
Құрманғазы: 16 ауыл — қауіпті аймақта
Құрманғазы ауданында 16 округтің аумағы су келу қаупі бар аймаққа жатады. Солардың ішіндегі ең қауіптісі – Шортанбай, Дыңғызыл, Көптоғай, Бөкейхан, Кудряшов, Бірлік, Сафон, Жаңаталап ауылдық округтері.
Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің хабарлауынша, аталған ауылдарда «Толағай -2050» ЖШС жаға бекіту жұмыстарымен айналысуда. Бұл мақсатқа аудандық шұғыл шығындар резервінен 35 млн. теңге қаражат бөлініпті. Күні бүгін жаға бекіту жұмыстарына жалпы саны 60 техника жұмылдырылған. Өр суынан қорғану шараларына сондай-ақ «Бекет Сәт Жол», «Павлодар өзен порты», «Декор», «Болат Д» ЖШС-тері, агроколледж және басқа кәсіпорын-мекемелер де атсалысуда. Кәсіпкерлер де өз техникаларымен көмектесуде.
–Волгоград су қоймасы арқылы 6-10 сәуір аралығында бір тәулікте секундына 6-7 мың текше метр су жіберу жоспарланған. Ең шарықтау шегі 23 сәуірден басталады, секундына 26 мың текше метр жіберіледі деп болжамдалып отыр. Бізде резервте 35 мың қап бар. Одан бөлек, тағы да 50 мың данасын алғалы отырмыз. Бұл жұмысқа барлық ауылдардың тұрғындары асқан ұйымшылдықпен кірісуде,– дейді А.Жанғалиев.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ
Құрманғазы ауданы