Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстан халықаралық аренада несімен есте қалды?

2024 жылы еліміз халықаралық аренада бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты, бұл елдің жаһандық беделін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Kazinform агенттігі өткен 2024 жылды қорытындылау дәстүрін жалғастырады және еліміз қатысқан маңызды халықаралық іс-шараларға шолу ұсынады.

Еліміз 6 ұйымға төрағалық етті

2024 жылы еліміз халықаралық алты ұйымға төрағалық етті. Ешқашан еліміз бір жылда мұнша ұйымға төрағалық етпеген. Атап айтқанда, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі мемлекеттері ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қоры, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына төраға болды.

Қазақстанның төрағалығы аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымында Экология жылы басталды. Жоба аясында экологиялық ұйымдар Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне, Дүниежүзілік су күніне, Халықаралық биологиялық әртүрлілік күніне және Дүниежүзілік орман күніне арналған іс-шараларды өткізді. Биылғы шілде айында алғаш рет ШЫҰ саммиті «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында Астанада өтті.

Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық аясында Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі басталды, Орталық Азиядағы су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есептейтін, басқаратын және өзара бөлетін автоматтандырылған жүйе енгізуге баса назар аударылды.

ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында Қазақстан мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға, БҰҰ-мен және оның құрылымдарымен арадағы ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынды.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстан азық-түлік жүйесін, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және азық-түлік өнімдерін жеткізудің жаңа бағыттарын қалыптастыруға, инвестициялық ынтымақтастық және гуманитарлық бағдарламаларға ерекше назар аудара отырып, ұйым қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмысын жалғастырды.

Түркі бірлігін насихаттау мақсатында еліміздің ТМҰ-ға төрағалығы «Түркі дәуірі!» немесе «Turktime!» ұранымен өтті. Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстан Президентінің Түркі инвестициялық қорын құру идеясын қолдап, жарна құюға келісті.

Қазақстан «орта держава» атанды

Биылғы ақпан айында Германияның беделді ғылыми-сараптамалық орталығы – «Ғылым және саясат қоры» «Орта державалар – халықаралық саясаттағы маңызды факторлар» атты көлемді мақалалар жинағын шығарды. Онда Қазақстан алғаш рет орта державалар қатарына енді.

Әдетте «орта державалар» ұғымы әлемдік саяси және экономикалық аренада маңызды рөл атқаратын мемлекеттерді білдіреді. Түркия, Израиль және Үндістан елдері кіретін «Ғылым және саясат қорының» орта державалар тізіміне Қазақстан алғаш рет енді. Бұл ұйымның Германия үкіметімен және парламентімен әріптестігін ескере отырып, Еуропалық одақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда Қазақстанға көбірек назар аударуда деп болжауға болады.

Қор мамандарының пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында өзінің сыртқы саясатымен ерекшеленеді. Бұл оны аймақтағы негізгі ойыншыға айналдырады. Сондай-ақ, зерттеушілер Украина шиеленісі Қазақстанға әртараптандыру тұрғысынан жаңа серпін берді деп есептейді. Бұған салынып жатқан жаңа көлік бағыттары, жаңартылатын энергия көздері мен қайта өңдеу өнеркәсібі секторына инвестициялар тарту жөніндегі ақпараттық науқан дәлел бола алады.

Сарапшылар Қазақстанның әртараптандыруға ұмтылысында Қытайдың «Жібек жолына» ғана емес, ЕО-ның «Жаһандық қақпа» стратегиясына да сүйенетінінде қызығушылық танытуда. Осыған байланысты Қазақстан «Шығыс пен Батыс арасындағы көпір» ретінде өзінің географиялық және тарихи рөлін нығайта түседі.

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы өтті

2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып, аспан асты елінің ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтті. Қытайдан кем дегенде жарты миллион турист келіп, 300 миллион АҚШ доллары көлеміндегі туристік қызметтерді экспорттау межеленді.

Жыл бойы Қазақстанның туристік қызметі мен өнімдері ITB China, ITE Hong Kong, COTTM және China International Medical Tourism Fair сияқты төрт туристік көрмеде насихатталды. Көрмелерге қатысу Қазақстанға Қытайдың жетекші туроператорларымен 50-ден астам жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінде олардың кейбірі Қазақстанды өз каталогтарына енгізді.

Әсіресе Алматы қаласы – қытайлық туристер үшін Қазақстандағы ең танымал туристік аймақ атанды. Қытайдың Шанхай, Гонконг, Сиань және астанасы Бейжіңде туризм күндерін өткізді. Сонымен қатар заманауи Астана-Бейжің қаласындағы роуд-шоу аясында іскерлік және медициналық туризмді жаңа бағыт ретінде дамыту ұсынылды.

Сондай-ақ, Қазақстанды туристік бағыт ретінде тиімді ілгерілету үшін Астана, Пекин, Алматы, Үрімші және Гонконг қаласында 300-ден астам екіжақты кездесулер өтті. Бейжіңде «Наурызфест» этнофестивалі ұйымдастырылып, қазақ халқының бай мәдениетін көрсетті, ал Үрімші қаласында гастрофестиваль өткізілді.

Қазақстанға келетін қытайлықтардың саны өсті. Kazakh Tourism ұлттық компаниясының сандарын сөйлетсек, биыл 11 айда 605 мыңнан астам аспан асты елінің тұрғыны бізге келген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 65%-ға артық, яғни Қытай азаматтарының біздің мәдени және табиғи мұрамызға деген қызығушылығы артып келеді.

Ал 2025 жыл ресми түрде Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланды. Бұл екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетеді және ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың жаңа мүмкіндігі.

Қазақ әскері БҰҰ бітімгершілік миссияларында

Қазақстан – ТМД елдері ішінде БҰҰ миссиясына дербес мандат алған бірден бір мемлекет және БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысу көкжиегін үнемі кеңейтіп келеді. Еліміз әскери қызметшілерді Непалдағы, Кот-д ‘ Ивуардағы және Малидегі БҰҰ миссияларына жіберді. Қазіргі уақытта біздің бітімгерлер Ливанда, Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында және Конго Демократиялық Республикасындағы миссияларда қызмет етеді.

Жыл басында Парламент БҰҰ миссияларына қатысу үшін ҚР Қарулы Күштерінің бітімгерлік контингентін жіберу туралы Президент ұсынысын мақұлдады. Оған сәйкес, наурыз айында алғаш рет қазақстандық контингент: 139 әскери қызметші, 26 қару-жарақ пен әскери техника БҰҰ миссияларына қатысу үшін Голан жоталарына жіберілді. Қазақстанның әскери ротасы онда 1 жыл қызмет етеді. Бұл тарихи қадам еліміздің ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті сақтауға деген ұмтылысын көрсетті.

Қазір қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жоталарындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Қажет болған жағдайда миссия қолбасшылығының ұсынысымен БҰҰ басшылығы эвакуациялау мәселесін қарайды.

Жалпы Қарулы күштеріміздің 400-ден астам әскери қызметшісін түрлі өңірге жіберу жоспарланған. Ал соңғы 20 жылда 600-ден астам қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына барды. Толығырақ Kazinform сарапшысының материалынан оқуға болады.

Қазақстан қай елдерге гуманитарлық көмек көрсетті?

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі болғандықтан, басына қиын іс түскен мемлекеттерге қолдан келген көмегін аяп көрген емес. Оған кейінгі жылдың ішінде ғана жан-жаққа жөнелтілген гуманитарлық жүктер дәлел. Гуманитарлық көмектің басым бөлігі Орталық Азиядағы іргелес елдерге көрсетіліп келеді.

Наурыз айында Тәжікстанда маңызды энергетикалық нысандарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2 миллиард 542 миллион теңге (5,65 миллион доллар) көлемінде гуманитарлық көмек көрсету шешімі қабылданды және 15 мың тонна мазут жіберілді. Гуманитарлық жүктерді жеткізу KazAID халықаралық даму жөніндегі Қазақстан агенттігінің көмегімен жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, Қырғызстанға Бішкек ЖЭО-дағы апатты жою бойынша қолдау көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен дизель отыны түрінде 2 000 тонна гуманитарлық жүк жіберілді.

Ал шілде айында Қазақстан Қырғызстандағы селден зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізді. 14 шілдеде Ош қаласы мен Ош облысында жойқын сел болып, салдарынан 5 адам қаза тапты. Мады, Датка және Баш-Булак елді мекендерінде 642 тұрғын үй, төрт мектеп, балабақша, екі аурухана, мұражай және медициналық пункт су астында қалды. Ошта 146 тұрғын үй мен балабақша зардап шекті.

Айта кетейік, еліміз 2023-2025 жылдары Ауғанстан, Тәжікстан мен Қырғызстанға 310 млрд тонна гуманитарлық көмек көрсету жөнінде қаулы шығарған.

Халықаралық дау-дамайлар

Бұған дейін ҚР Әділет министрлігі Қазақстанның құзырлы органдары халықаралық аренада қандай ұйымдармен соттасып жатқанын баяндаған еді. Қазіргі таңда Әділет министрлігінің қарамағында 21 іс бар. Оның ішінде «Big Sky Energy Corporation», «World Wide Minerals», «Alhambra», «Alhambra II», «Victoria Oil&Gas», «Gold Pool», «Е. Белавин Қазақстанға қарсы», «As Windoor», «Қашаған бойынша салық дауы», «Stati», «Todini-3», «Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті F&A Road Construction (Фермак) Қазақстанға қарсы», «Титан» Қазақстанға қарсы» атты 13 іс халықаралық төрелікте.

Тағы 6 іс шетелдік соттарда қаралып жатыр, олар: «АҚШ-тағы азаматтық іс (Ф.Сатер)», «Madima s.r.l.», «Е. Амирханов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарсы», «Л.Храпунова», «Риал-Пром Груп», «Aktau Petrol»).

Олардың арасында 7 дау аяқталу сатысында тұр немесе аяқталған. Сондай-ақ 2 іс сотқа дейінгі талқылауда жатыр.

Сондай-ақ, Әділет министрлігі Стати ісі төңірегіндегі көпжылдық дау Қазақстан тарабы үшін сәтті реттелгенін хабарлады. Қазақстан Үкіметі, ҚР Ұлттық Банкі және Стати тараптары, Tristan Oil жетекші кредиторларының қолдауымен және келісімімен, Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзақ мерзімді дауды реттеу процесін аяқтады. Қазақстанның Ұлттық қорына 80 млн доллар қайтарылды.

Олимпиада ойындарында 43-орын

Төрт жылда бір келетін дүбірлі дода – Олимпиада ойындары биыл Франция астанасында өтті. Осылайша, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте 43-орынға тұрақтады. Оған дейінгі Токио Олимпиадасында еліміз 83-орынға дейін құлдыраған еді.

Олимпиаданың алғашқы күні-ақ дзюдодан 60 келі салмақта Елдос Сметов алтын жүлде әкелді. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы дзюдо спортынан Олимпиада алтынын алып көрмеген еді. Бірақ Рио Олимпиадасында күміс еншілеген, Токиода қола алған Елдос Париж төрінде алтынға қол жеткізді.

Өзге спортшыларымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алған жоқ. Ал күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыраев және бокстан 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралдай жеңіп алды.

Қола медальдарды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев және әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай жеңіп алды.

Көшпенділер ойынының ауқымы артты

Қыркүйек айында Қазақстан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізді. Онда 90-ға жуық мемлекеттен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпенді халықтардың төл спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Доданың ашылу салтанатын отандық телеарналардан бөлек, әлемнің 19 телеарнасы көрсетті. Көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынды.

Алты күндік аламанда ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы бетінен келген Канада мен Мексика өкілдері де бар.

Биылғы 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына жаңа спорт түрлері ретінде Powerful Nomad Алыптар сайысы және бірнеше дәстүрлі интеллектуалдық ойындар қосылды. Алыптар сайысында 1 елден 1 ғана спортшы қатыса алды. Жаңадан қосылған спорт түрлері арасында «Мангала» және «Овари» болды. Бұл дәстүрлі ойындар көшпенді халықтардың мәдени мұрасымен байланысты.

Төл күресімізден өткен жарыста әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынады. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа палуандары да бар. Атап айтқанда, Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланды спортшылары жүлдеге қол жеткізді. Ең көп көрермен көкпар мен көкбөрі жарыстарына келді. «Қазанат» ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 10 мыңнан жанкүйер тамашалады. Биылғы Көшпенділер ойыны жоғары дәрежеде өткенін шетелдіктер де мойындап, бұл жарыстың ауқымын арттыра беру керегін ұсынды.

Бұған дейін ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен табыстар туралы баяндаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.

Сондай-ақ, Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button