
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді.
Сапар аясында ол өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысып, бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Атап айтқанда, делегация «Атырау Жылу Электр Орталығы» АҚ-на барып, жылу қондырғыларын жөндеу барысын көрді. Сондай-ақ «Атырау облысы Су Арнасы» кәсіпорны мен оның диспетчерлік пунктінің қызметімен танысып, қысқы кезеңде су және кәріз жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар «Самал» 110/10 кВт қосалқы станциясының құрылысы, ұзындығы 66 шақырым болатын электр желілерінің құрылыс нысанының дайындығы тексерілді.

«Басты мақсат – өңір тұрғындарын қысқы уақытта тұрақты әрі сапалы жылумен, электр энергиясымен және ауыз сумен қамтамасыз ету. Сондықтан әрбір атқарылып жатқан жұмыс уақтылы әрі жоғары сапада орындалуы тиіс», – деді ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов жылыту маусымының дайындық жұмыстарына оң баға беріп, барлық шаралардың уақтылы және сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – өңір тұрғындарын қысқы уақытта тұрақты әрі сапалы жылумен, электр энергиясымен және ауыз сумен қамтамасыз ету.