Саяси бәсекелестікті арттырады

img 20210110 wa0180 Саясат

№30 сайлау учаскесі орналасқан №10 С.Мұқанов атындағы орта мектеп ғимаратының аумағына енгеннен-ақ, мерекелік көңіл күйдің лебін сезіндік. Әдемі әуен мен келушілердің легі саяси доданың сәнін аша түскендей.

Мұнда да барлық санитарлық талаптар толық сақталып, дауыс берушілердің ара қашықтықты сақтауы қатаң бақылауға алынған. Байқаушылар мен сенімді өкілдердің ПТР-тесттің  теріс  нәтижесімен ғана кіруі қадағаланып отыр.  Дауыс беру кезеңін жергілікті байқаушылар бақылауда. Олардың карантиндік шараларды сақтауына ерекше маңыз берілген.

–Сағат 7-ден бері сайлау учаскесіндемін. Барлығы заң аясында, талаптарға сай өтуде, ешқандай заңбұзушылық  орын алған жоқ, – деді Атырау облысы кәсіподақ ұйымының байқаушысы Жанаргүл Тілешова.

Дауыс берушілердің ортасында екі бөбегін жетектеп, елінің ертеңі үшін өз таңдауын жасауға келген жас отбасылар ерекше назарымызды аударды.

–Бүгінгі сайлау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өткізіліп отырған, еліміз үшін өте маңызды тарихи таңдау жасайтын сәт. Бүгінгі сайлауда еліміздің әрбір азаматы өз таңдауын жасау арқылы өздерінің жарқын болашағын айқындайтын болады.

Мен 18 жасымнан бастап Қазақстан Республикасы егемендік алған кезден ұйымдастырылған барлық сайлауларда сайлау комиссиясының мүшесі және сайлау учаскесінің төрайымы ретінде қатысып, сайлаудың заң талаптарына сәйкес орындалуына атсалысқан болатынмын. Сол саяси науқандардың ішінде бүгінгі күні өткізіліп отырған сайлау ерекше. Себебі, тұңғыш рет Қазақстанның парламенттік сайлау тарихында әйелдер мен жастар үшін 30 % квота қарастырылды. Парламенттік тәжірибемізде алғаш рет орын алып отырған мұндай мүмкіндік ел болашағаның тағдырын шешерде оң өзгерістерге әкелетініне сенемін.

Сонымен қатар, бүгінгі сайлауға 5 бірдей партияның қатысуы, сайлаушыларға таңдауға мүмкіндігінің мол болуына себепкер болып, партиялар арасындағы саяси бәсекелестікті арттырып отыр. Партия кандидаттарының жүргізген насихат жұмыстары кезінде әр саяси күштің сайлауалды бағдарламаларымен жіті таныстым. Мен тұрақтылық пен бейбітшілікті таңдап, өз таңдауымды жасадым., – деді мәдениет саласының үздігі Рашида Харипова.

№30 сайлау  учаскесінде дәстүр бойынша сағат 7:00-де Қазақстан Республикасының әнұранымен салтанатты түрде ашылып, Аманшин көшесі, 72 үйдің тұрғыны Айгүл Әліпқалиева  алғашқы болып дауыс берді.

Сайлау учаскесінің төрағасы Руслан Бердіғалиевтің  айтуынша, сайлау учаскесінде дауыс беруге  2261 адам тіркелсе, сағат 13:00-дегі ақпарат бойынша 222 адам өз таңдауын жасап үлгерді.

Салтанат Ақтәжиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз