Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанармай нарығындағы жағдайдың себебі мен салдарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Энергетика министрі атап өткендей, өткен жылы дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш – 5,2 млн. тоннаға жетсек те, қазіргі жағдайда еліміздің бірқатар өңірлерінде дизель тапшылығы бар. 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болдық» деді ол.
Айтуынша, Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі бағадағы диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында.
«Бағадағы айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта біз үлкен тапшылықтың куәгері боламыз. Бұдан басқа, экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айрылып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер етеді» дейді министр.
Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз, бұл бір.
Екінші – бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер күтілген нәтиже бермейтіні анық.
Үшінші, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты дамытып, ұлттық экономикаға/мүддеге кері әсерін тигізеді.
Төртінші, жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тарту, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр.