Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстанда Қытай автокөліктерінің сатылымы өсуде

2024 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанның автонарығында елеулі өзгерістер орын алуда. Жаңа жеңіл және коммерциялық автомобильдердің сатылымы 119,2 мың бірлікке жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға төмендегені байқалды. Дегенмен, нарықтағы жағдай брендтер арасында айтарлықтай ерекшеленуде.

HODL телеграм каналындағы мәліметтерге сүйенсек, автокөлік көшбасшылары – Hyundai, Chevrolet және Kia брендтерінде сатылымның төмендеуі анық байқалады. Мысалы, Hyundai-нің сатылымы 13,8%-ға азайып, 31,3 мыңнан 27 мың бірлікке дейін жеткен. Chevrolet-нің сатылымы тіпті 55,7%-ға құлдырап, 28,8 мыңнан 12,8 мыңға дейін төмендеді. Kia-ның сатылымы 7,8%-ға төмендеп, 15,1 мың автомобиль сатылды.

Көшбасшы брендтердің сатылымы азайған кезде, Қытайдан келген автокөлік брендтері айтарлықтай өсім көрсетті. Chery-нің сатылымы 32,8%-ға артып, 9,3 мың бірлікке жетті. Jac брендінің сатылымы 88,9%-ға өсіп, 7,4 мың авто сатылды. Geely 2,5 еседен астам өсіммен 4,9 мың бірлікке жетсе, Haval 41,7%-ға өсіп, 6 мың бірлік сатылды. Jetour 6 еседен астам өсім көрсетіп, 5,8 мың бірлікке жетті, ал Changan 44,2%-ға өсіп, 5,5 мың авто сатылды.

Сондай-ақ, Tank, Omoda, Yutong және Jac Trucks брендтері де нарықта оң көрсеткіштермен ерекшеленіп отыр.

Қытай автокөліктерінің Қазақстан нарығында алға шығуы – автомобиль өндірісіндегі жаңа трендтердің белгісі. Бұл өзгерістер импорттық жеңіл автокөліктердің нарығын жаңартып, бәсекелестікті арттыруда маңызды рөл атқарады. Нарықтағы жағдай автокөлік тұтынушыларының таңдауларына да ықпал ететіні анық.

Қазақстан автонарығында орын алып жатқан осындай өзгерістердің отандық автомобиль өндірісіне қандай әсері боларын бағамдау да керек.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИ

Сурет: Inbusiness.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button