
Қуаныш Бишімов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің жаңа басшысы тағайындалды. Қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен кәсіпорынның Бас директоры қызметіне Қуаныш Бишімов келді. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа басшыны зауыт ұжымына «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Аппарат басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлы таныстырды.
Қуаныш Бишімов мемлекеттік басқару мен өнеркәсіптік салада мол тәжірибе жинақтаған. Ол әр жылдары кеден органдарында, республика Экономика және сауда министрлігінде, Индустрия және сауда министрлігінде, Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» РМК-да, сондай-ақ «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ Бас директоры, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі – «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің бас директоры.
«ҚазМұнайГаз» басшылығы Қуаныш Бишімовке бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, зауыттың операциялық тиімділігін арттыру, жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін көбейту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін жақсарту, экологиялық жобаларды жалғастыру, 2025 жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарын сапалы өткізу және қызметкерлерге қолайлы, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету міндеттері қойылды.
Айта кетейік, осыған дейін аталған зауытты басқарған Ғалымжан Жусанбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.