы емес, барша елге жақсы танымал. Біз мұны әрқашан мақтанышпен айтамыз.

Талантты жерлесіміз, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Кеңестер Одағының бес дүркін чемпионы, Европа және әлем чемпионаттарының қатысушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Болат Теміров өз ісінің нағыз майталманы, туған жерінің нағыз патриоты болды. Қолынан келгенше жарысты Атырау өңірінде өткізуге тырысатын. Мен Атырау қаласы әкімінің қызметінде болған кезде Болатпен сондай жарыстардың біріне дайындық барысында таныстым. Ол маған бокс спортынан жарыс ұйымдастыруға өтініш білдіріп, спортты әрі қарай дамыту жөніндегі ойымен бөліскен болатын. Сөйтіп, біз бірнеше жарысты бірге өткізіп, бір-бірімізге аға мен іні ретінде бауыр бастық. Есімде қалғаны – Болаттың спортты дамытуға шынайы құлшынысы.

img 20231212 wa0038

Спортта жарқын жеңістерге қол жеткізген Болат Теміров Қазақстан спортын одан әрі дамытуға және жас спортшыларды тәрбиелеп, олардың шеберліктерін шыңдауға зор үлес қосқан спорт менеджерлерінің бірі болғанын атап айтқым келеді. Ол әлі де осы салада ерен істерді жасайтын азамат еді. Амал қанша, былтырғы желтоқсанда елу төрт жасқа қараған шағында беймезгіл өмірден өтті.

Жаттығуда өзіңді аясаң, ертең қарсыласың шаршы алаңда сені аямайды. Сондықтан, Болат темірдей тәртіпті бұлжымас өмірлік қағидасына айналдырды. Жаттығу барысында ауыр гантельдерді жиі қолданып, соққы жұмсау кезінде соның әсері сезілетіндей жүктемені күшейте берді. Осыны әдетке айналдырып, шаршы алаңда әр соққысын орнымен жұмсауға қол жеткізді. Бұған жігіттің жігіті ғана шыдайды!.. Біздің Болат осы қиындықтарға шыдады.

Атына заты сай азамат еді ол, Болат десе, болат еді. Өзінің спорттық өмір жолында 248 рет рингке көтеріліп, қарсыластарымен кездесіпті. Соның 234-інде жеңіске жеткен. Бұл – айтар ауызға ғана оңай. Спорт залында талмай жаттығудың, тау мен тасқа өрмелеп, бірнеше шақырымға жүгірудің, ауыр тастар лақтырудың, шелектеп тер төгудің нәтижесінде ғана осындай жарқын жеңістерге қол жеткізуге болады.

Ол қоғамдық өмірге де белсене араласты. Туған жері – Атырау қалалық мәслихатының бірнеше мәрте депутаты болып сайланды. Халықтың көтерген мәселелерін шешу үшін аянып қалған жері жоқ. Қазақстан әуесқой бокс федерациясының бас хатшысы ретінде де үлкен жұмыстар атқарды. Ол беделді басшы еді, спортта жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі де мол болды. Федерация басшыларының бірі ретінде ол елдегі көптеген турнирлерді барлық күш-жігерін салып ұйымдастырды. Қысқа ғана ғұмырында осы шаруалардың барлығына уақыт тауып, қалай үлгергеніне еріксіз қайран қаласың!..

Болаттың түрлі деңгейдегі көптеген марапаттары болса да, Атырау облысына қосқан үлесі үшін «Атырау облысының Құрметті азаматы» деген атағы болған жоқ. Сосын туған жерге кезекті іссапарым кезінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен арнайы кездесіп, осы мәселені талқыладым. Өйткені, Болат Теміровтың облысқа қосқан үлесі зор, еңбегі мол, ал өз өңірінде мұндай атаққа ие болмаған әділдік болмас деп есептеймін. Сондықтан, «Атырау облысының Құрметті азаматы» деген атақты Болат Бисенұлына беруді ұсындым. Облыс әкімі Серік Жамбылұлы да ұсынысты қолдап, 2022 жылдың маусым айында Атырау облысы мәслихатының шешімімен Болат Теміров мәртебелі атаққа ие болды. Сонда мен шексіз қуандым. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың қатысуымен өткен марапаттау рәсіміне Болатты құттықтау және қуанышымен бөлісу үшін Атырауға арнайы келдім. Екеуміз сол күні бірталай әңгімелестік. Болат алға қойған көптеген мақсаттарымен де бөлісті. Өкінішке қарай, ауыр дерт бауырымызға арман-мақсатын орындауға мүмкіндік берген жоқ.

Болаттың өзі өмірден өтсе де, оның жарқын бейнесі мен спортта қол жеткізген тамаша жетістіктері біздің есімізде сақталып келеді. Елі оны ұмытқан жоқ. Оған нақты дәлел – саңлақ спортшының өмірі мен даңқты жолынан сыр шертетін «Қазақ спортының Құлагері» атты арнайы дайындалған кітап еді.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге жарар ол» дейді халқымыз. Сол айтпақшы, қысқа ғана ғұмырында зор жетістіктерге қол жеткізіп, өмір жолы өнегелі Болат Бисенұлын ұмытуға хақымыз жоқ. Ол бізбен және өзі тәрбиелеген спортшы азаматтармен бірге көңіліміздің төрінде жасай береді.

Егер әрбір  адам өз мамандығын Болаттай сүйіп, қолға алған ісіне асқан жауапкершілікпен қараса небір қордаланған түйіндердің де шешімі оңай табыларына талас жоқ. Өскелең ұрпақ содан өнеге мен тәлім алып тер төксе, саңлақ спортшының ізі өшпейді, ісі ұмытылмайтыны анық.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің

VII-VIII шақырылымдарының депутаты

Астана қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button