Құрманғазы ауданында тас шығаратын цех іске қосылды
Құрманғазы ауданының орталығы — Құрманғазы ауылында сапасы жоғары, салмағы жеңіл тас шығаратын цех іске қосылды.
— Мұның өзі жергілікті кәсіпкердің ұсынған бизнес-жобасына мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдаудың нәтижесінде мүмкін болып отыр, — дейді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары.
Олардың айтуынша, күні бүгінде шағын өндіріс орнында жеті адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта толық қуатына еніп, атқарылатын жұмыстың көлеміне қарай бұлардың саны көбейеді. Әзірге мұнда тәулігіне 300 данаға дейін тас өндіріледі.
Бұған қажетті негізгі шикізат — қалқан осы жерде шығарылады, басқа материалдар өзге өңірлерден тасымалдапып жеткізіледі. Басты бір ерекшелігі сол, көлемі мен пішінінің түрліше болғанымен тастың сапасы жоғары, салмағы жеңіл, қолданысқа ыңғайлы. Оның үстіне, қыс мезгілінде жылылық ұстайды, жаз айларында ыстық өткізбейді. Базар бәсімен салыстырғанда ауылда шығарылатын тастың бағасы арзан әрі қолжетімді көрінеді.
Дәулетқали АРУЕВ
Құрманғазы ауданы