ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев: «Оң тәжірибе жалғасын табады»

sadfxgchh Жаңалықтар

Елімізде тұңғыш рет жанар-жағар май өндірісін тоқтатпай-ақ технологиялық қондырғыларды жөндеуге мүмкіндік туып отыр. Бұрын-соңды ешбір мұнай өңдеу зауыттарында қолданылмаған жаңа тәсілді алғаш болып АМӨЗ енгізді. Қазан айында басталған жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, өндіріс кідірмей, «қара алтын» өнімдеріне тапшылық болмайды деп күтілуде. Зауыттағы жөндеу-алдын алу шараларының барысымен танысуға мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев келді.  

Жалпы, бұған дейін де атап өткеніміздей, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында жоспарлы жөндеу жұмыстары қолға алынды. ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғыларды жөндеу 1-қазанда басталды. Биылғы басты жаңалық – бұл жұмыстардың алғаш рет кезең-кезеңмен жүргізілуінде болды.  Яғни, зауыт мұнай өнімдерін шығаруды тоқтатпайды.   

waesrdfghj

Атырау мұнай зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, тоғыз ай ішінде зауытта өңделген мұнай көлемі 4,2 млн тоннаны құрайды. Ол жыл басындағы жоспардан 112 мың тоннаға артық.  Сондай-ақ, 1 млн тонна жанар-жағар май, 1,2 млн тонна дизель отыны, 114 мың тонна әуе отыны мен басқа да мұнай өнімдері өндірілген. Зауыттың мұнай өңдеу көлемін артығымен орындап, рекордтық көрсеткішге қол жеткізгенін атап өткен «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жөндеуді тоқтаусыз жүргізу тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасатынына баса назар аударды.

 –Өткен жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына тоқтатылмай, бір жыл ішінде мұнай өңдеу көлемін рекордты көрсеткішке дейін жеткізді. Биылғы жөндеудің зауыт жұмысын кідіріссіз жүзеге асып жатқаны да қуантарлық жағдайлардың бірі. Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу кезінде 50-70 пайыз қуаттылықпен жанар-жағар май шығаруды және жөнелтуді жалғастыруда. Жалпы алғанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты өндірістік жоспарды толықтай орындайды деп күтілуде, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

asdfghjk

Ұлттық компанияның басқарма төрағасы зауыт ішін толықтай аралап, жұмыс барысымен танысты, компьютерлік-жаттығу сыныбында болды. Бұл сыныптың басты ерекшелігі – мамандар апат орын алған жағдайда жедел шаралар жүргізуге цифрлық жүйе арқылы жаттығады. Зауыт басшылығының айтуына қарағанда, мұндай тәсіл қызметкерлердің біліктілігін арттырып, білімін жаңартып отыруға мүмкіндік береді. 

Ал, кездесу кезінде зауытты энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру, «Tazalyq» жобасын іске асыру, Теңіз кенішінде өндірілетін мұнайды өңдеу мүмкіндіктері мен цифрландыруға арналған жобалар  туралы кеңінен баяндады.

Жиын соңында басқарма төрағасы жоспарлы жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау, цифрландыру мен автоматтандыруға арналған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға тапсырма берді. 

–1-қазанда басталған жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі 15-қазанда аяқталады. Екінші кезең 26-қазанда басталып, 15-інші қарашада мәреге жетеді. Ал, 17-қарашада зауыт толықтай іске қосылуы тиіс. Басты мақсат – осы жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс. Қондырғылар уақытында қосылуы керек,-деді М. Мырзағалиев.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз