Құрманғазыда егістік көлемі 200 гектарға көбейеді
Облыстағы ежелден егіншілікті кәсіп етіп, одан нәсібін тауып келе жатқан өңірлердің бірі – Қиғаш бойындағы Құрманғазы ауданы.
Көлемі жағынан алғанда мұндағы егіндіктің аумағы аса бір көп болмағанымен шығымы жақсы, бары берекелі. Оны жыл сайынғы жиын-терім нәтижесі көрсетіп келеді. Осылайша, құрманғазылық шаруагерлер биыл егістік жердің көлемін 200 гектарға көбейтпекші. Осынша алқапқа негізінен көкөніс-бақша және малазықтық дақылдарын өсіруді жоспарлап отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың айтуынша, ертеңгі егінжай ырыздығының негізі қаланар маңызды да жауапты маусым – көктемгі дала жұмыстарына егіншілікпен шұғылданатын 60-қа тарта шаруашылық субъектісі тартылған. Сонымен бірге 30 шамалы техника (оның дені доңғалақты және шынжыр табанды трактор), 10-нан астам түрлі жұмыстарды атқаратын агрегат қатыстырылуда.
– Жылдағыша сәуір айы туысымен ауданда көктемгі дала жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта егіс дақылдары отырғызылатын алқаптарды жырту, атыздар мен су жүретін жүйелерді әзірлеу шаралары қолға алынуда. Ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан егіншімеханизаторлар жылға азық болар көктемнің әр күнін ұтымды пайдалануға ұмтылуда. Шаруагерлер жер жырту жұмыстарына аудандық аграрлытехникалық колледжінің теңгеріміндегі «Джон дир» маркалы, қуаттылығы жоғары әмбебап тракторды қолданып отыр. Сондай-ақ, олар «Қаз Азот» АҚ-ына 3 тонна отандық минералды тыңайтқышқа келісім-шартпен тапсырыс берді, — дейді салалық бөлім басшысы.
Осылайша, егіндіктің үштен бір бөлігінен астамына картоп, 255 гектарына малазықтық дақылдары, 210 гектарына көкөніс, 100 гектарға жуығына бақша дақылдарын өсіруді мақсат еткен құрманғазылықтар бүгінде іске белсене кірісті. Егіндіктің 45,7 пайызы шаруа қожалықтарына тиесілі болса, қалған 54,3 пайызы немесе тең жартысынан астамы жеке тұрғындардың еншісінде. Осының өзінен-ақ, Қиғаш бойын қоныстанған елдің егінге жұмылғанын аңғару қиын емес.
Дәулетқали АРУЕВ