Қоғамның әралуандығы кедергі емес, ол басымдық ретінде қаралуы керек
Atr.kz/13 ақпан, 2020 жыл. ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық сстратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері Жасұланбек Майлыбай Қордай оқиғасы жөнінде пікір білдірді.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қордайдағы оқиғаға байланысты ел халқына Үндеу жолдады. Ел ішіндегі татулық қоғамдық тұрақтылық пен экономикалық өсімнің алғышарты бола алады. Тиісінше, мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы арта түседі. Сондықтан, қоғамның әралуандығы кедергі емес, басымдық ретінде қаралуы керек. Себебі мәдени әралуандылық елдің дамуына, толеранттылыққа, жаңа білімді меңгеруге, бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі. Осы жиында өзара түсіністік пен жауапкершілік сезімінің жоғары болуы ортақ отанымыздың көркеюіне жол ашатынын Елбасы тағы еске салды», — деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан – этносаралық құрмет пен түсіністіктің тағылымды тарихы, озық дәстүрі сақталған мемлекет. Мұндай қарым-қатынас саясаты уақыт өте келе тұрақты әрі жаңаша зерделеніп отыруы тиіс. Елбасы Н.Ә. Назарбаев аталған мәселеден мемлекеттік органдар ғана емес, қоғам, әр буын өкілі қалыс қалмауы керек екенін жеткізді.
«Аға мен жас буын арасындағы сабақтастықтың сақталуы маңызды. Мұны Қордай оқиғасы көрсетті. Алдыңғы буынның өмірлік тәжірибесі кейінгі ұрпаққа қажет екенін бағамдауға болады. Сонымен бірге, еліміздегі ұлт пен ұлыс мәселесінің ситуациялық реакциямен емес, жоспарлы, кешенді, тұрақты шаралар негізінде іске асып отыруы маңызды екенін көреміз», — деді Ж. Майлыбай.