
Қазақстанда үй жануарларының бағасы қанша?
Асыл тұқымды үй жануарын сатып алу, оны асырау көп ақшаны қажет етеді, — деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Үй жануарының баға рейтингін жасау үшін мысық, ит, тотықұс және аквариум балығы таңдалды.
Мысық
Асыл тұқымды мысық сататын адам көп. Біз бағаны салыстыру кезінде сиам, британ, бенгал және сфинкс тұқымын таңдадық.
Сиам тұқымды марғау бағасы 5 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге жетеді.
Британ тұқымды марғау бағасы 15 000 теңгеден басталып, 80 000 теңгеге дейін барады. Марғау жүнінің, көзінің түсі, қаны бағаға әсер етеді.
Сфинкс марғау бағасы 20 000 теңгеден басталып тұр. Марғаудың бұл түрінің бағасы кейде 190 000 теңгеге жетеді. Арзанының қаны кейде таза болмауы мүмкін.
Бенгал марғауының бағасы 100 000 — 380 000 теңге.
Ит
Баға рейтингіне такса, тазы, пекинес және лабрадор тұқымды ит күшігі таңдалды.
Такса бағасы 5 000 теңгеден басталып 90 000 теңгеге дейін жетеді.
Тазы (қазақы тазы) бағасы 10 000 теңгеден басталып 50 000 теңгеге жетіп тұр. Бұл аңға шығатын тазы.
Пекинес тұқымды ит күшігінің бағасы — 20 000-105 000 теңге аралығында. Үйде баға төмен, ал көрмеде құны жоғары.
Лабрадор — ең қымбаты. Бағасы 50 000 теңгеден басталып, 400 000 теңгеге жетеді. Тұқымды итті тамақтандыру да қымбатқа түседі.
Балық
Аквариумдағы балық бағасы қолжетімді. Бірақ ол үшін аквариум және оған қажетті құрылғыларды қоса сатып алу керек.
Гуппи — 100 — 500 теңге.
Қылыш балық — 200-500 теңге.
Скалярия — 200 — 1000 теңге.
Алтын балық — 400 — 3000 теңге.
Сом — 400 — 5500 теңге.
Айқасқақ — 800 — 9000 теңге. Бұл көзге бірден түсетін ширақ балық.
Балық күтімі әртүрлі. Таңдау кезінде өзіндік ерекшелігі мен аквариум көлеміне мән берген жөн.
Тотықұс
Тотықұстардың да бағасы әртүрлі.
Бұйра тотықұс — 2500 — 7500 теңге.
Айырылмастар — 6000 — 15 000 теңге. Түсі бұйра тотықұстарға ұқсайды, бірақ түрі салмақты көрінеді. Аты айтып тұрғандай, бірден екеуін сатып алу керек.
Корелла — 8500 — 25 000 теңге. Бұйра және айырылмастар тотықұсына қарағанда ірі.
Жако — 400 000 — 700 000 теңге. Бұл тотықұс сөйлейді.
Какаду — құны 1 миллион теңге және одан жоғары. Көбіне тапсырыспен сатылады.