Атырау әкімдігі мен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы келісімшартқа отырды

YIntyima tastyi Жаңалықтар

Атырау облысы әкімдігі мен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясы арасында жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Аймақ басшысының бірінші орынбасары Серік Шапкенов пен «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн қол қойған құжат отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық

Инвесторлардың назары елімізге ерекше ауып отыр. Мұнай өндірісі аймақтардың дамуына жол ашуда. Соның көрінісіндей, «НКОК» компаниясы Атырау облысының дамуына 25 жылда 318 млн. АҚШ  долларына жуық қаражат жұмсады. Соңғы үш жылдағы инвестиция көлемі жыл сайын 25 млн. АҚШ долларына жетті. Солтүстік Каспий жобасының операторы жүзге жуық әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.

– Елбасы жергілікті әкімдікке қазақстандық қамтуды ұлғайту міндетін қойып отыр. Осы бағытта шетелдік ірі компаниялармен жүйелі жұмыс жүруде. «НКОК» компаниясының «Атыраунефтемаш» және «Жігермұнайсервис» ЖШС-терімен келісім-шартқа отыруы жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асырылуының көрінісі деуге болады. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою Солтүстік Каспий Консорциумының жергілікті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер мейлінше көп қолданылатын әлемдік деңгейдегі жобаны жүзеге асыру міндеттемесіне сай келеді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

«НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэннің айтуынша, қол қойылған құжат білім беру, сарапшылық және консультациялық қызмет ұсыну саласында ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Жергілікті қамтуды дамыту мәселесі бойынша ақпарат алмасады. Бүгінде «НКОК» компаниясының Атырау облысындағы жергілікті жабдықтаушыларға қолдау көрсету бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Соның нәтижесінде Атырау облысында қызмет атқаратын компаниялардың 1700-ден астам жергілікті қызметкері оқудан өтіп, түрлі кәсіби-техникалық мамандықтар бойынша біліктілікке ие болыпты. Алып құрылым былтыр 146 қазақстандық компаниямен 213 келісім-шарт жасасқан.  Оның жалпы құны 1 миллиард 700 миллион АҚШ долларын құрайды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз