Білім сапасы – бірінші кезекте

  Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова баспасөз конференциясын өткізіп, сала бойынша облыста атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ең алдымен, басқарма басшысы өткен оқу жылы жақсы көрсеткіштермен аяқталғанын айта келе, Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының қорытындысын баяндады. (Бұл ақпарат газетіміздің өткен нөмірлерінде жарияланғандықтан, қайталамауды жөн санап отырмыз, – ред.).

– Қуантарлық жағдай, биыл халықаралық, республикалық ғылыми жобалар байқаулары мен олимпиадаларында жүлдегер атанған оқушылар саны 34-ке жетіп, тестілеу сынағынан босатылды. Бұл түлектер еліміздің кез келген жоғары оқу орындарының білім грантына ие бола алады. Биыл 76 «Алтын белгіге» үміткеріміздің – 39-ы,18 «Үздік аттестатқа» үміткердің алтауы білімдерін дәлелдеп шыққан болатын. Бірақ, жуырда ғана ҚР Білім және ғылым министрлігінің тестілеуі нәтижесінде бір-екі балл жетпей қалған түлектерге арифметикалық есептеу арқылы «Үздік аттестат» беру жөніндегі бұйрығы шықты. Соған орай, біз «Алтын белгі» немесе «Үздік аттестатқа» бір-екі балл жетпей қалған 49 балаға «Үздік аттестат» табыстадық, – деді бас-қарма басшысы. Биылғы басты жаңалық — Атырау қаласында қазақ-түрік қыздар лицейінің ашылуы болды. Арнайы сараптама нәтижесіне сүйенсек, батыс өңіріндегі 7-11 сынып аралығындағы елуге жуық қыз бала өзге аймақтардағы қазақ-түрік қыздар лицейлерінде білім алып жатыр екен. Нұрсәуле Сайлауованың мәлімдеуінше, қазір лицейге жетінші сыныпқа 72 бала қабылданып отыр. Жақында сегізінші сыныпқа тағы 25 бала қабылдау жоспарда бар.

– Тағы бір басты жаңалығымыз, биылғы оқу жылында көзі нашар көретін балаларға арнап арнайы сынып аштық. Бұл ата-аналар, балалар үшін үлкен көмек болып отыр. Батыс өңірінде мұндай сынып тек Орал қаласында болатын. Айта кететін тағы бір мәселе, құлағы естімейтін және тілінің кемістігі бар балалардың мектептерін ауыстырған болатынбыз. Бұл жағдай ата-аналардың ренішін тудырып, үлкен резонансқа айналды. Бірақ, аймақта тілі кеміс балаларды қамти алмай отырғанымызды ескеріп, екі мектепті ауыстыруға тура келді. Өйткені, 70 орынға негізделген мектепте 150 тілі кеміс бала білім алып отырса, қала маңындағы 200 орындық №3 мектеп-интернатында 60 бала тәрбиеленіп келді. Сөйтіп, қазір облысымызда тілі кеміс балаларды стандартқа сай біліммен толық қамтуға мүмкіндік алдық, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Толығырақ газетімізден оқи аласыздар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз