Жарнама
Жаңалықтар

Қоңыр үнді Табылды

Ортақшыл ауылындағы «Самал» мәдениет үйінде ерекше бір кеш өтті. Ауылдың шағын мәдениет ошағы бұл күні жүрекке жылы естеліктерге, сағынышқа, дала үніндей қоңыр әндерге толды. Қазақтың тұңғыш бард ақыны атанған Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған әдеби-сазды шара ауыл кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

        Кешті мәдениет үйінің басшысы міндетін атқарушы Құралай Ардаққызы ашып, келген қонақтарға алғыс айтып, Табылды шығармашылығы туралы қысқаша пікірін бөлісті. Ол бұл кештің жай ғана еске алу емес, ел есінен кетпейтін рухани тағзым екенін атап өтті.

      Шара барысында ақын туралы бейнебаян көрсетілді. Кадр сыртындағы дауыс пен архивтік суреттер көрерменді өткен күнге жетелеп, Табылдының шығармашылық әлеміне еніп кеткендей әсер қалдырды. Оның студенттік шағы, сахнадағы сәттері, өзіне ғана тән бірбеткей мінезі – барлығы осы бейнежазбадан көрініс тапты.

       Кештің қадірлі қонақтары – ақынның жары Қарлығаш Ибатованың туған әпкелері Айнагүл мен Майгүл Ибатовалар болды. Олар Табылдының жастық шағынан, өнерге алғаш қадам басқан кездерінен естеліктер айтып берді.

      Кеш барысында мәдениет үйінің режиссері өз жүрегінен шыққан «Ақындарды ақтау» атты авторлық өлеңін оқыды. Жұрт үнсіз тыңдап, әр жолына шын ниетпен үн қосты. Бұл – ақын рухына ауылдан жолданған үн еді.

     Сондай-ақ ауыл кітапханашысы, “Ұрпақтар келісімшарты” жобасының қатысушысы Алма Қалбергенова арнайы кітап көрмесін таныстырып, Табылдының шығармалары туралы тың деректер ұсынды. Оның айтуынша, кейбір әндерінің жазылу тарихы мен алғашқы орындалу сәттері бүгінгі ұрпаққа беймәлім.

     Кеш соңында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Табылдының өмірлік досы Елена Әбдіхалықованың “Доспен қоштасу” атты бейнебаяны көрсетілді. Бұл ән кезінде Табылдының көзі тірісінде жазылған. Бейнебаян зал ішіндегі тыныштықты бұзып, адамдардың көңілін тағы бір тербетті.

       Иә, осындай кештер әнге айналған тағдырды еске салып қана қоймайды, ұрпаққа өнеге де береді. Табылды – ауылдан шыққанымен, бүкіл қазақтың жүрегіне жол тапқан ақын. Оның қоңыр үні халықтың жадында қалды. Ал Ортақшыл ауылындағы бұл бір кеш – соның айғағындай болды.

Майра ЕРҒАЛИ

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button