«ӘМБЕБАП ПОЛИЦИЯ»: ҮМІТТІ АҚТАЙ МА?
«Әмбебап полиция» – қандай полиция?
«Әмбебап полиция» деген қандай полиция? Кезекті реформа кезек күттірмейтін мәселелерді шеше ала ма? Жол қозғалысында қандай өзгерістер орын алады? Біз осынау сауалдарға жауап іздеп көргенбіз. Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингке тікелей бейнебайланыс арқылы қатынаса отырып, Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғұмбаевтың аузынан естігеніміз, бастаманың ерекше тұстары көп. Басты жаңалық — патруль және жол полициясы бірігетін болды.
Реформаны өмірге енгізу күнделікті өмір қажеттілігінен туындап отыр. ІІМ-нің өкілдері жобаны алдымен Павлодар, Жамбыл облыстарында сынақ ретінде қолданғандарын айтады. Нәтижесінде халықтың тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кәдімгідей жақсарған. Павлодарда халықтан түскен дабыл 48 пайызға көбірек қамтылыпты. Тәртіп бұзып, ұсталғандардың саны 35 пайызға өскен. Жамбыл облысы аймағындағы ахуал да осыған ұқсас. Жаңа жүйе жүзеге асқалы жүгенсіз жүргізушілер де аяғын тарта бастапты. Жол-көлік оқиғаларының саны тоғыз пайызға азайғаны, жол ережесінің бұзылу дерегінің кемігендігі – соның айғағы. Жаңа бастаманың нәтижелі болуы жобаны еліміз бойынша кеңінен пайдалануға жол ашыпты.
Батыс елдерінде сақшылар жол және патрульдік полиция деп бөлінбейді. Ішкі істер құрылымын аударып-төңкеріп, оң нәтижеге қол жеткізген Грузияның тәжірибесі де жұрт назарын өзіне аудартады. Қазақстан оларды қайталамаса да, кейбір оңды тұстарын өмірге енгізуге ұмтылып отырғаны анық. Алдымен, «әмбебап» атануы үшін полицейге білім мен білік керек. Министрлік осы мақсатта қыркүйек айынан бастап айлық курс ұйымдастыруды қолға алған. Сақшылардың партаға отыруы қызметіне кесірін тигізбеуі үшін арнайы кесте жасақтапты. Арнайы курс кезінде «алатаяқтылар» қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету, тиісті әкімшілік кодекс пен нормативтік-құқықтық актілерді оқыды. Ал, патрульдік полицей жол ережесін, сонымен қатар жол қозғалысын қолмен реттеу мәселесін үйренген.
Атырауда – айрықша дайындық
Саладағы өзгерістерге байланысты Атырауда да жүйелі жұмыс жүзеге асуда. Бүгінде облыстағы офицерлердің бірқатары Ақтөбе заң институтында білімдерін тереңдетіп оралды. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Демегеновтің айтуынша, жеке құрамның дені ІІД жанындағы оқу орталығында тәлім алуда. Орталықтан бастау алған жаңалықтан алыс аймақтар да шет қалмайды.
Қазіргі күні ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрым Оразбаев басшылық ететін арнайы комиссия аудандарда жүр. Олардың мақсаты полицейлерді міндетінен шеттету емес, керісінше, жергілікті жердегі сақшылардың жаңа қызметке сәйкестігін саралау еді. Департаменттің көліктеріне «жол – патрульдік полиция» таңбасы жапсырылып, дайындық, ұйымдастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал, халықтың тыныштығын сақтаушылардың (мобильді топтар) кеудесіне арнайы белгі тағылады. Олар автокөліктердегі нөмірлер секілді, әртүрлі аймаққа сәйкестігі көрініп тұрады. Айтпақшы, енді үміт еткеннің бәрі иығына погон таға алмайды. Ішкі істер министрлігі қызметкердің бойы 170 см.-ден кем емес, білімі мен білігі сай азаматтар ғана тәртіп сақшысы болатындығын жария етіп отыр. Бұл да үлкен реформаның бір көрінісі болса керек.
Жол қозғалысы
жөнге келе ме?
Бүгінде жол-көлік оқиғаларының көбеюі, адам өлімінің жиілеуіне байланысты елімізде шұғыл шаралар жүзеге аса бастады. Жолдың қарсы бағытына шығып, апаттық жағдай туғызатын, көлік рөліне мас күйінде отырып, қоғамға қауіп төндіретіндерді қатаң жаза күтіп тұр. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан «Жол қозғалысы туралы» заң жобасы күнделікті өмірдегі олқылықтардың орнын толтырады деген үміт бар.
Қатаң тәртіп, тегеурінді талаппен жол бойындағы жөнсіздіктерді бір сәтте жою мүмкін емес. Оның үстіне «әмбебап полицейдің» қызметіне кірісуі сақшылардың қатарын азайтпақ» дейді мамандар. Бұл тұйықтан шығудың жолы автоматтандыру жүйесі болмақшы. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шәріповтің әңгімесінен ұққанымыз, «2012-2014 жылдарға арналған еліміздегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» салалық бағдарламасында 2014 жылдың наурыз айында Атырау қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу міндеттелген. ЖҚБАЖ-ның (орталық басқару пункттерін және байланыс желісін құру, жарық диодтармен жабдықталған бағдаршамдар, озық заманғы бақылаушылар, қосымша жарық-дыбыс құрылғылар) артықшылығы барлық бағдаршамдар бір жерден бақыланады. Олардың жұмыс режимі қарбалас сағаттарда көлік ағынының көбеюіне қарай тәулік ішінде өзгеріп тұрады.
Полицейлердің айтуынша, «әмбебап полиция» жүйесінің болашағы зор. Көпшілік те осы үміттің ақталғандығын қалайды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.