Қазақстанның үш мегаполисінде 5G тестілік режімнен өтті
Atr.kz/23 желтоқсан, 2019 жыл. Елордада «Қазақтелеком» АҚ-тың ұйымдастыруымен халықаралық «3 rd IoТ Forum Kazakhstan» шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында компания IoТ, Смарт сити, Биг дата, бейнебақылау бойынша жобалардың шешімін ұсынбақ. Форум алаңында отандық және шетелдік сарапшылар мемлекеттік қызметті цифрландыру, өндірісті технологиялық трансформациялау, ТҮКШ саласын автоматтандыру, қаржылық технологияларды дамыту мәселелерін талқыламақ.
Халықаралық форумда сөз бастаған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқовтың айтуынша, IOT форум – цифрландыру мен үздік технологияларды енгізу ісіндегі салалық әрі ірі іс-шара. Кейінгі үш жылда қатарынан үш мәрте өткізілген халықаралық форумда әлемдік сарапшылар ойларын ортаға салып, орталық және аймақтық мемлекеттік ұйымдардың басшылары тәжірибе жинап қайтады.
«Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында цифрландырудың рөлі шешуші маңызға ие. Дамып келе жатқан немесе дамыған мемлекеттер цифрландыру ісін жетелеуге мүмкіндік берерлік қажетті саяси тетіктерді әзірлей білуі тиіс. Күн тәртібінде цифрлық міндеттерді орындау үшін Елбасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын бекіткен болатын. Бағдарлама экономиканың сан-саласы мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды, жоғары жылдамдықты және қорғалған телепроекциялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған», — дейді ол.
Вице-министрдің айтуынша, әлемдік технология бір жерде тоқтап тұрмайды. Бірқатар мемлекеттер 5G интернет желісін енгізу мәселесін қызу талқылап жатыр.
«Жуырда ғана Мысырдағы Шар-Эль-Шейхте үлкен конференция өткізіліп, 5G интернет желісін енгізу мәселесі талқыланды. Негізінен 5G экономиканың, ақылды қалалардың дамуына серпін беріп, жаңа мамандықтарды ашады. Қазақстанның аймақтағы мобильдік трафикті белсенді қолданатын елдердің бірі екенін ескере отырып, ел азаматтарының жоғары жылдамдықты интернетке сұранысы жоғары екенін аңғаруға болады. Қазіргі таңда Қазақстан бұл технологияны енгізіп жатқан елдердің бірі. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматыда 5G тестілік режімнен өтті. Қазан айында Шымкентте де тестілеу жүргізілді», — деді ол.
Дарын Тұяқов өз сөзінде жоғары жылдамдықты интернет желісін тестілеу әртүрлі диапазондық жиілікте жүргізілгенін айтады.
«Бүгінгі күні 5G желісін коммерциялық тұрғыда енгізу мәселесі пысықталуда. Байланыс операторларымен бірге бұл мәселе талқыланып жатыр. 5G – жай ғана ұялы байланыс қана емес, телемедицина, өндірісті цифрландыру, пилотсыз көлікті басқару салаларын кеңінен қамтиды», — деді ол.