ЖаңалықтарҚұқық

Әділдік – ізгіліктің іргетасы

Елбасы қатысқан Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінің басты жаңалығы – Судьялық әдеп кодексінің жобасы қабылданды. Судьяларға жүктемелерді төмендету жолы айтылып, олардың алдындағы бүгінгі күннің басты міндеттері белгіленді. Жергілікті соттардың жұмысы сынға алынды. Құқықтық ізгілендірудің маңызы баяндалып, соттардың бизнеске кедергі келтірмеуі талап етілді. Сот жүйесін одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba

Ақпарат құралдарында республика судьяларының VII съезі ашық жағдайда өткені айтылып жатыр. Бұған сот саласына қатысты мәселелердің бүкпесіз ортаға түскені себеп болса керек. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын маңызды жиынға еліміздің әр өңірінде сот саласында қызмет ететін 600-ден астам делегат пен әлемнің 11 елінен сарапшылар, судьялар корпусының өкілдері қатынасты.

Республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда түбегейлі жаңа өзгеріс-терге сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасқанын ерекше атап айтты.  Қоғамда Қазақстан заңнамаларының бұлжымай орындалатынын, ал, соттардың заңдылық пен әділеттіліктің күзетінде тұратынын білулері тиіс екеніне тоқталды. Сонымен қатар, Президент Қазақстан соттарының алдында тұрған негізгі міндеттерді саралап берді.

Судьялардың VII съезіне Атырау облысынан да делегаттар қатынасқан болатын. Бүгін солардың бірқатарының пі-кірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Сіз не дейсіз?

Жауапкершілік жүгі ауыр

Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ, Атырау облыстық сотының төрағасы: 

— Судьялардың VII съезінен үлкен әсер алып отырмыз. Мұнда жүзеге асып жатқан реформаларға айрықша маңыз берілді. Елбасының баяндауынша, осы жұмыстардың басты буыны сот билігі болып саналады. Оны жаңғыртпайынша қалған шараларды  іске асыру  мүмкін емес.

Президент «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында сот жүйесі түбегейлі жаңаруы тиіс» деді. Басталған жаңғыртулар аясында қазірдің өзінде біраз жұмыс атқарылды. Сот жүйесінің көпсатылығы жойылуының нәтижесінде ол оңтайлы, әрі азаматтар үшін мейлінше қолжетімді бола түсті. Сот ісіндегі әуре-сарсаң тудыратын жағдайлар түзетілді, сот төрелігі жедел, әрі ашық бола бастады.

IT-технологиялар негізінде барлық жерде сот барысының бейне және үн жазбасы жасалады. Бұл адамдардың сенімін ұлғайтуда. Атырау облысы бойынша бүгінгі таңда соттардың сот мәжілісі залдары 100 пайыз заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген.

Қазір адамдар заң арқылы қорғануды үйренді. Егер статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, биылғы жылдың он айында облыс соттарына 14884 арыз түсіп, 14309 азаматтық іс өндірісі қозғалған. Оның ішінде 830 іс медиация тәртібі бойынша, 23 іс парситипативтік әдіспен және 357 азаматтық іс тараптардың бітімгершілік келісімге келуіне байланысты өндірістен қысқартылған. Облыс соттарында қаралған азаматтық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайып отыр.

Кодекс –  әдептілік  бастауы

Раиса АҚҚҰЛОВА, Атырау облыстық сотының судьясы:

— Мәртебелі жиында Мемлекет басшысы бізге нақты міндеттерді белгілеп берді. Әсіресе, судьяның статистикалық көрсеткіштермен шектеліп қалмауына, бастысы, заң талаптарын қатаң сақтауы керектігіне ерекше тоқталды. Сот қашан да заңдылықтарға сүйене отырып әділ шешім шығаруы тиіс. Ал, экономикамыздың  қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Осы орайда бизнесмендердің қысымшылық көріп жататынын жасыруға болмайды. Елбасы мұның ескі стереотип екендігін, керісінше, бұл салаға қолдау-көмек қажет екендігін атап айтты. «Біз кемел келешегіміз жолында судьяларды тәрбиелеуіміз қажет, шығарылған сот шешімі әлемдік талаптарға сай болуы керек» деді Елбасы.

Съезд барысында Судьялық әдеп кодексінің жобасы қабылданды. Біз бұл құжатты бір жыл бойы талқыладық. Ол кезде кодекстің отыздан астам бабы болатын, қазірде онда ең негізгі 15 бап қамтылған. Кодекстің бұрынғы жобасында ерлі-зайыптылар судья болып бір облыста жұмыс жасамауы керектігі айтылған еді. Бұл бір жағынан, конституциялық құқыққа нұқсан келтіреді, екінші жағынан айрандай ұйып отырған отбасының бұзылуына әкеп соқтыруы ықтимал. Осыған қатысты айтқан ұсынысымыз аяқсыз қалмады, мәселе оң шешілді. Енді бүгіннен бастап біз Әдеп кодексінің жобасы бойынша жұмыс істейтін боламыз. Судьялар алдағы уақытта да моральдық жағынан тұрақты, әрі жоғары кәсібилікпен өз қызметін жалғастырмақ.

Жаңашылдыққа – тың серпінмен

Айгүл ТӘШЕНОВА,  Атырау қалалық №2 сотының төрайымы:

— Республика судьяларының съезінде Елбасымыз бізбен емен-жарқын жағдайда сұхбаттасты, шынайы тілегін жеткізді. Кезектен тыс өткен осынау шараға мұнайлы өңірден делегат болып қатысу – мен үшін үлкен мәртебе.

Мемлекет басшысы соттың әділ, халыққа жақын болуын үнемі айтып келеді. Бұл ретте біз де заман ағымынан қалмай, қойылған жоғары міндеттерге сай еңбек етуіміз қажет. Съезд кезінде қабылдан-ған жаңа Әдеп кодексінің жобасы да – күнделікті қолданысқа қажеттіліктен туған құжат.

Съезде сот шешімдерінің әділдігі, оның қолжетімділігі сөз болды. Өз сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев судьяларды билердің тәжірибесін ұстануға шақырды. Себебі, тарихымызда Төле би, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер екі ауыз сөзбен дауды тыйып, жауласқандарды ымыраға келтірген. Қазіргі заман басқа дегенмен, керіскендерді келістіру, әділ шешім шығару сот үшін міндеттің бастысы болып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының айтқан ескертпелерін әріптестерім естен шығармауы керек деп білемін. Сот саласындағы реформалардың нәтижесінде бүгін оған кездейсоқ адамдар келе алмайды. Адам тағдырын таразылаған жандардың жауапкершілігі артты. Біз болашақта оған ерекше ден қойып, жаңашыл бастамалармен жұмыс істейтін боламыз.

Азамат Базарбаев

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button