ҚР Президенті 5,2 млрд теңгеге салынған мектепке барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен жылы ашылған Prometheus school мектебіне барды, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Prometheus school білім беру ұйымын аралап көрді.
Президентке білім ордасының оқу кабинеттері, жаратылыстану зертханалары, мектепте сабақ оқытудың Daryn Go, Booky-Wooky авторлық әдістемелері, сондай-ақ оқу орнының жалпы инфрақұрылымы таныстырылды.
Рrometheus school былтыр 9 қарашада ашылған. Мектеп 840 оқушыға арналған. Аумағы – 12 мың шаршы метр. Білім беру мекемесін салу үшін 5,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Аз қамтылған отбасылардың дарынды балалары үшін білім гранттары бөлінеді. Мектеп жыл сайын грант санын арттыруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысына Enlightenment Power Group қоры жүзеге асырып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді. Қор директоры әрі мектептің бақылаушылар кеңесінің төрағасы Досым Бесбайдың айтуынша, 1400 оқушыға арналған «ФизТех» мектебін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектеп түлектердің әлемдегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік туғызу үшін сапалы білім беруді көздейді. Мектеп құрылысын биыл қараша айында аяқтау жоспарланған. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 3,9 миллиард теңге.