Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Қазақстан және Атырау-Астрахан тас жолы

Atr.kz/6 тамыз, 2019 жыл. Бұл күрделі инновациялық жоба алдымен аймаққа, одан әрі күллі республикаға не береді? Рас, Қазақстан мен Ресей арасындағы барыс-келіс бұрынғыдан да жақсарады. Екі ел ортасында әрі-бері көлік нөпірі өседі. Кім біледі, келешекте халықаралық даңғылға айналар мұнда ақылы жүріс әдісі енгізілуі де ықтимал. Өйткені, бұл магистраль болашақта төрткүл дүниені шарлауға жолашар болғалы тұр.

Қара теңізден күтілер жүк

Жалпы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасына еніп отырған ірі инновациялық жоба мәреге сәтті жеткенде, біріншіден, бүгінде Қара теңіз порттары арқылы өтіп жатқан транзиттің беті бері бұрылмақшы.

Еуропаның дәл ортасында орналасқан осы ірі су айдыны жағалауында Ресей, Румыния, Түркия, Болгария, Грузия, Украина секілді іргелі елдер қоныстанған. Олардың Трабзон, Бургас, Констанса, Севастополь, Одесса, Новороссийск, Батуми, Туапсе тәрізді порттары дүние жүзінде ең қуаттылары саналады.

Міне, соларға жылына жеткізіліп жатқан миллиондаған тонна жүктің бір бөлігі болашақта Атырау-Астрахан жолымен тасымалданса, еліміздің әлеуеті еселеп көтеріледі емес пе? Оның үстіне, Қара теңіздің батысында Босфор бұғазы арқылы Мәрмәр, одан әрі Эгей және Жерорта теңіздерімен түйісіп жатқандығын ескерсек, күллі әлем бар байлығын алдымызға жайып салмас па?

Ал, солтүстігінде Керч бұғазымен бойлап, Азов теңізіне тірелсе, Еуропаның қалың ортасына ендеп енбей ме? Осынша қыруар қазынаны көзге елестетудің өзі мүмкін емес тәрізді. Алайда, бұл шындыққа жанасымды.

Сөз ретінде айтар болсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қара және Жерорта теңіздерінің порттары арқылы қазақстандық сауда флоты 55 мың тонна жүк тасыған. Биыл бұл межені 350 мыңға жеткізу жоспарланыпты. Соның дені темір жол арқылы тасымалданып жатқаны кәміл.

Келешекте Атырау-Астрахан тас жолы бойында автокөлік қозғалысының көп болары соншалық, Еділ өзенінен жаңа көпір тұрғызуға тура келеді.

Өйткені, бұрынғысы енді әлемдік талапты қанағаттандыра алмауы ықтимал. Сондықтан, Ресей жағы мұндай құрылысты қолға алуға құлықты болып отыр. Көршілеріміз өз территориясы арқылы еуропалық көліктер осы жолмен шығысқа ағылғанда шыққан шығынның еселеп қайтарын біледі. Демек, бұл нысан өзін ақтамақшы.

Рас, Ресейдің орталық өңірі арқылы Қазақстанға өтіп, одан әрі Орта Азияға, Қытайға жетуге де болады. Бірақ, бұл – өте ұзақ жол. Тасылар тауар бағасын қымбатшылыққа соқтырады. Ал, Атырау-Астрахан арқылы жүру жүрісті күрт қысқартады, өнімнің өзіндік құнын кемітеді.

Шанхай шақырымдары

Атырауда «Жилгородок» және «Авангард» аралығын қосатын көпірдің ашылу салтанатына қатысқан Елбасы оның Жайықтың қос жағалауын жалғастырып қана қоймай, түбі Еуропа мен Азияның арасын жақындататын маңызды нысан боларын айтқан-ды. Сол сөз тура келетіндей. Өйткені, Атырау-Астрахан тас жолы, екіншіден, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына бастайды. Рас, оған дейін мыңдаған шақырым.

Дегенмен, жаңа жол сол қашықтықты жақындата түседі. Жалпы, бұл халықаралық қоғамдастыққа Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан тәрізді кешегі кеңестік республикалармен қатар, Үндістан, Пәкістан мен Қытай секілді алып мемлекеттер де мүше. Ал, Түркияның әріптес ретінде қатысуы – Қара теңіз жағалауындағы елдердің бері қарап елеңдеп отырғандығының куәсі. Оның үстіне, Шанхай ынтымақтастық ұйымы үш миллиардтан асатын адамды біріктіреді.

Бұл – дүние жүзі халқының 44 пайызы. Міне, Атырау-Астрахан тас жолы Еуропаны осындай алып алаңмен қосады. Шығыспен шынайы байланыс орнатуға Әзербайжан мен Иран да құмартып отыр. Әсіресе, ара-тұра Батыстың санкциясына ұшырайтын соңғысы жаңа сауда нарығын іздейді. Міне, Шанхай шақырымдары осылай өрілмек.

Құрылғанына биыл бес жыл толған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін де тың да тиімді байланыстар орнамақ.

Бүгінде олардың да әлеуеті жоғары. Сыртқа шикізат қана емес, даяр тауар да тасымалдай алады. Тура мағынасында Ұлы Жібек жолы жаңаша жалғасқалы отыр. Осы орайда, Елбасымыздың Каспий және Қара теңізді қосу идеясы ойға оралады. Бұл қызық жоба туралы алдағы күндері айтамыз.

Әлем елдерінің қазіргі әлеуеті оған да мүмкіндік береді. Егер ықылым заманда бұл су көздері бірге болғанын ескерсек, енді неге оларды канал арқылы біріктірмеске? Ал, әзірге Батыс пен Шығысты жалғастыруда АтырауАстрахан тас жолына иек артылмақ.

Отыз жылғы ой-шұқыр

Атырау-Астрахан тас жолы өткен ғасырдың сексенінші жылдары қатарға қосылған-ды. Содан бері ешқандай жөндеу көрмеген екен. Ара-тұра ой-шұқырын тегістеу күткендегідей нәтиже бермеді. Мамандардың айтуынша, осы бағытта орын алатын жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілердің қателігінен емес, оның бойымен жүру мүмкін еместігінен. Қаншама қыршын ғұмыр қиылды? Барлығы 277 км қашықтықты жолаушылар әупірімдеп алты сағатта еңсереді. Сондықтан, үшіншіден, осы жолды күрделі жөндеуден өткізу жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Мұндағы жүріс о баста тәулігіне 3000 көлік қатынасына есептелгенді. Бүгінде оның саны екі есе артқан. Отыз жылдан бері көзге ілінбеген жол бойында небәрі алты асхана мен төрт техникалық жөндеу орталығы бар. Демек, көлігің қираса, далада қалуың ықтимал. Осы инновациялық жоба нәтижесінде жоғары деңгейде қызмет көрсететін сервистік орындар саны да көбеймек. Яғни, төртіншіден, шағын
және орта бизнес иелеріне ісін ілгері апарып, кәсібін ширатуға мүмкіндік бар.

Республикалық маңызға ие болғанымен, оның назардан тыс қалуына не себеп? Әлде сәтті сағатын күтті ме? Бұған дейін Қиғаш үстіне үлкен көпір тұрғызылды. Оның бойында екі ел басшылары кездесті. АтырауАқтөбе тас жолы түбі осы магистральмен жалғанады. Индерге кіреберістен солға бұрылатын жаңа көпір де көлік нөпірін облыс орталығына кіргізбей әрі қарай Аққыстау арқылы Құрманғазы ауданына алып кетеді. Ал, түптеп келгенде, Батыс Еуропа-Батыс Қытай күре жолымен жалғасады.

Тағы бір жаңалық – 2021 жылы аймақтағы Атырау-Доссор тас жолының ақылы болуы.

Бұл жол әрі созылып, көршілес Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына жетеді. Елбасы кезінде оның да ашылу салтанатына қатысқан. Сонда осы жолдың түбі халықаралық деңгейге көтерілетінін айтқан-ды. Сол болжам айнымай келгелі тұр. Өйткені, Бейнеуден оңтүстікке қарай Ақжігіт аталатын шағын ауыл бар.

Қазір соған жол салынып жатыр. Ал, арғы жағында Өзбекстан шекарасы басталады. Міне, Орталық Азияға тура шығатын мүмкіндік! Демек, Қазақстан өзбек елімен тек оңтүстік арқылы ғана емес, батыс бетте де шектесіп, тас жолмен жалғанғалы тұр. Айтпақшы, көршілес Маңғыстау облысының Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы аталатын тас жолы да 2021 жылдан бастап ақылы болмақ. Яғни, бұл бағытты қалыпты ұстауға жұмсалатын шығын түсер табыс арқылы өтелмек. Инновациялық жобаның мақсаты да осы.

Алтынжар мен Сарайшық – саяхатшылар назарында

Қазақ даласының құдіретті күйшісі Құрманғазы Сағырбаевтың мәңгілік мекені – Астрахан облысының Володар ауданында. Осындағы Алтынжар селосында Құрманғазы атындағы мәдениет орталығы орналасқан. Оның құрылысына Қазақстанның батыс аймағындағы облыстар белсене қатысты. Атыраулықтар қазір де жиі қатынайды.

Жалпы, осы қасиетті орынға туристік науқан кезінде 25 мыңға жуық адам келеді екен. Енді Еуропа мен Азиядан саяхатшылар легі ағылмауы мүмкін бе? Оған мұнайлы мекендегі инвесторлардың да ынтасы аумақ. Демек, көршілеріміз көл-көсір пайдаға кенелгелі тұр.

Тек екі арадағы күре жолды жөндеу тезірек аяқталғаны керек.

Ал, Атыраудың Сарайшығы ешкімді қызықтырмай ма? Қазақ хандығының астанасы атанған, жеті ханның мәңгілік мекеніне айналған, Жібек жолының күретамыры болған мекен еліміздегі қасиетті орындардың бірінен саналады. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік оны аспан астындағы музейге айналдырғалы тұр.

Көне қаланың Жайықпен шектесетін жері сенімді шегенделді. Енді су шайып кету қаупі жоқ. Әттең, кешірек қолға алынды. Әйтсе де, тарихқа толы байырғы шаһардың қалған жері де, бесіншіден, талай туристі өзіне тартары хақ. Ендеше, бұл да қосымша табыс емес пе?

Жалпы, қай елдің де сырттан жеткендерге жыр етіп айтар шежіресі бар. Еуропа мемлекеттері бір-бірімен тас жолменақ байланысып, өзара тарихымен танысады. Енді олардың беті бұрылса, біздің де өткенімізден өнеге алар.

P.S.

Жақында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау-Астрахан жолына жөндеу жүргізу даярлығымен танысты. Оның қазақстандық 277 км бөлігінің 60 шақырымын қалпына келтіру екі жылға есептеліп, осы мамырда басталды. Биылғы меже – 23 км. Әзірге жұмысқа шақырылған 106 адамның 56-сы – құрманғазылықтар. Жобаға отыздан аса арнаулы техника тартылған.

Нысан бойында темірбетон бұйымдары мен қуаты 2,5 мың тонналық асфальт зауыттары салынады. Ал, қалған 217 шақырымдық бөлігін қаржыландыру мәселесі Еуропалық даму банкі арқылы шешілмек. Қайткенде де, осы инновациялық жоба арқылы Батыс пен Шығысты байланыстыратын тағы бір мемлекетаралық жол өмірге келмек. Мамандар оны ең тиімді санап отыр.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button