«QAZAQ OIL» КОМПАНИЯСЫ ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ САПАСЫН ТЕКСЕРЕДІ

62546fa4b63e10018d5e07cda616fa1b Жаңалықтар

«Qazaq Оil» компаниясы енді өзінің теңгеріміндегі жанар-жағармай құю стансаларында сатылатын түрлі маркадағы бензин мен дизель отынының сапасына сынама жүргізетін болды. Осылайша, еліміздегі өзге өңірлеріндегі тәрізді атыраулықтар да өздерінің тұтынып жүрген жанар майдың сапалық құрамын тексеруге мүмкіндік алды.     

Мұнайлы астанада «Qazaq Оil»-дың 20-дан астам жанармай құю бекеті бар. Жүргізушілерге сапалы өнім ұсыну үшін стансалардың отын резервуарлары мен бағандары, құбыр жолдары жаңартылған. Енді көлік тізгіндегендердің бензин мен дизельдің құрамына күдік келтірсе, онда комиссиялық сынама алып, тексеруіне мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда сол жерде сынама хаттамасы толтырылып, оның қорытындысы шығарылады. Сөйтіп, кез-келген көлік иесі немесе жүргізуші сапасы жоғары жанармайды тұтынып жүргеніне көз жеткізеді.

            Әсел ӘЛІМХАНОВА, «Qazaq Oil» компаниясының PR-директоры:

            «Біз жанармайдың сапасына кепілдік бере аламыз. Мәселен, АИ-92, 95,98, тіпті дизель отыны болса да. Кез келген тұтынушы стансаларға келіп, сапа сертификатын сұрай алады.»

            Айта кету керек, мұндағы жанар-жағармай құю стансаларына отын Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарынан келеді. Ал оның сапасы ай сайын арнайы зертханада тексеріледі. Онда жанармайдың құрамындағы су, октанның аз-көптігі, сондай-ақ тығыздығы есептеледі. Тұтынушылардың сұранысы бойынша, зертахана мамандары сынама алуды да ұйымдастырады.

            Асылбек ГҰБАЙДУЛЛИН, сынақ зертханасының меңгерушісі:

            «Жанармайдың сапасына шағымданып немесе күмән келтірген  тұтынушымен бірге сынама алып, дәл осы зертханада көзінше сараптап береміз. Бәрін өз көзімен көре алады. Егер оған да сенбесе, бір бөлігін қолына ұстатып жібереміз. Өзге зертханаларға апарып тексертуіне де мүмкіндігі бар.»

            Білгеніміздей, одан бөлек, «Qazaq Оil» компаниясы ұсынатын бензин мен дизель отынына қатысты қандай да бір шағым түссе, СаІІ орталықтың қызметіне жүгінуге болады. Айрықшалап айта кетер жайт, мұнда келушілердің қатары күн санап артып келе жатқан көрінеді.

            Бүгінгі таңда Қазақстанда барлығы 377 «Qazaq Oil» компаниясының барлығы 377 жанармай құю стансасы жұмыс істейді. Оның 24-і Атырауда орналасқан.  Жуырда олардың қатары тағы да стансамен толықпақ. Өйткені, «Меркурий» ЖЖС желісі де бұдан былай «Qazaq Oil» ұсынған өнімді сатумен айналысатын болады. Жоғарыда айтылып кеткен сынама зертханалары осы салаға маманданған «Petro Retail» ЖШС филиалына қарайды.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз