1250cf486374c0595c2e95e29c6a10ec

«Қазақстандық қамту» қандай деңгейде?

Жаңалықтар СарапTime Экономика

Atr.kz/28 қаңтар, 2019 жыл.  Атырау газ-химия кешені ірі мұнай жобаларындағы қазақстандық өнімді ұлғайтуға себепші болды. Елімізде озық технологиялы құрылғы-жабдықтар дайындалып жатыр. Отандық мамандар тың саланың қыр-сырын оқыпүйренуде. «Атыраудағы алып кешенді сала отырып, біз инвесторларға өзіміздің зор мүмкіндігімізді көрсете аламыз» деді Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жүребеков.

ТАЙЫЗ ӨЗЕН ТЕРЕҢДЕТІЛЕДІ

Өткен жылдың соңында Жайықтың Каспий теңізіне құятын сағасында тереңдету жұмыстары басталды. Бұл – Атырау газ-химия кешеніне қажетті ірі габаритті жүктерді тасымалдайтын су жолы.

– Қаржылық және практикалық тұрғыдан «Атырау» порты – жүк ауыстырып тиеуде ыңғайлы, әрі маңызды бекет. Дегенмен, Жайық өзенінің сағасы көптен тазаланбай, тереңдету шаралары қажетті деңгейде жүргізілмегендіктен, судың деңгейі төмендеді. Жүк артқан кемелердің жүруі қиындап, жоспарлы жұмыстар толыққанды атқарылмады. Тазалау, тереңдету осы мақсатта қолға алынып отыр, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов.

Былтырғы тамыз айында Жайық-Каспий каналының түбіне батиметрлік өлшеу жүргізілді. Сол бойынша жұмыс жобасы жасақталды. Экономикалық тұрғыдан ғана емес, қоршаған ортаға да өте пайдалы іс Ақ Жайықтың арнасын кеңейтіп, тынысын ашады. Алайда, күннің суытуына байланысты маңызды шараны бітіру мүмкін болмады.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» компаниясы өкілінің айтуынша, тереңдету жұмыстары көктемде қайта жалғасады. 56 шақырымды құрайтын ЖайықКаспий каналы теңіз және өзен бөлігі болып екіге бөлінеді. Соңғысы (ұзындығы 35 шақырым) Атыраудың орталық көпірінен басталып, Пешнойдың жарты аралына дейін созылады. Қалғаны теңіз бөлігіне тиесілі. Алдағы жаз айында осы аралықпен Қара теңіздің портынан шыққан ауыр кемелер Жайық-Каспий каналы арқылы жүк жеткізеді.

МҰНАЙ-ХИМИЯҒА БЕТБҰРЫС

Соңғы жылдары әлемде мұнайхимия жобаларына айрықша маңыз аударылуда. АҚШ пен араб елдерінде ең ірі газ-химия кешендері салынып, пайдалануға берілді. Атыраудағы нысан да қуаты жағынан олардан кем түспейді. Ол Теңіз кен орнынан жеткізілетін газбен жұмыс жасайды. Қазақстан Үкіметі «Теңізшевройл» ЖШС-мен меморандум жасақтап, сол бойынша шикізатты төмен бағамен алуға келісіп жатыр. Өндіріс кеңейтіле бастаған кезде Қашаған кен орнының газы пайдаланылады.

Мамандардың пікірінше, бүгінде жобалау жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Материалдарды сатып алу, жеткізуге баса назар аударылып отыр. Ұзақ мерзімді дайындалатын жабдықтардың 123 данасына тапсырыс беріліп, оның 7 пайызы Қарабатандағы құрылыс алаңына жеткізілді. Алты данасы жолда келеді. Негізгі жабдықтарды дайындауға маңыз берілуде. Жоспарлы 515 дананың 12-сі жеткізіліп үлгерді. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» компаниясының өкілі кешенге қажетті металл конструкцияның 8 мың тоннасы алаңға әкелінгенін баяндады. Ғимаратты қаптау үшін сэндвич панельдер қолданылады. Оның көлемі 20 мың шаршы метрді құрайды.

– Ауқымды жоба қазақстандық компанияларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Басты мақсат – қазақстандық өнімді ұлғайту. Осы тұрғыдан келгенде, мәселен, жылу алмасу жабдықтарын дайындауға Солтүстік Қазақстан облысының өндірістік құрылымдары тартылуда. Заводтың металл конструкциясын жасақтауда қазақстандық 8 компания жұмылдырылды, – деді Энергетика министрлігінің газ және мұнай-газ, химия департаментінің директоры Зияш Қияқбаев.

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДА ҚЫЗУ ЖҰМЫС

Қазір газ-химия кешенінің құрылыс алаңына қажетті құрал-жабдықтар жеткізіле бастады. Олардың арасында полимер реакторы, конденсаторлар бар. Негізгі керектінің көпшілігі Еуропадан әкелінуде. Одан өзге, Жапонияның, Қытайда орналасқан дүниежүзілік компаниялар мен осы елдің коммерциялық құрылымдары үлкен іске өз үлестерін қосуда. Жоба жетекшілері негізгі басымдықты қазақстандықтарға беріп отырғанын жасырмады.

Мысалы, логистикалық жұмыстардың көпшілігін өзіміздің отандастарымыз атқаруда. Металл, полиэтилен құбырлары Атырау мен Ақтауда дайындалып жатыр. Жобалау құжаттамаларын «Қазмұнайгаздың» иелігіндегі мекемелер жүзеге асырды. «Қазақстандық қамтуды» ұлғайту талабы ауқымында қытайлық компанияларға берілген бұрынғы тапсырыстар қайта қаралып, олар отандастарымыздың еншісіне тиді.

Өткен жылы ел тарихында алғаш рет Атырауда ірі габаритті сплиттер бағана жасалды. Бүгінде оны көтеретін 3200 тонналық алып кран дайындалып қойылды. Кешен құрылысына 42 компания тартылса, соның 39-ы Қазақстанда ресми тіркеуде тұр. Сондықтан, олар жергілікті деп саналады. Еліміздегі тұңғыш кешенде қазақстандық 550 маман еңбек ететін болады. Бүгінде соның 60-ы дайын.

Жоба құрылысына биылғы сәуір айында жаңадан 100 жұмысшықызметкер қабылданады. Олар Омбы экономикалық колледжінен, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық институтынан тағылымдамадан өтіп келді. Атырау мұнай өңдеу зауытында дайындықта болғаны да аз емес. Сонымен қатар, Өзбекстанның Шортан газ-химия кешенінде жұмыс жасап, тәжірибе жинақтап келгендер бар. Алдағы уақытта Қытай мен Румынияға баратындардың тізімі анықталуда. Мамандардың бәрі Атырау газ-химия кешенінің қалыпты жұмыс жасауына өз үлесін қосады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

*Қазақстандағы тұңғыш газ-химия кешенінде еңбек ететіндердің түгелге дерлігі отандық мамандар болады.

* Жобаның екінші кезеңінде полиэтилен зауыты салынады. құрылыс толық аяқталған кезде 3 мың адам жұмыспен қамтылып, кешенде жылына 1 миллион 250 мың тонна полимер өндіріледі.

* кешен отандық бизнестің қарқынды дамуына жол ашады. кәсіпкерлердің жаңа кәсіп көздерін ашуына мүмкіндік тудырады. яғни мұнай-химия саласын дамытып қоймай, мұнайлы өңірде жүздеген жаңа кәсіпорындардың ашылуына ықпал етеді. өндіріс толық қуатына көшкен кезде атырауда 50-ден астам жаңа өнім шығады.

* газ-химия кешені алғашқыда теңіз кен орнынан жеткізілетін газбен жұмыс жасайды. өндіріс кеңейген кезде Қарабатан теңіз кен орнының газы пайдаланылатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған