Еріктілік – еріккеннің ісі емес

66f23e50 9ee3 4bb8 b740 f695e34708ca Жаңалықтар

Қоғамда қашан да волонтерлердің орны ерекше. Себебі олар жасаған жақсылығы үшін ешқандай төлемақы талап етпейді. «Өзгелерге қолұшын созу – парызым» деп қана санайтын мұндай жаны жомарт, пейілі кең жандардың ешқашан да мәртебесі кемімейтіні ақиқат.

Халықаралық еріктілер күніне орай облыстық әкімдікте өткен салтанатты шараның негізгі көздеген мақсаты да осы болды. Басқосуға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысып, барша жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады.

– Волонтерлер қоғамда мейірімділік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүреді. Олар – COVID-19 пандемиясы кезінде өзіне қауіп төніп тұрса да, халыққа көмек қолын соза білген нағыз ел жанашырлары. Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, сол уақыттан бері республикада волонтерлерге зор қолдау көрсетіліп келеді. Облыста қазір тіркелген 57 волонтерлік топтың құрамында 712 ерікті қызмет етеді. Олар білім, экология, медицина, медиа, PRO BONO, ІТ, төтенше жағдай бағыттары бойынша жұмыс істеп жүр. Соңғы уақытта «этно-волонтерлік» ұғымы да пайда болды. Олардың қай-қайсысының да ел игілігі жолында жасап жатқан еңбектері өлшеусіз, – деді Нұрлыбек Жеңісбекұлы.

Әлеуметтік және қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан облыс волонтерлері мен осындай топтарды көтермелеуді арттыруда қолға алынған жұмыс та аз емес. Соның бірі – облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Азаматтық орталық» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Demey» облыстық конкурсы.

Жасы 50-ден асқан жандарды осы бағытта жұмылдыру мақсатында волонтерлік арқылы білім мен тәжірибе жинақтағандарды азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету арқылы елдің әлеуметтік өміріне белсенді қатыстыру мақсатында «Kumis volunteer» жобасы ұйымдастырылған.

«Азаматтық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жаннат Досқалиеваның айтуынша, қазір аға буынның арасында волонтер болуға ниетті жандар аз емес. «Kumis volunteer» жобасы аяқталса да еріктілермен тығыз байланыс орнатылып, олармен бірлескен жұмыстар жалғаса бермек.

Жақсы істің басында жастар жүр

Салтанатты шара барысында бірқатар волонтерлерді облыс әкімі аппаратының басшысы Алғыс хатпен марапаттап, гүл шоқтарын табыс етті. Марапатталғандардың қатарында Атырау қаласындағы «Жас қауым» волонтерлер тобының жетекшісі, «Асар Уме» қорының Атырау өңіріндегі модераторы Нұргүл Құрманғалиева (төменде) да бар. Ол сегіз жылдан бері әлеуметтік және қайырымдылық бағыттарында бірқатар істің басын қайырған. Оның 2015 жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуден басталған қарекеті бүгінде көмекке мұқтаж отбасыларға баспана сыйлаумен жалғасып келеді.

15be2c00 ed4e 482b b36c 8fd090a91ca6

– Волонтер болу әрине, оңай емес. Біз көпшіліктен алғыспен қатар, наразылықты да көп естиміз. Ата-аналарға баласының ем-домына қаражат жинап беру – қиынның қиыны. Біріне толық көмектессек, екіншісіне мүмкіндік жетпегендіктен жауапкершілік арқаламай, бас тартатын кездер болады. Ондайда қатты реніш білдіріп, ауыр сөздер айтатын аналар да бар. Соған қарамастан қолдан келгенше қайырымдылық жасаудан қалыс қалған жоқпын. Бірде жанымның тыныштығын ойлап, волонтер болудан бас тартуға бел буғаныммен, мүлдем қол үзіп кете алмай, қайта айналып келдім. Сонда мен өзімнің қайырымдылық пен мейірімділікке жақын екенімді, адамдарға көмегім аса қажеттігін ұғындым, – дейді Нұргүл Аманалықызы.

Н.Құрманғалиева жетекшілік ететін қордың негізгі мақсаты – баспанасыз қалған, жалғызбасты, жесір және көп балалы аналарды баспанамен қамту. «Өркендеу» бағыты бойынша оларды жұмысқа бейімдеу, өздерінің үйден жасайтын кәсіптеріне көмек көрсету де басты міндеті. Бүгінде осынау жауапкершіліктің барлығын бірдей көтеріп жүрген Нұргүлдің «Жас қауым» тобында 30-ға жуық ерікті бар.

dd2602b8 9942 4df0 94e8 957c03543db8

Ал «Асар Уме» қорының Атыраудағы филиалында он шақты волонтер қызмет етеді. Өзі волонтерлікке 15 жасынан бастап кіріскен.

– Оқушы кезімде волонтерлердің қайырымдылық ісіне қызығушы едім. «Неге мен де осындай игі іске бет бұрмаймын? Бұл менің де қолымнан келеді» деген оймен волонтерлердің қатарына қосылдым. Бірер ай үзіліс жасап көргенмін, тағдыр теперішін көріп қиналғандар хабарласуын тоқтатпады. Олардың жағдайына бейжай қарай алмаған соң ісімді қайтадан қолға алдым. Негізгі мамандығым – мұнайшы. Қазір шетелдік компаниялардың бірінде қызмет етсем де, волонтерлік – менің сүйікті ісім. Бүгінде белсенді ерікті болуыма сыйлас әріптес апам Әйгерім Жәрдемқызының да еңбегі зор. Қазір соңымнан бірнеше ізбасар көмекшілерім қалыптасып келеді. «Асар Уме» қорында өзіміз көмектесетін отбасыларды егжей-тегжейлі тексеріп, құжатын заңды түрде жинақтаймын. Себебі, бүгінде біреудің атын жамылып, жалған құжат жасақтап, көмекке қаражат сұрайтын алаяқтар да аз емес. Ондайлардың арбауына тап болып, бізге әсте қателесуге болмайды, – дейді жас ерікті.

Жиырма бір жастағы құрманғазылық Арсен Қуандықов еріктілікке пандемия кезінде бет бұрған. Содан бері волонтерліктен бір сәт те қол үзбей, талай жанның  жанынан табылып жүр.

– Жер-жаһанды індет жайлап, адамдар бір жұтым ауаға зәру болған сәтте қол қусырып отыра алмадым. «Бұл – менің азаматтық міндетім» деген мақсат өз өміріме төнген қауіпті екінші кезекке шегере берді. Оттегі толы ауыр баллондарды арқалап, дәрігерлермен бірге жағдайы ауыр науқастардың ортасында жүрдік. Ол үшін еш өкінбеймін. Керісінше адамдарға демеу болу арқылы көңілім бірленеді. Қазір аудандағы Приморье ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырушысымын. Өзім «Текті Теңіз» атты волонтерлік топ құрып, қасыма 15 жасты жинадым. Бүгінде ауылдағы жалғызбасты қарияларға тұрақты түрде көмектесеміз. Олардың үйіне барып, ауласын қоқыстан тазартуды әдетке айналдырдық. Қаражат жинап, азық-түлікпен қамту да күн тәртібінен түскен жоқ. Ауылда қиын жағдайға тап болған отбасылардың әрдайым жанынан табылып, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз, – дейді А.Қуандықов.

Өзгеге қуаныш сыйлап…

Соңғы уақытта «Жақсылық жасап жарысайық», «Қайырымдылық – ізгі қасиет» деген қағидаларды жергілікті волонтерлерден басқа өңірдегі шетелдік азаматтардың да берік ұстанып жүргені қуантады. Өзге ұлт өкілдерінен құралған топ мүшелері облыста балалар үйі тәрбиеленушілерінің бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында шеберлік сағаттарын ұдайы өткізіп келеді. Олар «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының еріктілерімен бірлесіп, әлеуметтік бағыттағы жұмысына қарқын бере бастапты.

– Жұбайым «Теңізшевройл» компаниясында еңбек етеді. Өзім балалардың тәрбиесімен айналысамын. Өзге елде жүрсек те жергілікті тұрғындарға, қоғамға пайдалы іс атқаруды қолға алдым. Отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, көзі нашар көретін балаларға арналған орталық секілді әлеуметтік мекемелермен тығыз байланысып, жан-жақты қолдау білдіріп келеміз. Біздің топтың құрамында 60-тан астам ерікті бар. Бәріміздің мақсат-мүддеміз бір, жер бетінде адамдар бір-бірінің жылуын сезініп, мейірімділіктің ауылынан алыстамаса екен. Өйткені, басқаға қуаныш сыйлай білген адам ең бақытты жан ғой. Бұл бағыттағы жұмысымыз әлі де жалғаса береді, – дейді ағылшын азаматы Анна Финстуэн.

Шетелдік деректерге көз жүгіртсек, Ұлыбританияда «қоғамға өзгеріс алып келемін» деген кез келген адам бос уақытын волонтерлікке арнайды. Мәселен, мұнда 65 жастан жоғары еріктілердің саны 50 пайыздан асқан. Мұндай жастағы волонтерлер әсіресе балалар үйінің түлектеріне қамқорлық танытады. Олар үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жастардың тәуелсіз болуына көмектесіп, кеңестері мен өмірлік тәжірибесін аямайды екен.

Ал, Италияда азаматтар түскі уақытқа берілген бір сағаттың жартысын тамақтануға, қалғанын қоғамға пайдалы іспен айналысуға арнайтын көрінеді. Олар күнделікті кеңсе киімінің сыртынан «волонтер» деген жазуы бар арнайы қызғылт-сары форма киіп алып қоқыс жинап, көше сыпыра береді. Сол арқылы қызметкерлер қоғам үшін игі іс жасайды әрі кеңседе сағаттап отырғандағы қарысып қалған денелерін жазып, ауру-сырқаудың алдын алады.

Осы бірер мысалдан-ақ еріктілік қызметтің шет мемлекеттерде өте қарқынды дамығанын аңғаруға болады.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, волонтерлік ең алғаш 1920 жылы бірінші дүниежүзілік соғыста пайда болған екен. Сол жазда соғыс зардабынан қираған ауылды қайта қалпына келтіруге сарбаздар білек сыбана кіріскен. Содан кейін адамзат тарихында пайда болған халықаралық волонтер лагеріндегі алғашқы еріктілік қозғалыс әлі күнге дейін тоқтаған емес. Ал Қазақстандағы еріктілер қызметі 1991 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер қозғалысы бағдарламасы қабылданғаннан кейін дами бастаған.

Волонтерлік бағыттағы тұңғыш үкіметтік емес ұйым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған. Сөйтіп, волонтерлік идеясы қоғамдық өмірде біртіндеп азаматтық қоғамның араласуының арқасында әр жылдары жаңаша қарқын алып келеді. Енді жоғарыда айтылған шетелдік әдіс-тәсілдерді біздің елге де енгізіп, көпшілік арасында әдетке, әдеттен дағдыға айналдырсақ қандай ғанибет.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз