Қазақстан UTC+5 уақыт белдеуіне көшуге дайындалуда
Бүгін Қазақстанның көп бөлігін қамтитын UTC+5 уақыт белдеуіне көшу туралы бастама Үкімет тарапынан қолдау тапты. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында уақыт белдеуін ауыстырудың ғылыми және экономикалық тұрғыдан негізделген артықшылықтары туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, шешім ведомствоаралық жұмыс тобының зерттеулері негізінде қабылданған. Бұл топқа Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдар кірді. Табиғи уақыт жақтаушыларының халықаралық альянсы (IANT) да бұл шешімнің Қазақстанның орталық және шығыс өңірлері үшін географиялық және табиғи уақытқа сәйкес келетінін растады.
Министр елімізде уақыт белдеуінің бірнеше рет өзгергенін атап өтті.
–1930-1931 жылдары алғаш рет енгізілген UTC+6 белдеуі сол кездегі командалық-жоспарлы экономиканың қажеттіліктеріне негізделген еді. Алайда Қазақстан аумағының көп бөлігі табиғи тұрғыда 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан UTC+5-ке көшу – тарихи тұрғыдан негізделген, дұрыс шешім болып саналады, — деді А.Шаққалиев.
UTC+5 белдеуі Қазақстан халқының 76%-дан астамын қамтитын аймақтарды, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Петропавл, Павлодар және Семей сияқты қалаларды қамтиды. Бұл өзгеріс адамның биологиялық (циркадты) ырғағын табиғи күндізгі уақытпен үйлестіруге мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, әлемнің 195 елінің 117-сі стандартты уақыт белдеуін таңдаған.
Премьер-министр Олжас Бектенов министрдің дәлелдерін қолдай отырып, уақыт белдеуін өзгертудің ғылыми және экономикалық тиімділігіне назар аударды. Ол Сауда және ақпарат министрліктеріне бұл шешім туралы халыққа түсінікті және жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Сурет: atr.kz