Атырауда Құрманғазы Сағырбайұлына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

3j2a0100 Жаңалықтар

«ХІХ – ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» деген атаумен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ұлы күйшінің ұрпақтары, ғалымдар, археологтар, этнологтар, этноархеологтар, өнертанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында Жасұлан Бисембиев облыс әкімінің атынан ғылыми-практикалық конференцияның ашылуымен құттықтап, Құрманғазының отты жырлары ел есінде мәңгі сақталарын атап өтті.

– Ұлы адамдар қашан да адамзат баласына ортақ, туған халқына қадірлі тұлға. Осы ретте қазақ күйінің атасы Құрманғазы Сағырбаев күллі қазақ үшін аса қадірлі жан. Құрманғазы Сағырбаев күйлерінің екпіні Махамбеттің қуатты жырларымен үндес. Екпіндеп өз аспанын, өз биігін іздейді. Тыңдаушысын оятады, отты жорық, шуақты күндерге жетелейді. Құрманғазы Сағырбаев туған жерінде оның өнер мұрасын бізге жеткізген талай шәкірттері бар. Олардың өзі күй құдіреттері саналып, халық есінде ұмытылмайды. Ұлы күйшінің атын ұлықтау, мәңгі есте қалдыру бағытында өткізілетін іс-шаралар мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көріп келеді. Міне бүгінгі ғалымдардың басын қосқан республикалық ғылыми-практикалық конференция осы іргелі жұмыстардың айғағы. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін,-деді Ж.Бисембиев.

Республикалық конференция ХІХ–ХХ ғасырлардағы Батыс өңіріндегі тарихи-этнографиялық және археологиялық зерттеулер, әншілі-жыршылық дәстүр тарихының өзіндік маңызы мен сипатын кеңінен ашу мақсатында өтті.

Мұнда ғалымдар күй атасының қайталанбас бітім-болмысы, күй өнері, ұлттық музыкалық мәдениет тарихындағы шығармашылығы, тарихи тұлға ретінде зерттеу мәселелерін талқылады.

Конференция қонақтары Атырау облыстық тарихи–өлкетану музейінің қорынан «ХІХ – ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені тамашалды. Мұнда ұлы күйшінің өмір деректері мен шығармашылығына қатысты зерттеулер, ұрпақтарының фотосуреті, жергілікті суретшілердің туындысымен танысты.

Айта кетейік, конференцияға ұсынылған материалдар жинақ түрінде басып шығарылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз