Румынияның Құрметті консулдығы ашылады

WhatsApp Image 2018 04 27 at 12.22.07 Жаңалықтар

Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чезар Маноле Армяну бастаған делегация Атырау облысына келді, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

WhatsApp Image 2018-04-27 at 12.22.07

Румыниядан келген делегациямен облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов кездесті. Шетелдік қонақтардың Атырауға келудегі басты мақсаты – екі ел арасындағы тығыз іскерлік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты орнату.

Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чезар Маноле Армянудың айтуынша, Қазақстан мен Румынияны ұзақ мерзімді сауда қатынастары байланыстырады.

«Атырау облысы мен Румыния арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық да дами түсті. Мысалы, Атырау облысынан Еуропаға экспортталатын мұнай біздің елге келеді. Мұнда ол 2 мұнай өңдеу зауытында өңделеді», – дейді Чезар Маноле Армяну.

Сонымен қатар, шетелдік қонақтар Қазақстанмен түрлі салада, яғни ауыл шаруашылығы, білім, IT технологиялары салаларында серіктестік орнатқысы келіп отыр.

«Біз 2 келісім-шартқа қол қойғымыз келеді. Бірі – Атырау мұнай және газ университетімен білім беру бағытындағы мұнай-газ жобаларына, екіншісі – Прахов қаласы Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық құжатына. Сондай-ақ, Атырауда Румынияның Құрметті консулдығын ашсақ дейміз», – деді шетелдік делегация басшысы.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов румындық делегацияның бастамасын қолдайтынын айтып, барлық бастамаларына сәттілік тіледі.

«Бүгін бізді өңірдің бизнес қауымдастығымен, Атырау мұнай және газ университетінің ректорымен, Атырау облысының ҰКП өкілдерімен кездесу күтуде. Сіздердің жоспар-жобаларыңыз қолдау табарына сенімдімін», – деді Сағындық Лұқпанов.

Хорлан Смадияр

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз