
Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Атырауда кәсіпкерлер мен фермерлердің мәселесін тыңдады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Respublica партиясының төрағасы өңірдегі бизнес құрылымдар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жергілікті фермерлер және қоғам өкілдерімен кездесті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алғашқы күні Индер ауданындағы «ИСИ Гипс Индер» гипсокартон зауытына табан тіреліп, кәсіпорынның жұмысын тежеп тұрған бірқатар мәселе көтерілді. Зауыт басшылығы электр қуатының тұрақсыздығы, өндірістік қалдықтарға арналған полигонның жоқтығы және теміржол желісінің жеке меншікке тиесілі болуы өндіріс процесі мен өнім тасымалына елеулі кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Айдарбек Қожаназаров бұл мәселелердің жүйелі түрде шешілуі қажет екенін айтып, оларды орталық мемлекеттік органдар мен «ҚТЖ» кездесу өткізіп, шешімін іздейтінін айтты.
Келесі күні Атырау қаласындағы «Карат» ЖШС жұмысымен танысты. Ондағы мақсат – өндірістік үдерісті бағалап, кәсіпорындағы түйткілдерді анықтау.
- Атырау облысындағы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларында кездесетін кемшін тұстарға назар аудардық. Қыркүйектен бастап оларды Мәжіліс алаңында көтеріп, депутаттармен бірлесе шешудің жолдарын қарастырамыз. Индер тұрғындарының айтуынша, кәсіп бастау үшін жер алу рәсімі күрделі әрі ұзаққа созылады. Аудандағы өзара бәсекелестік қаламен салыстырғанда төмен болғандықтан, бұл мәселені оңтайлы шешіп, тиісті жүйеге келтіру қажет. Ал ауыл шаруашылығы саласында алдағы маңызды міндеттердің бірі – республика көлемінде мал басын нақты санап, шынайы статистикалық есеп жүргізу, — деді А. Қожаназаров.
Халық қалаулысы өңірдің фермерлерімен де жүздесіп, ауыл шаруашылығы саласында кездесетін проблемаларға құлақ асты. Кездесу барысында ветеринариялық қызметтің дербес құрылым ретінде жұмыс істемеуі, зертханалардағы паразиттік аурулар мен улану жағдайларын анықтау мүмкіндігінің шектеулілігі, сайғақтар санының шамадан тыс артуы және жайылым жетіспеушілігі, малдың қарақұрттан қырылуы, сондай-ақ шегірткеге қарсы шаралардың уақытылы жүргізілмеуі сияқты жайттар көтерілді.
Сонымен қатар Айдарбек Қожаназаров «Eurasia Support Services» ЖШС-іне барып, екіжақты тиімді ынтымақтастық орнату және кәсіпорынды партиялық жобаларға тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Депутат Re.Women әйелдер ассоциациясының өкілдерімен кездесті. Бұл іс-шарада әйелдердің қоғамдағы рөлі мен әлеуметтік белсенділігі жайлы мәселелер қозғалды. Кездесу конструктивті диалог форматында өтті.
Respublica партиясы бұдан әрі де өңірлермен тікелей жұмыс істеуді жалғастырып, жергілікті деңгейдегі түйткілдерді республикалық ауқымға жеткізуді мақсат етеді.