
Қазақстандағы ең ірі офлайн-хакатон Атырауда өтіп жатыр
Қазақстанда ел тарихындағы ең ауқымды офлайн-хакатон — Decentrathon 4.0 ресми түрде басталды. Шара бір уақытта 20 қалада ұйымдастырылып, 2500-ден астам қатысушыны біріктірді. Оны Astana Hub пен Blockchain & AI Technology Center (BAITC) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өткізді.

Хакатонның алғашқы күні Web3.0 және блокчейн-технологияларға арналса, басқа күндері шара жасанды интеллект (AI) бағытымен жалғасады. Қатысушылар нақты кейстер бойынша командалар құрып, менторлардың қолдауымен өз жобаларын әзірлеп, финалда сарапшылардың бағасына шығарады.

– Decentrathon жастарға өздерінің технологиялық ойларын жүзеге асырып қана қоймай, ірі индустриялық серіктестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Атырау өңірінде IT-комьюнити жылдан-жылға нығайып келе жатқанын дәлелдейтін басты шараның бірі осы болып оты, — деді жергілікті Atyrau Hub жетекшісі Равиль Қаржауов.

Ал облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының маманы Сағынгерей Құбекен Хакатон – жаңа буын IT-мамандарының дамуына жол ашатын алаң екендігін айтты. – Мемлекет қолдауымен өтіп жатқан Decentrathon өңір жастарының цифрлық құзыретін арттыруға, блокчейн мен жасанды интеллект саласына қызығушылығын арттыруға ықпал етеді, — деп атап өтті ол.

Биылғы хакатонның AI-тректегі эксклюзивті серіктестері – «Банк ЦентрКредит» АҚ, BCC-HUB мансап орталығы және халықаралық InDrive компаниясы. Ал блокчейн бағыты бойынша серіктес ретінде Solana блокчейн-платформасы техникалық тапсырмалар ұсынып отыр.

Финалға өткен үздік жобалар Digital Bridge 2025 халықаралық конференциясында көпшілікке, соның ішінде инвесторлар мен серіктестерге таныстырылады.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ