Құрманғазыда Бірлік ауылынан балық өңдеу цехы салынып, 50 адам жұмыспен қамтылды
Биыл Теңіз ауылында осындай балық өндеу цехы іске қосылады.
«Бұл туралы өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін берген Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев айтты» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
«Осыған дейін ауланған балықтардың басым бөлігі шет елдерге мұздатылған, салқындатылған, қатырылған, кептірілген күйінде өңделіп, еуростандартқа сай жөнелтіліп келген еді. Балықты өңдеу, тоған шаруашылығын дамыту мақсатында «Каспий — Балық» өндірістік кооперативі Ресейден инвестор тарту арқылы, Бірлік ауылынан балық өндеу цехын салды. Жалпы құны 200 млн. теңгеге бағаланған жоба тәулігіне 30 тонна балық өндейді. Қазіргі уақытта 50 адам тұрақты жұмысқа тартылып отыр.
Балық аулау науқанында 350 тонна балық еуростандартқа сай өңделді» деп атап өтті спикер Қайрат Нұртаев.
Атап өту керек, есепті мерзім ішінде 3361 тонна балық Ресей Федерациясы, Грузия, Украина елдеріне экспортқа шығарылды.
Еске сала кетелік, онлайн форматта өтіп жатқан брифингке Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысуда. Брифинг «Атырау», «Каспиан ньюс» каналдары арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде таратылып жатыр.