ЕМІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ ШИПА

...Гүлжамалдың дәрігер болсам деген балаң арманы сонау мектеп қабырғасында жүргенде басталған. Миялы селосында орта мектебін үздік аяқтаған ол 1966 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі бөліміне оқуға түседі. Гүлжамал осындағы алты жылғы студенттік кезеңінде жүрек қалаған дәрігерлік мамандықты алып шығады. Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы жас маманды жылы шыраймен қабылдап, ағалық ақыл-кеңесін айтып, №2 қалалық емханаға дәрігер етіп жібереді. Емдеу орнының бас дәрігері, Ленин орденді Әбдірахман Тоқсанбаев Гүлжамалға зор сенім артып, оған учаскелік дәрігер қызметін жүктеді.

Жас маман уақытпен санаспай, шақырулармен үй-үйлерді аралап, науқастарды қараса, кешкілікте ауруханада кезекшілікте болады. Палатада әр науқастың қасында болып, қызуын өлшеп, сырқатына қарай емін жасайды. Ойлап отырса, бүгінде учаскелік терапевт дәрігер ретінде үлкенге де, кішіге де жүрек жылуын шашып, жанына дауа, тәніне шипа боларлық сөзімен де емдеп жүргеніне қырық үш жылдың жүзі болыпты. Бүгінде Гүлжамал Жәкенқызы зейнет жасынан асса да дәрігерлік қызметінен қол үзген жоқ. Ол білікті, тәлімгер ретінде жас мамандарға тәжірибесін үйретуден еш жалыққан емес.

 Денсаулық саласындағы ұзақ жылғы еңбегі де лайықты бағасын алып келеді. Жоғары санатты дәрігер қала әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының әлденеше рет Мақтау грамоталарын, Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, басқа да марапаттары бір басында жетерлік. Былтырғы жылы «Алтын жүректі дәрігер» құрметті атағын иеленсе, республикалық «Үздік дәрігер» байқауында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ең тәжірибелі ардагері атанды. Содан да оны әріптестері орынды мақтаныш етсе, ал емделушілерінің оған айтар алғыс-тілектері көл-көсір.

– Бекмұхамбетова Гүлжамал, дейді емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Табылдықызы, – біздер үлгі тұтып, мақтаныш етер қасиеттері оның еңбекқорлығы. Ұжымда табан аудармай ұзақ жыл учаскелік дәрігер болып еңбек еткен кезеңінде талай жанның сырқатынан айығып, қатарға қосылуына шипасын тигізді. Яғни, дәрігерлік мамандығын жанындай сүйген ақ жүректі жан. Ол еңбекте ғана емес, отбасында да береке-бірлікке ұйытқы болып, шаңырақтағы шаттықтың шалқуына отанасы ретінде қосып отырған еңбегі де өлшеусіз.

Гүлжамал бүгінгідей мереке күні өз әріптестерінің есімдерін құрметпен атап, құттықтауды жөн көреді. Яғни, бас дәрігердің орынбасары Анар Әбдірахманова, салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің дәрігері Елена Дауытова, эндокринолог Татьяна Югай, УДЗ меңгерушісі Бибігүл Молдабекова, дәрігерлер Маржан Қылауова, Дамила Жақсылықова, отбасылық дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Жанат Сайлыбаева, лор-дәрігер Татьяна Бимағанова, мейірбикелер Рыс Төлешева, Гүлбаршын Сабырова сынды әріптестерімен бір салада еңбек етіп жүргеніне өзін бақытты санайды.

Жүсіп Баласағұн бабамыз бірде былай деген екен: «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөзі». Бабамыздың осы сөзі сандаған науқастарды шипалы емі, жылы сөзімен емдеуші Гүлжамал Бекмұхамбетованың бүгінгі адами болмысына байланысты айтылғандай.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Суретте: дәрігер Гүлжамал Бекмұхамбетова. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз