Күн тәртібінде – жаһандық қауіпсіздік

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК Жаңалықтар

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы отырысында жария еткен Саяси үндеуін әлемдік қауымдастық жоғары бағалауда. «Саяси жолдау «үйлесімді» сөзін барынша нақты сипаттайды. Өйткені, онда Қазақстанның тікелей өзінің мүддесі, сонымен бірге, толықтай алғанда халықаралық қауіпсіздік мүддесі нақты көрініс тапқан» дейді сарапшылар. Бұл пікірді «Мінбердің» кезекті меймандары одан әрі тарқатты.

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Алдан  СМАЙЫЛ,

Мемлекет және қоғам қайраткері:

Алдан Смайл

Әлем бірігуі тиіс

Терроризммен күресу үшін, ең алдымен, лаңкестік әлемінің қайдан шыққанын білу керек. Ирактағы жағдай, Ливия, Тунис, Сирия елдеріндегі атышулы «араб көктемінің» салдары – ХАМАС, ДАИШ террористік ұйымдарының пайда болуына алып келді.

Ауғанстанды да кезінде  мүдделі елдер кері кетірді. Ел іші алатайдай бүлінді. Діни сенімдегілер өз ішінде қырыққа бөлініп, халық жарылыстан көз ашпады. Жазықсыз қан төгілді. Бейбіт халықтан береке кетті.

Осы жағдайлар – халықаралық саясатта, қолына қару алып, көшеге шығып шулайтын топтарды қорғайтын ұйымдардың пайда болуына алып келді. ДАИШ террористік ұйымын мысалға алайық. Сирияны қантөгіс алаңына айналдырған бұл ұйыммен Америкадан бастап, әлемнің «мен» деген алпауыттары түгел күресіп жатыр. Бірақ, лаңкестік ұйым жеңіліп жатқан жоқ, неге? Себебі, оларды қаржыландырып отырған халықаралық күштер бар.

Олар араб дүниесінің бөлінуін қалайды. Араб әлемі қосылса, үлкен күшке айналуы мүмкін. Мұнайдан бастап,  көптеген табиғи ресурстардың мол қоры да араб әлеміне тиесілі. Осы фактілердің өзі  күн санап күш алып бара жатқан терроризм мәселесінің артында үлкен саясаттың тұрғанын көрсетеді.

Қазақстан бүгінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Күні кеше Американың Нью-Йорк қаласында өткен аталмыш ұйымның жиынында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған Саяси үндеуі – «әлем бірігуі тиіс» деген идеядан туындап отыр.

Үндеудің  мәні сол, стратегиялық құжаттағы басты бағыттар – Азия, Еуропа, Америка және Африка құрлықтарының аймақтық қауіпсіздігін одан әрі күшейтуді көздейді. Демек, әлемнің қауіпсіздік ұйымдарының алдында терроризмнің шығу себептерін анықтау міндеті тұр. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жауапты позициясын  пайдалана отырып, лаңкестікпен күресті  нығайта түседі деп сенемін.

 

Ермекқали  ЮСУПОВ,

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау  облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат  депутаты:

Ермекқали ЮСУПОВ

Баға жетпейтін үлес

Біздің еліміз қарусыздану және ядролық қару қатерін төмендету үдерістеріне белсенді қатыса отырып, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу ісіне орасан зор үлес қосуда. Оны Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі отырысындағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Саяси үндеуінде  тағы бір мәрте дәлелдеді. Елбасының адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінің қаупінен құтқарып, беймарал бейбіт тірліктің тұтастығын сақтап қалуға үндеуі – тарихи қадам.

Қазақстан тарихта алғаш рет Орта Азия елдері арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүше болып сайланып, мемлекетіміздің абыройы асқақтай түсті. Бұл – дәуір тынысындағы тарихи оқиға. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде  еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалады.

Соңғы жылдары, бүкіләлемдік қарусыздану үдерісінде жалғасып отырған тоқырауды есепке ала келе, Қазақстан Президенті жаңа бастамаларды ұсынуда. Мәселен, «Жалпыға ортақ ядросыз әлем» декларациясы қабылданды, «Ядролық державалардың ядролық қаруды қолдану және қолдану қатерінен бас тарту туралы конвенция», «Ядролық қаруды жалпыға ортақ тікелей және көлденең таратпау туралы» шартқа қол қойылды, Қазақстанда МАГАТЭ-нің қолдауымен ядролық отынның халықаралық банкін орналастыру ұсынысы тағы бар. Осыдан алты жыл бұрын Алматы мен Семейде өткізілген «Ядросыз әлем үшін» форумы көрсеткеніндей, Қазақстанның жаңа ұсынысы халықаралық деңгейде кең қолдау тапты. Форумда ядросыз әлемнің Астана декларациясы қабылданған еді.

Елбасының Үндеуі – жаһандық жай ғана жоспар емес, әлем  қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған баға жетпес үлес.

Жеті ұсыныстан тұратын құжатта әлемдегі ядролық ахуалдың жай-жапсары қозғалды. Ең бастысы, Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан  әлемдегі тұңғыш ел. Жер шарындағы барша халыққа ортақ проблеманы «ақжолдықтар» да толық қолдайды. Партиямыздың нысанасы да осы.

 

Толқын БЕЙІСҚАЛИ,

Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы:

Толқын БЕЙІСҚАЛИ

Бейбіт елміз, көпке үлгі!

Әлем Қазақстанның ядролық қарудан арылу идеясын құптайды. Алыс-жақын шет елдегі шиеленістердің тиімді шешім табуы жолында тынбай еңбек етіп, жер бетіндегі бейбітшіліктің беки түсуіне атсалысып отырған еліміз – жаһанға ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан мемлекет ретінде де мәлім. Осынысымен де өз мәртебесін айшықтай түсті.

Қазақстан тарапының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жариялаған жолдауы әлемдік ахуалдың жай-жапсарын жіті талқылайды. Жеті бағыттан тұратын тарихи құжатты ұсынған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  әлемге жол көрсетті.

Құжат арқылы, ертеңгі күні тұрмақ, бүгінгі күнін болжай алмай, саяси қақтығыстарды бастан кешіріп отырған кейбір елдер үшін 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан азат етуге шақыруы – жер шарындағы барша халыққа ортақ проблеманы шешуге жасалған нақты қадам, қолдауға тұрарлық бастама екені сөзсіз.

Бүгінгі күні өзектілігін жоймай отырған террорлықпен күрес бағыты да саяси құжатта кең көрініс тапқан. Барша әлемнің жай-күйі жақсарып, ынтымақ-бірліктің беки түсуіне мүдделілік танытып, жұмыс жүйесін ұсынуы – көптің қолдауына ие болар қадам екені анық.

Қалай десек те, маңызды бастама – халықаралық қоғамдастықтың тұтастай қазақ еліне, оның бейбітшіл ұстанымына деген зор сенімнің көрінісі. Бұл ізгі мүдденің жүзеге асуы – қазақ халқының кең жүректі, дарқан пейілді екендігін танытады емес пе? Ықылым заманнан ел тұтастығын бәрінен жоғары қойған халықпыз. Сондықтан да, бейбітшілік – біз үшін қастерлі ұғым.

Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ мүшелікке қабылданып, сол жылдың 15 сәуірінде Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы бірінші Тұрақты Өкілі тағайындалды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүше. Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания  және Франция елдері тұрақты мүше санатында. Ал,  тұрақты емес мүшелікке өту үшін БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісінің дауысына ие болу керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз