Қол жұмсаймын деп қорқытады…
Облыс жасөспірімдері арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау көрсеткіші бұқараны алаңдатып отыр. Ал, жергілікті құзырлы органдарды осы бағыттағы көрсеткіштің өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары болғаны мазалайды. Бұл – облыстық білім беру басқармасы мамандарының ұсынған мәліметі.
Өкініштісі сол, суицидке ұмтылатындар арасында қыз балалар көп. Былтыр 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап өмірден өтсе, биыл 11 жасөспірім суицид жасаған. Бұғанасы қатпаған балалардың мұндай қадамға не себепті барғаны көбінесе анықталмайды. Сонымен қатар, әлімжеттік көрген (буллинг) балалар туралы да жиі айтылғанмен, нақты дерек жоқ екен. Ата-ана полицияға баласының зәбір көргенін айтып, арыз түсірмейтін көрінеді. Бұл жөнінде «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңес мәжілісінде айтылды.
Жергілікті мәслихаттардың депутаттары, полиция департаментінің өкілдері мен қоғам белсенділері бас қосқан кеңесте облыстағы жастарға қатысты өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шешу жолдары сөз болды.
– Бүгінде тіркелген суицид фактісі 38 болса, оның 11-і қайғылы жағдаймен аяқталды. Олардың нақты себеп-салдары тергеу амалдары кезінде анықталған жоқ. Тек 11 қылмыстың бірі жауапсыз махаббат, екіншісі қыз бен жігіттің жүруіне қыздың ата-анасының қарсылығынан деген болжам жасалды. Оған қыздың анасына ұялы телефон арқылы жазған хаттары негіз болды, — деді облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Орынгүл Көшқалиева.
Білім беру басқармасының өкілдері мәселені шешу үшін психологиялық көмек көрсету орталығын ашуды ұсынды. Ал, полицейлер буллингтің қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болғанымен, ол үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік көзделмегенін айтады. Бір анығы, болған факт бойынша бұзақының іс-әрекеті сараланады. Сонымен «жылы жабылып» қалады екен. Жыл басынан бері буллинг белгісі бар 8 факт анықталған.
– Республика бойынша буллингке мониторинг жасалмайды. Мысалы, мектепте әлімжеттік жасалды. Егер оны бейнебақылау арқылы анықтаса, полиция департаментіне ресми хабарлама түседі. Басқарма сол бойынша жұмыс істейді. Жақында BINOM мектебінде болған жағдайды білеміз. Ата-ана баласына әлімжеттік жасалғанын айтқан. Алайда, құзырлы мекемелерге ресми түрде тіркелмеген, — деді облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл жасөспірімдер арасында жасалған 65 қылмыстың көпшілігі ұрлыққа қатысты. Былтыр жалпы 39 көрсеткіш тіркеліп еді.
Мәжілісте кеңес мүшелері мен қатысушы жастар тарапынан мектептегі камералар, психологтардың қызметі, сенім телефондарының сенім деңгейі, ата-ана мен оқушының қарым-қатынасы, буллинг бойынша көрсеткіштер, өзге де сұрақтар қойылды.
Алмас ҚАБДОЛОВ