«Қазақстанның Мемлекеттік Туын кез-келген адам тіге алмайды»

whatsapp image 2021 06 04 at 10.08.04 Жаңалықтар

Былтыр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының мәтінін пайдалану қағидаларын бекіту туралы қаулыға өзгеріс енгізілді. Жалпы, аталған атрибуттар Қазақстанның даму тарихы, мәдени құндылықтары, дәстүрлері, мұраларымен тығыз байланысты. Көк Ту, ұшатын қыран, ашық күн, еліміздің Әнұраны, Елтаңба, онда біз өзіміздің қазақ рәміздерімізді көреміз – осының бәрі белгілі тарихи дәстүрлерге ие.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңның 4-бап 1-тармағына сәйкес, Мемлекеттік Ту басқа ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша тігілуі мүмкін деп бекітілді. Аталған қаулыға сәйкес жеке және заңды тұлғалар туымызды ғимараттар мен салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады. Демек, заң бойынша мемлекеттік Туды төрге шығарып, балконнан, лоджиялардан, терезеден іліп қоюға, пәтерге, кеңсеге, тұрғын үйдің төбесіне орналастыруға болады. Бұрын мұндай әрекет жасаған адам айыппұл арқалайтын еді. Жалпы, тұрғындарға рәміздерге байланысты қандай жағдайда айыппұл қарастырылған? Осы сауалға жауап іздеп көрелік…
Иә, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және олардың бейнелері мен Мемлекеттік Ән-ұранның мәтінін пайдалану қағидаларын бекіту туралы ережеге өзгеріс енгізгенімен, бірқатар талаптар мен шектеу тағы бар. Оны сақтамағандар әкімшілік жауапқа тартылатынын еске саламыз.
Біріншіден, қазақстандықтар өз пәтерінің балконына ұлттық стандартқа сай тігілген (оның көлеміне қарамастан) Туды ғана іле алады. Ұлттық стандартқа сай келмеу дегеніміз – Тудағы нысанды, мөлшерді және техникалық талаптарды бұзу. Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, ол ауыстырылады немесе жойылады.
Екіншіден, жеке және заңды тұлғаларға байрақты қорлауға және мазақ етуге тыйым салынады.
Айта кету керек, Туды бір қабатты және көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалануға рұқсат берілді. Сондай-ақ, қазақстандықтарға ғимаратқа ілінген туға қараңғыда жарық түсіріп тұру міндетті емес. Бұл талап заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға ғана қатысты.
Енгізілген өзгерістердің арасында көк байрақты бір рет қолданатын заттарға пайдалануға болмайды. Белгілі бір адамға немесе бір заттың құрметіне мемлекеттік Туды төмен түсіруге және теріс қаратып қоюға тыйым салынады. Ту жерге, еденге, суға тиіп тұрмауы тиіс. Рәмізді кірлетуге, былғауға және жыртып бүлдіруге жол берілмейді.
Сонымен қатар, мемлекеттік туды майлық және басқа да бірреттік қолданыстағы заттарға, киім-кешекке, төсек-орынға бейнелеуге болмайды. Оған жазу жазуға және сурет салуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді.
Үйде ілінетін Ту және оның бейнесі шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуы тиіс.
Айта кету керек, Қазақстанның Мемлекеттік Туын кез-келген адам тіге алмайды. Байрақты рұқсаты, яғни лицензиясы бар кәсіпорындар ғана дайындай алады. Сол себепті Туды осы компаниялармен келісім-шартқа отырған дүкендерден сатып алған жөн. Әйтпесе мемлекеттік туды заңсыз дайындағаны үшін айыппұл салынуы мүмкін.
Заңдағы мұндай өзгерістер мемлекеттік тудың қолданылу аясын едәуір кеңейтіп, әр азаматты мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және патриотизмді танытуға міндеттейді.

Еркебұлан ДЕМЕСИНОВ,
Атырау облысы прокуратурасының Аппарат басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз