
Құрмет – Отан қорғаушыларға арналды
7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік іс-шара Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрында жоғары деңгейде өтті.
Бұл – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сарбаздар мен офицерлерге көрсетілер ерекше құрмет күні. 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылған болатын. Содан бері бұл күн – ел тәуелсіздігін, бейбіт өмір мен тұрақтылықты қорғау жолында аянбай қызмет етіп жүрген ер азаматтардың кәсіби мерекесі ретінде аталып келеді.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, құқық қорғау органдары мен әскерилер, ардагерлер қатысты.
Жиында Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу жолына шолу жасалып, ел тыныштығы жолында қызмет атқарып жүрген жауынгерлердің батырлығын еске алды. Бұл – әр азамат үшін асқақ мұрат, аласармас абырой саналатын Отан алдындағы борыштың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Мерекелік іс-шарада республикаға танымал өнер ұжымдары мен жергілікті өнерпаздар сахнаға көтеріліп, белгілі композиторлар мен өңірге танымал сазгерлердің әндерін орындады. Мың бұралған бишілер көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап, өнер көрсетті.
Сахна төрінде патриоттық рухтағы әндерімен көпшілікке кеңінен танылған «Абырой» тобы да өнер көрсетіп, кештің көркін келтірді. Олардың жігерлі әрі әсерлі өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жиын соңында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументі жанында
жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадтың тікелей эфирдегі көрсетілімін Led экран арқылы тамашалады.
Президент парадқа қатысушыларды құттықтап, елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтау керектігін айтты.

– Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Парадқа ардагерлер мен лауазымды тұлғалар шақырылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы То Лам Астанадағы әскери парадқа қатысып қатысты.

Парадқа төрт мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағы қатысып, даярлықтарын танытты.
Парадқа Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері қатысуда. Әр парадтық бөлімше 156 әскери қызметшіден тұрады. Шеру 300 музыканттан тұратын оркестрдің шеруімен аяқталады.
Сондай-ақ соғысқа қатысқан 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандықтың тең жартысы ерлікпен қаза тауып, бейбітшілікті жақындатқанын айтты. Сонымен қатар жеңістің 80 жылдығы аясында 500-ге жуық көшеге ел қаһармандарының есімі берілетінін жеткізді.
Парад ел армиясының айбынды бейнесін паш етіп, Отан қорғаушылардың рухын асқақтатты.
Мерекелік іс-шара Отан алдындағы борышқа деген құрметті арттырып, ел қорғаны – ер азаматтардың ерен еңбегін тағы бір мәрте дәріптеген тағылымды жиын болды.





Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ