РӘМІЗДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫП ЖҮРМІЗ?

Аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен облыс әкімі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында қолданыстағы рәміздерде орын алған өзгерістер мен жол берілген заңсыздықтар жайы сөз болды. 

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті директорының міндетін атқарушы Алмагүл Елеусінова бұрын Мемлекеттік Туға тек біркелкі материал қолданылған болса, енді материал түріне шектеу қойылмайтынын айтты. Яғни, Туды дайындау кезінде стандарт талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін жібек, атлас, политекс, габардинді қоса алғанда, таза, аралас, синтетикалық, жасанды маталардың кез келген түрлері қолданылатын болады.

Комиссия отырысында аталған департамент өкіліне мемлекеттік рәміздерге қажетті материалдар бұқараға қаншалықты насихатталып жүргені жайында және мемлекеттік атрибуттарды шығаруға лицензия алған мекемелердің жұмыстары туралы сауалдар қойылды.

Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан рәміздерді бақылауда, оның жұмысын жүргізуде бірден-бір құзырлы орган Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті болғандықтан, олар насихат жұмысын қолға алып, рәміздерді стандарттарға сай қолдану жұмыстарын әлі де болса жандандыру қажеттігін баса айтты.

Рәміздерді пайдалану және насихаттау жұмысын тексеру мақсатымен өңірге келген инспекциялық топ мүшелерінің жұмысы туралы баяндаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева аймақ бойынша 71 мекемедегі рәміздерге тексеру жүргізілгендігін атап айтты.

«Барлық басшылардың жұмыс кабинеттеріндегі, ғимараттардағы, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда Елтаңбаның кей элементтері стандартқа сәйкес келмейді. Диаметрлері талапқа сай емес, Елтаңбадағы қанатты тұлпарлардың басы жуандап кеткен кездер де болды. Бұл тиісінше шаңырақ тірегі уық санының азаюына алып келген. Мекемелерге кірер жердегі маңдайшадағы Елтаңба көлемді емес, мәжіліс залдарындағы трибуналарға Елтаңба орнатылмаған» деп анықталған заңсыздықтар жайында мәлімдеді.

Комиссия төрағасы жиын соңында басқарма басшыларына мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай, стандартқа сәйкес болуын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.

         Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз