Құрманғазылық фельдшерлер жүкті әйелді босандырды
Құрманғазы аудандық жедел жәрдем станциясының фельдшерлері Аманқос Нұрлыбеков пен Назгүл Құлбаева Ақкөл ауылында 23 жасар келіншекті үй жағдайында босандырып алды. Бұл оқиға 23 наурыз күні орын алған.
Белгілі болғанындай, әйелдің жүктілігі 34-35 апта. Оның 2-3 күннен бері іші ауырып жүрген. Кеше таңертең мерзімінен бұрын толғағы басталып, ішінің ауырсынуы күшейген соң “103” қызметін және учаскелік дәрігерлерді шақырса керек. «Жедел жәрдем» бригадасы жеткенше жергілікті мейірбикелерге пациентті үй жағдайында босандыруға тура келген.
–Сол әп-сәтте №48 бригада мүшелері де шақырту орнына жетіп, жүкті әйел сала мамандарының көмегімен сағат 12:05-те босандырылды. Дүниеге ұл бала келді. Мерзімінен бұрын болған босану болғандықтан шақалақтың салмағы 2,1 келі, бойы 51 см болды. Фельдшерлердің көмегімен кіндігі кесіліп, өңделіп, бір реттік қолданылатын қысқыш салынды. Баланың тері жамылғысы қызғылт, дене температурасы қалыпты, жүрек соғысы анық болған. Анасының да жағдайы қағаттанарлық. Олар бригаданың көмегімен аудандық ауруханаға шұғыл жеткізілді. Кейін ақ халаттылардың шешімімен медавиация шақыртылып, әуе көлігінің кешқұрым уақытқа байланысты ұшу мүмкіндігі болмағандықтан, олар санитарлық автокөлік арқылы облыстық перинатальдық орталыққа тасымалданды, — дейді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Нұридинқызы.
Оның айтуынша, абырой болғанда «жедел жәрдем» қызметкерлері мен мейірбикенің жылдам әрі жүйелі әрекетінің арқасында бала аман-сау дүниеге келген. Мұндай мерзімінен бұрын үй жағдайында босану кезінде қайғылы жағдайлардың орын алуы да әбден мүмкін еді.
–Біз оқиға кезінде еш сасқан жоқпыз. Өйткені бұған дейін де жүкті әйелді үй жағдайында босандырып алып жүрміз. Бұл дерек – он жылдық тәжірибемде тіркелген үшінші босандыру, олардың барлығы қауіпсіз атқарылды. Бірақ соған қарамастан, болашақ аналарда күтпеген жағдайларды болдырмау үшін пациент «103» қызметіне мүмкіндігінше ертерек хабарлауы керектігі жөнінде кеңес беремін. Олар жергілікті учаскелік дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы қажет. Алыс сапарларға шыққанда да мейлінше дәрігеріне ескертуі қажет. Өйткені ана мен баланың саулығына қашан да атүсті қарауға болмайды, — дейді фельдшер А.Нұрлыбеков.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА