Құрманғазыда үкіметтің үйіне өздері тұрмай, жалға берген
Құрманғазы ауданында 60 пәтерлік тұрғын үй секторына рейд жүргізілді. Бұл туралы AtyrauPress тілшісі хабарлады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген үйлерді мақсатты бағытта пайдалануын тексеру үшін аудан әкімдігімен кезекті рейд жүргізілді. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұл жолғы кезекті тексеріс жұмыстарын тұрғындар тарапынан бірқатар шағымдар түскен Кадырка елді мекені Астана көшесі 18, 22, 26 орналасқан көпқабатты пәтерден бастады.
Рейд жүргізгендер алдымен мемлекеттік бағдарлама арқылы заңды түрде жалға алған пәтер иелерінің бар-жоғын тексерді.
Себебі, кейбір азаматтар пәтерлерді мемлекеттік бағдарлама негізінде алғанымен, өздері тұрмай, жалға беріп қою факті жиі кездесіп отыр.
Тексеріс барысында осындай заң бұзушылыққа барған 23 пәтер иелері анықталып, оның 8-іне хаттама толтырылды.
Анықталған баспана иелеріне ескерту беріліп, мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген баспананы ала отырып, оны қолданбай басқа адамға жалға беру бұл заңға қайшы әрекет болып саналатыны түсіндірілді.
Тұрғын үйді жалдаудың шартында көрсетілгендей, жалға алушы: тұрып жатқан тұрғын үйді (пәтерді, бөлмені) басқа жалға алушыларға беруге; осы шарттың талаптарына сәйкес, белгіленген мөлшерде тұрғын үйді пайдаланғаны және коммуналдық қызметтер үшін уақытында төлем енгізуге міндетті делінген.
«Құрметті пәтер иелері, Сіздерден, жалға алған тұрғын үйді мақсатты пайдаланып, коммуналдық қызметтерді уақытылы төлеп, көпқабатты үй айналасын таза ұстауларыңыз сұралады» дейді құзыретті орган өкілдері.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ