
Қазақстанда осымен үшінші жыл қарақұрттардың көбеюі байқалып отыр
Еліміздің бірқатар өңірінде қарақұрт көбейе бастағаны байқалады. Соңғы апталарда Атырау, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында улы жәндіктің адамдарға шабуылдағаны туралы деректер тіркелуде. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.
Биыл Атырау облысында қарақұрттың әдеттегіден көп екеніне тұрғындар шағымданып жатыр. Улы жәндіктер аула ішінде, қоғамдық орындарда, тіпті саябақтарда да құжынап жүр. Әсіресе Индер ауданының тұрғындары қауіптеніп отыр. Соңғы үш жылда бұл жәндік жиі таралуда. Улы өрмекшілер зиянкестер қатарына жатпайды, соған сәйкес оны улауға бюджеттен ақша қарастырылмайды. Кесірінен кейбір фермерлер егін егуден қорқып отыр.
– Күн жылына мамандар қырға барып келген, онда да қарақұрт шыға бастапты. Бірақ ол зиянкеске қарсы әрекет жасау біздің құзырымызға кірмейді. Аса қауіпті ауру болса ғана қанын алып, сараптамаға жіберіп, шара алынады, — дейді ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Индер аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Өмірбек Темірғалиев.
Жалпы қарақұрттың көбеюі Атырау облысында 2023 жылдан байқалып отыр. Өткен жылы жаз айларында 10-нан астам адамға шабуылдаған. Сондай-ақ 485 түйені шағып, салдарынан 90 түйе шығын болған. Мал иелері 65,2 млн теңге шығынға ұшыраған.
Ал Шымкент тұрғындары биыл улы жәндіктің шабуылына жиі ұшырауда. Жыл басынан Шымкентте қарақұрт шаққан 8 адамның екеуі ауруханаға түскен.
Шымкентте қарақұрт шаққан адамдардың барлығы қажетті медициналық көмек алған, өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
–Бізге қарақұрт, жылан, шаян шағып алған көп адамдар келеді. Әдетте улы жәндіктер өз орталарында қалыпты өмір сүре береді. Алайда тыныштығы бұзылған сәтте олар бірден адамдарға шабуылдайды. Шабуылға ұшыраған тұрғындар бізге көмек сұрап келсе, бірден қарақұрт уына қарсы екпе саламыз,-дейді Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.
Энтомологтар қарақұрттар негізінен ауа райы жылы өңірлерді мекен ететінін айтады. Қазақстанда көбіне Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында кездеседі. Соңғы жылдары жаздың аса ыстық болуына, қуаңшылықтың қайталануына байланысты жәндіктердің тіршілік ортасы кеңейіп, көбейе түскені байқалып отыр. Олар көбіне құрғақ әрі жылы жерлерде, жазық және шөл далада, жыраларда, тастақ жерлерде кездеседі. Бұған қоса тұрғынжайларда, қараусыз қалған ғимараттарда, бау-бақша мен қор-қопсыда, бұталарға, тастардың астына жасырынады. Далада қалып қойған киім мен аяқ киімге де кіріп кетуі ықтимал.
Соңғы уақытта еліміздің жылы өңірлерін қойып, қарақұрттар Павлодар облысының Баянауыл ауданында тарала бастаған. Былтыр жазда Торайғыр көлі маңында қарақұрт қаптап кетіп, демалушыларға қауіп төндірді.
Ал тамыз айында қарақұрт қаптауына байланысты Баянауылда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, қарақұрттар өңірімізге жыл құстары арқылы немесе көкөніс, жеміс-жидектермен келуі мүмкін. Қауіпті жәндіктер үшін біздің облыстың климаты қолайлы емес. Соған қарамастан олар осымен үшінші жыл өміршеңдіктерін сақтап отыр.
Павлодар облысының бас токсикологы Александр Комковтың айтуынша, қарақұрттардың көбею жағдайы өңірімізде осыдан 12 жыл бұрын да болған.
–Жазда адамдар қалың киіне алмайды, соған орай кез келген улы жәндік жолында кездессе шағып алуы оп-оңай. Осыдан көп жыл бұрын қарақұрт шаққан адам біздің ауруханаға түсті. Ол уақытта уытын қайтаратын екпе бізде болмаған еді. Алматыдан ұшақ арқылы алдырып, зардап шегушінің өмірін сақтап қалдық. Негізі қарақұрттың ұрғашысы ғана шағатынын білген жөн. Әрі оның шаққан жерін байқай алмайсыз. Адамдар бұл зиянды жәндікке қарсы халықтық ем жоғын да білуі керек. Егер шақса, бірден жедел жәрдемге хабарласып, міндетті түрде ауруханаға жатқызылуы тиіс, — дейді дәрігер.
Осыдан он шақты жыл бұрын аталған облыста қарақұрт таралып, адамдардың бойында жаппай үрей қалыптасқан. «Қарақұрт фобиясы» ауылдық жерлерде таралып, оның аса улы, қауіпті екенін білгендердің бірі дәрігерлерге үйлерінен ұстап алған әдеттегі өрмекшіні, енді бірі бақа-шаянды әкеп көрсеткен кездері де болыпты. Осындай жағдайда ақ желеңділер тұрғындарға психологиялық тұрғыдан сүйеу болып, оларға көмек көрсеткен. Аймақта қарақұрт туралы дәрістер ұйымдастырылып, алаң көңілдерін басқан. Мұндай жағдай алдағы уақытта да қайталануы мүмкін екенін жасырмады Александр Петрович.
Былтыр Қазақстан бойынша адамдарды қарақұрттың шағуына қатысты 340-тан астам жағдай тіркелген. Деректер Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында есепке алынған. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қарақұрттың белсенділігі биыл да төмендемей тұрғаны себепті, өңірлерде оған қарсы дезинсекциялық іс-шаралар жүргізуге, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға кеңес береді.
Дәрігерлердің айтуынша, улы жәндік адамды шаққанда алғашында ауырсыну болмайды. Шаққан орын болмашы қызарып, теріде екі нүкте сияқты із қалады. 5-20 минуттан соң ауырсыну бірден басталып, бүкіл денеге жайылады. Құрысу, тершеңдік, бас пен іштің ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, тыныстың тарылуы. Мұның бәрі қарақұрт шаққаннан кейін басталуы мүмкін. Дәрігерлік көмек тез арада көрсетілмесе, өміріне қауіп төнуі ықтимал.
Қарақұртты өзге жәндіктерден айыру оңай. Денесі қара, кейбірінде қызыл дақтар кездеседі. Мамандардың айтуынша, кез келген жерде қарақұртты көрсеңіз, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге барған абзал. Егер үйде пайда болса, дәрілеп, дезинсекциялау маңызды. Мамандар жазда далада ұйықтамауға, киім-кешек кигенде оған мән беріп, тексеруге, құрғақ шөптен барынша қашық тұруға, өрмекшілер жасырынуы мүмкін құрылыс қоқыстарынан арылуға кеңес береді.
Еске сала кетейік, Баянауылда биыл тағы қарақұрт шығып жатыр.